Қала тіршілігі

Астананың мәдениетін айшықтаймыз

Қанат Төкесбай, Астана қаласы мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Алты ай сайын артқа көз салу – әдетіміз. Бұл – ісімізге есеп беру, шаруамызды бір ыңғайлау. Жоспарлы, бағдарлы жұмыстың белгісі. Бас шаһардың мәдениеті мен өнерін жетілдіріп, тынысын кеңейтіп, руханиятын айшықтап отырған мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Төкесбаймен де әңгімеміз соңғы жарты жылдағы атқарған жұмыстары төңірегінде өрбіді. Хош, нәтиже қандай екен?

– Қанат Сапарұлы, мәдениет пен өнер елорданың ауқымды саласы. Ал, оны дамыту мен жетілдіру өздеріңіз басшылық ететін басқармаға жүктелген. Алдымен, жоспарлы бағыттарыңыз жөнінде әңгімелесеңіз.

– Иә, қаланың мәдениеті мен өнерін, руханиятын жетілдіру, жаңғырту, дамыту үлкен жауапкершілікті қажет ететіні рас. Біз мұнда негізінен үш стратегиялық бағытты қолға алғанбыз: тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, мәдениет пен өнердегі бәсекелестіктің өсуін қамтамасыз ету және елорда тұрғындары мен қонақтарының мәдени өмірін байыту.

– Енді тарқатып айтсақ…

– Бірінші стратегиялық бағыт аясында қаладағы 35 тарихи және мәдени нысанның барлығы да жаңа үлгіге келтірілді. 12 археологиялық ескерткіштің қорғау міндеттемелері жаңа үлгіде бекітілді. Аталған 47 тарихи, мәдени және археологиялық ескерткіштерге жаңа үлгідегі қорғау тақтайшалары орнатылды. Осыған бюджеттен 3503 мың теңге бөлінді. Жуырда ғана, 21 маусым күні қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан сақшылардың құрметіне монумент ашылды. Елордадағы мұражайлардың жәдігерлерін жаңғырту, қалпына келтіру жұмыстары да жалғасын табуда. Айталық, «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешеніндегі 442 нобайды жаңаладық.

– Екінші стратегиялық бағыттарыңыздың аясындағы жұмыстар да қызықтырады оқырманды.

– Біз бұл жолда астаналық мәдениет пен өнер салаларының қызметтерін жақсартуға ықпал еттік. Жәй ғана сандарға жүгінсек, Мемлекеттік филармония әртістері өткен алты айда 196 концерттік  шара өткізіп үлгерді, оның 30-ы гастролдік концерт (8-і шетелде).

Жыл басынан бері Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының ұжымы өз өнерсүйер қауымына екі қойылымын таныстырды: алғашқысы – режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Күн сәулесі түспеген» спектаклі, екіншісі – мамырдың соңын ала ұсынылған жас режиссер Сайлау Қамиевтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасы. Қос қойылым да көрерменінен жоғары бағасын алды.

Жастар театрында да екі қойылымның премьерасы өтті: Сұлтан Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» мен «Көк пен Жердің арасы». Жыл басында «Наз» мемлекеттік би театры қойған «Мың бір түн» хореографиялық спектаклі, талайды тамсандырған Көңілді тапқырлар театрының Халықаралық әйелдер күніне орай қойған эстрадалық миниатюрасы көптің есінен шыға қойған жоқ әлі. Максим Горький атындағы академиялық Орыс драма театрында үш қойылымның тұсауы кесілді. Айталық, Иштван Эркеннің «Тот, майор и другие» спектаклі, өзіміздің Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесі бойынша қойылған «Соңғы қатысу» драмасы, содан кейін Астана күні қарсаңында шымылдығын түрген «Дикарь» испан мелодрамасы. Қойылымдар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Оларға белгілі ел ағалары, бірқатар шенеуніктер, Ресей, Беларусь, Украина, Польша, Венгрия, Литва, Эстония, Чехия, Франция, Италия, Израиль және басқа да елдердің өкілдері және театр сыншылары келіп, оң пікірлерін берген.

Айта кетерлігі, арнаулы шығармашылық кеңестің жұмысында жоғарыдағы өнер ұжымдарының барлық қойылымдары, репертуарлық саясат мәселелері қаралады, декорацияның эскиздері мен спектакльдердің костюмдері және басқа да шығармашылық мәселелер талқыланады. Театрларды жалпы сөйлетсек, соңғы жартыжылдықта 563 спектакль, 9 театрлық қойылым қойылды, көрермендер саны – 107 837 адам.

– Қанат Сапарұлы, әртістеріміздің қабілеті, таланты, дарыны дау тудыра қоймас. Десе де, өзге елдердің өнер ордаларында бағын сынаған, мереймізді асырған мақтаныштарымыз бар ма?

– Әлбетте, елордалық өнер қайраткерлері Астанамыздың мәдени имиджін көтеруде, абыройымызды аспандатуда аянып жатқан жоқ. Мәселен, «ТҮРКСОЙ» халықаралық фестивалі шеңберінде «Шалқыма» халық би ансамблі Түркияның Стамбұл, Бурс, Маниса, Дениз, Балшекер, Адана қалаларында концертін берсе, мамырда Анкарада өткен жастар және спорт мерекесіне қатысты. Біздің көркемөнерпаздардың қатысуымен Париждегі ЮНЕСКО залында іргелі шара өтті. Түрлі байрақты байқаулардан оза шауып жүрген өрендеріміз қаншама!

Әсем Астанамыз да шетел өнер қайраткерлерінің ән-жырынан кенде емес. Ресей халық әртісі Денис Мацуевтің қолдауымен «Astana Piano Passion» бірінші халықаралық байқауы, Леонид Агутин, Анжелика Варум және «Эсперанто» тобының концерті, Грузия әртістерінің «Сухишвили» кеші, «Конгресс-холдағы» Орталық Азия жәрмеңкесі, Сергей Безруковтың «Сирано де Бержерак» спектаклі… Бұл тізімді де жалғастыра беруге болады.

– Жарайды, үшінші стратегиялық бағыттарыңыз жөнінде әңгімелесеңіз.

– Келесі стратегиялық бағытымыз – елорда тұрғындары мен қонақтарының мәдени өмірін байыту мақсатында да атқарылған шаруа аз емес, көңіл көншітерлік. Біршамасын тарқатып айтайын, қарағандылық суретші А.Кишкарев «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің аумағында орналасқан күзет мұнарасына тұтқын әйелдерді күндіз-түні күзеткен күзетші мен шынжырлы қабаған ит мүсінін әкеліп орнатты. Сонымен қатар, осындағы тергеуші бөлмесінде жауап алып отырған НКВД қызметкерін, аяғы еденге тимей, биік орындықта отырған, қолдары суықтан үсіп кеткен тұтқын әйелдің және барак ішінде жұмыстан шаршап, шалдыққан тұтқын әйелдің мүсіндерін қойды. Айтпақшы, мұражайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбектеріне арналған «Алаш» залында «Еңбегіне қарай – құрмет!» атты көрме ұйымдастырылды. «Ақмола облысы» тақырыбында өткен көрменің де маңыздылығы зор. Онда ғасырлар тоғысында, қазақ халқы жаңа заманға бет бұрған тағдырлы кезеңде жүзеге асырылған Астананың ауысуы ел өміріне тың серпіліс әкелгені қамтылады.

Мемориалды мұражай кешені биылғы Астана күніне орай «АЛЖИР» журналының №1 санын жарыққа шығарды. Журналға мұражайдың ғылыми-зерттеу мақалалары, куәгерлер мен олардың ұрпақтарының естеліктері енгізілді. Мұндай игі шаралар елордадағы барлық мұражайларда орын алуда.

– Руханиятымыздың ордасы – кітапханалар әңгімемізден тыс қалып барады ғой…

– Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 23 кітапхана қарайды. Оның 16-і көпшілік кітапхана, 6-уы балалар кітапханасы және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана бар. Қай-қайсының да кітап қоры бай. Барлық оқу залдарында ел өмiрiндегi, қаладағы маңызды оқиғаларды қамтитын «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Тұлғалар мен құжаттар тарихы» атты көрмелер жұмыс iстейдi. Кiтапханалардың мамандары мұндағы құжаттар негізінде оқырмандар арасында түсiндiрме жұмыстарын жүргізеді.

– Сөз соңында алдағы уақытта атқарылатын біршама шаруалармен таныстырсаңыз.

– Алдағы уақытта атқаратын шаруа аз емес. Тарихи және мәдени мұраларды сақтау мақсатында жасыл мешітті қалпына келтірмекпіз. Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс театрына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

«EXPO – 2017» халықаралық көрмесіне де үлесімізді қосу ойымызда бар, елорданың келбетін айшықтау, мәдениеті мен өнерін насихаттау жұмыстары жалғаса береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

* Аз-кем анықтама

* * *

Қазіргі заманғы өнер мұражайы соңғы жарты жылда елорда тұрғындары мен қонақтарына 422 экскурсия, 57 дәріс және осынша көрме ұсынды. Мұнда 44073 адам із салып, тамашалаған.

Сәкен Сейфуллин мұражайында 246 экскурсия, 14 көрме өтіп, оған 8 392 адам қатысты.

* * *

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені 196 экскурсия, 3 дәріс өткізіп, екі мыңнан аса адамға қызмет көрсеткен. «АЛЖИР» мұражайында 373 экскурсия, 15 көрме өткен, оларды он екі мыңға жуық көрермен тамашалаған.

* * *

Мемлекеттік филармония әртістері өткен алты айда 196 концерттік  шара өткізіп үлгерді, оның 30-ы гастрольдік концерт (8-і шетелде).

* * *

Соңғы жартыжылдықта театрларда 525 спектакль, 10 театрлық қойылым қойылды, көрермендер саны – 124 144 адам.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button