Астананың мәдени күндері өтті
Эстония және Финляндия елдерінде Қазақстан Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Астана қаласының мәдени күндері өтті. Таллин және Хельсинки қалаларында ұйымдастырылған концерттерге Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдары мен солистері, Франциядан жерлестерін қолдауға арнайы келген әйгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиев қатысты.
Концерттік бағдарлама «Ұлы дала дауысы» атауын иеленді. Қазақстандық әртістер Эстония Музыка және театр академиясының концерт залында өнер көрсетті. Концертті Марат Бисенғалиев ашып, британ композиторы, романтикалық бағыттағы музыка өкілі Эдвард Элгар мен қазақтың классик композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармаларын орындады. «Қорқыт» этно-ансамблі Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі мен ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің Аманат», «Көк түріктер» атты авторлық шығармаларын төкпелетті.
Кештің сәнін астаналық филармонияның солистері келтірді. Атап айтқанда, халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Смаилова «Көзіңнің мөлдірін-ай», Нұрайым Ерталапқызы «Беу, Айдай» әндерін әуелетті. Ал халықаралық байқаулардың лауреаттары Фируза Рахметова, Нұрсәт Алмас, Шахризада Тыныштық және Алтынбек Арыстанбектің орындауындағы опералық шығармалар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Хельсинкидің «Musiikkitalo» концерт залында ұйымдастырылған концертте опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сүндет Байғожин Абайдың «Айттым сәлем, калам қас» әнімен жиналғандарды тербетті. Әншіні рояльмен белгілі композитор Ринат Ғайсин сүйемелдеді. Қазақтың әндері мен күйлерімен қатар өзге тілдегі туындылар да орындалды. Соның ішінде «Қорқыт» этно-ансамблі әйгілі фин әуені «Levan Polkka» шығармасымен жиналғандарды тәнті етті.
Бұл концерттер Астана қаласы мәслихаты депутаттарының Эстония және Финляндияға ресми сапарына сәйкес келді.
«Музыка тілі – ұлтына қарамастан бәріне түсінікті тіл. Ал мәдени көпір елдер арасындағы ең берік байланыс орнатудың жолы. Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен Астана қаласының мәдени күндері өнердің халықтарды жақындастыра алатынының жарқын үлгісіне айналды. «The Voice of the Great Steppe» концерттік бағдарламасы достықты бейнелеп, Қазақстан мен Финляндия арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болды» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Аманғали Қалжанов