Басты ақпаратҚала мен сала

Астананың өмірінде не өзгереді?

Мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскелері аукцион арқылы сатылады. Тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтіледі. Қалалық инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеу­лі азаматтарға бейімделеді. Астананың «жасыл белдеуін» қорғау заңнамалық деңгейде бекітіледі. Айыппұл тұрақтарының жұмыс істеу мәселелерін реттеу бойынша қағидаларды бекітуді облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттарының құзыретіне беріледі. Бұдан былай үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады. Енді осы мәселелерді жеке-жеке тарқатып көрейік.

Заңнамалық түзетулерді депутаттарға таныстырған ­Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин заң жобасы Мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту жөніндегі қеңесте берген хаттамалық тапсырмасын және Президент Әкімшілігінің астананы дамыту тәсілдерін республикалық маңызы бар қалаларға тарату тапсырмасын орындау үшін әзірленгенін мәлім етті. Заң жобасы жер қатынастары, сәулет, құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және тағы басқа салалардағы мәселелерді шешуге бағытталып, 1 кодекс пен 6 заңға түзетулер енгізуді көздейді.

Бірыңғай дизайн-код енгізіледі

«Заң жобасының бірінші бағыты бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыруды көздейді. Қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнама арқылы ғана емес, маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлауда. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болуда. Бүгінгі таңда аталған іс-әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген. Осылайша, қалалардың ­сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында заңнамалық өзгерістер дайындалды» деді С.Жұманғарин.

Түзету енгізушілердің пі­кірінше, өзара үйлесімсіз әрі ретсіз орналастырылған сырт­қы (визуалды) жарнамалар, маңдайшалар, көрсеткіштер салдарынан қазіргі уақытта елорда мен басқа да қалалардың әсемдік және сәулеттік келбетіне нұқсан келтіруде. Осыған орай, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда мәслихаттарының құзыретін кеңейтіп, дизайн-кодты бекіту нормасын енгізу ұсынылады. Ал әкімдіктердің құзыретіне тұрақты емес нысандарды орнату және олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу мен бекіту енгізілмек. Түзетулер аясында ашық кеңістікте аудиожарнама таратуға, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарында, велосипед жолдарында, автожолдар мен көшелерде сырт­қы (ви­зуалды) жарнамаларды орналас­тыруға тыйым салынады. Бұл өзгеріс азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Соны­мен қатар аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық ­туралы кодекске (455-бап) енгізу мәселесі пысықталуда.

Жер учаскелері қалай сатылады?

Заң жобасын дайындаушылардың пайымынша, қазіргі уақытта жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушыларға белгілі бір себептермен тиесілі бола алмайтын учаскелерді қайта ресімдеу процедурасы реттелмеген. Сондай-ақ қолданыстағы тетік бойынша жер учаскелерін талапқа сәйкес игермеген бұрынғы иелері еншілес тұлғалар арқылы жерді аукционмен сатып алып, өзінде сақтап қалады, аукционнан келген ақша да сол тұлғаға түседі. Бұдан басқа, Жер кодексіне сәйкес игерілмеген жер учаскесі аукционнан өткізілмеген жағдайда арнайы жер қорына есептеледі және оны одан әрі пайдалану мүмкіндігі жоқ. Осындай мәселелерді шешу үшін Жер кодексіне өзгеріс енгізу арқылы мынадай жаңа нормалар ұсынылады. Егер мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскесі жеке меншікке тиесілі болса, ол аукцион арқылы сатылуы тиіс. Осы ретте бұрынғы меншік иесіне тек жер учаскесін сатып алуға жұмсаған бастап­қы сомасы ғана өтеледі. Егер жер аукционда жоғары бағаға сатылса, қалған сома бюджетке аударылады. Бұл аукционға үлес­тес тұлғалардың қатысуын болдырмауға және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Осылайша, жер телімін мақсатына сай пайдаланбаған меншік иелері жерді сатып алу мен сату арасындағы айырмашылықтан пайда таба алмайды.

«Резеңке пәтерлерге» қалай тосқауыл қоямыз?

Заң жобасының үшінші бағыты көші-қон үдерісін реттеуді көздейді.

«Әлемдегі ірі қалаларда сапалы білім мен медицина, дамыған инфрақұрылым, инновациялар мен технологиялар шоғырланған, бұл өз кезегінде урбандалудың тез жүруіне әсер етеді. Осы құбылыс Қазақстанға да тән. Қазіргі уақытта халық ірі қалаларда өмір сүруге ұмтылуда. Бұл пәтерлерде тұрғындардың санын шектеусіз тіркеу проблемасына алып келді. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелері үйінде нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеу фактісі бар. Астанада бір пәтерге 800 адам тіркелген. 924 мекенжайда нақты тұрмайтын жүздеген азаматты тіркеу фактісі анықталған» деді нақты мысал келтіріп С.Жұманғарин.

Түйткілді мәселені шешу үшін мынадай жаңа нормалар енгізіледі: елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту, яғни мәслихат алдағы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиесілі екенін белгілейді; астана аумағында бір мекенжайда нормативтерден артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің және жұбайының жақын ­туыстарына қолданылмайды. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтіледі.

Инфрақұрылым мен көлік қолжетімді бола ма?

Қазіргі уақытта қалалық инфрақұрылым және қоғамдық көлік нысандары ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін толыққанды бейімделмеген. Бұдан басқа, тұрғын үй секторында, яғни аулаларда көлік құралдарының жылдам қозғалысы және бей-берекет қоршау­ларды, шлагбаумдарды орналастыру проблемасы бар. Осы мәселені шешу мақсатында рес­публикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының құзыретіне қалада қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын бекіту; әкімдік құзыретіне тұрғын үй секторында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді орнату қағидаларын бекіту ұсынылады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл іс-шаралар қалалық инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық көлікті ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолжетімді етуді, сондай-ақ тұрғын үй секторында, аулаларда көлік қозғалысы мәселесін шешуді қамтамасыз етеді.

Заңнамалық деңгейде бекітіледі

Ұлттық экономика министрлігі бастамашы болған түзетулер елорданың «жасыл белдеуі» мәртебесін заңнамалық тұрғыдан анықтауға, оның жерлерін қысқартуға немесе зақымдауға жол бермеуге, оның аумағындағы жасыл желектің сақталуын қамтамасыз етуге және «жасыл белдеуді» басқару ережелерін бекітуге бағытталған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елорданың жасыл аймағының аумағы 15 мың гектарды құрайды, онда 11,5 миллионнан астам ағаш және 2 миллионға жуық бұта өсіп тұр. Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, Астана мәслихатына қаланың санитарлық-қорғау жасыл аймағын басқару ережелерін бекіту және оның аумағындағы қызмет түрлерін шектеу құзыреті беріледі.

Елорда «жасыл белдеуінің» шекарасын өзгерту тек Үкімет деңгейінде әкімдіктің ұсынысы бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ «жасыл белдеу­ді» күтіп-ұстау және дамыту жөніндегі тұрақты мемлекеттік әкімші енгізу, экология­лық жүйелердің жай-күйі мен тұрақтылығына, табиғи ландшафттарға теріс әсер ететін қызмет түрлеріне тыйым салу ұсынылады. «Жасыл белдеу» аумағында мал жаюға, үй жануарларын айдауға, қоқыс жинауға, аң аулауға және басқа да әрекеттерге тыйым салынады.

Автотұрақтар мемлекет меншігіне өтеді

Қазіргі уақытта тәркіленген көлік құралдары арнайы айып­пұл тұрағында сақталады. Алайда оның жұмыс істеу механизмі реттелмеген. Осыған орай, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттарының құзыретіне айыппұл тұрақтарының жұмыс істеу мәселелерін реттеу бойынша қағидаларды бекіту ұсынылады. Сондай-ақ «литерлік» нысандарды тазалау үшін қызметкерлерге қойылатын қауіпсіздіктің жоғары талаптарын ескере отырып, Астана қаласында автокөлік жолдары мен көшелерді тазалау бойынша заңды тұлғаны айқындау ұсынылады.

Мәжіліс залынан тысқары жерде журналистердің сұрақтарына жауап берген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев бұдан былай қалада автотұрақ мәселесімен 100 пайыз мемлекеттік мекеме айналысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, елорда аумағы өсіп бара жатқан соң, тұрақ саны да көбейеді.

«Қаладағы тұрғын үйлер мен саябақ алдындағы ақылы автотұрақтар алынып тастала ма, тасталмай ма, әзірге нақты айта алмаймын. Меніңше, дұрыс деп есептеймін. Қазір ол үй иелері үшін автотұрақ тегін. Үйі барларға өз атына тіркелген көліктерге тұрақ тегін, бірақ үйге келген басқа адамдарға ақылы болады» деп түсіндірді Е.Өтебаев.

Үй сататындар да заңға бағынады

Заң жобасының жетінші бағыты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін реттеуді көздейді.

«Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң аясында бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан кейін осы пәтерді екінші тарап­қа беруге міндетті, яғни екі ғана тарап бар. Алайда іс жүзінде құрылыс салушылар нысанның құрылысын бір компаниямен жүзеге асырады және азаматтарға басқа (үлестес) компания­мен сатады. Осылайша, үшінші тарапты қосу арқылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңмен реттелетін талаптардан жалтару ықтималдылығы туындайды.

Сондықтан заң жобасында осы олқылықты болдыр­майтын норма көзделген. Енді үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады» деп түсіндірді жаңа нормаларды Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика ­министрі.

Заң жобасын әзірлеушілер жоғарыдағы түзетулерді қабылдау қалалардың инфрақұрылымын дамытуға, қоғамдық нысандардың қолжетімділігін арттыруға, халықтың барлық топтары үшін қауіпсіз және жайлы орта құруға ықпал етеді деген пікірде. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button