Басты ақпарат

АСТАНАНЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІ – ЕЛ АЙНАСЫ

Қазақ елінің екі ғасырдың қат-қабат күрделі тоғысындағы тәуелсіздік аясында қол жеткізген аса маңызды құндылықтарының бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың саяси таңдауы, ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында Астананың еліміздің бас қаласына айналып, бүкіл жоғарғы құзырлы билік органдары орналасқан, жалпымемлекеттік, жалпыұлттық тағдырлы саяси шешімдер қабылданатын орталыққа айналуы.

Әрине, елордаға айналған Астанаға осы биік, жаңа, тарихи сапалық мәртебе, сонымен бірге, оған үлкен саяси, рухани, әлеуметтік- экономикалық миссия міндет жүктеді. Қала алдында қоғамдық тіршіліктің барлық салаларында елге үлгі болу жауапкершілігі тұр. Астана мәдениетінің құрамдас, ажырамас бөлігі – оның саяси мәдениеті.Және саяси мәдениет оның жанды, дамушы және белсенді құрамдасы, оның дамуының қозғаушы күші. Астананың саяси мәдениеті деген не? Әрине, ол да елдің жас, өскелең, тіпті қайшылықты, даму, кемелдену үстіндегі саяси мәдениетінің құрамдас бөлімі, оның ұйтқысы, басты қозғаушы күші деуге болады.

Астананың қоғамдық-саяси тіршілігінің, саяси мәдениетінің ерекше маңызы ең алдымен осы қаланың астаналық мәртебесінен туады. «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» 2007 жылғы 21 шілдеде қабылданған Заңда атап көрсетілгендей, Астана – еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен бірге, саяси астанасы.

Яғни, астананың, оның тұрғындарының саяси мәдениеті – елдің саяси мәдениетінің айнасы. Елдің саяси мәдениетіне, саяси ахуалына, саяси қарым-қатынасына, бүкіл азаматтарының саяси таңдауы мен ұстанымына әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады. Елдің саяси өміріне импульс Астанадан беріледі. Елді қозғалысқа келтіреді.

Астанадан қабылданған жақсы, байсалды шешім әлеуметтің еңсесін көтеріп, әлеуметтік оптимизм тудырады. Астананың мәртебесі туралы Заңның жетінші бабында атап көрсетілгендей, жергілікті мемлекеттік басқару органдары Астана қаласының еліміздің саяси және әкімшілік орталығы ретінде өзінің астаналық функцияларын жүзеге асыруы үшін, астананың әлемнің басқа қалалары ішінде бәсекелестік мүмкіндіктерін арттырып, орнықты дамуға негізі бар қала ретінде және халықаралық қатынастар орталығы ретінде дамуына жағдай жасауға міндетті болып табылатындығы анықталған.

Демек, Астананың саяси функцияларын жүзеге асыру қаланың, оның тұрғындарының ерекше саяси мәдениетін қажет етеді. Астана феноменіне бүгінде тарих, заң, геосаясат, саяси география, экономика, аймақтану, әлеуметтану, сәулет өнері және тағы басқа ғылым салалары ден қоюда.

Бұндай ынта мен қызығушылықтың себебі Астанада бүгінгі Қазақстан қоғамындағы қоғамдық қатынастардың тоғысып, жинақталып, сұрыпталып, оларды жүзеге асыруға бағытталған стратегиялық шешімдердің қабылданып, жүзеге асыратын мемлекеттің маңызды, көп қырлы саяси функциясында жатыр.

Саяси мәдениет дегеніміз – ең алдымен белгілі бір қоғамға немесе әлеуметтік қауымдастыққа тән саяси сана мен іс-әрекеттердің ұқсастық жиынтығы. Яғни, билік пен азаматтардың өзара қатынастарына байланысты ережелердің, қағидаттардың белгілі тәртібі мен құндылықтарының жүйесі. Ол ең алдымен, азаматтардың елдегі билік және қоғамдық институттармен қарым-қатынасынан, сайлау жүйесіне қатысынан, сондағы таңдауы мен өз еркін жүзеге асыруы сапасынан көрінеді. Оған бірінші кезекте саяси сананың мәдениеті, адамдардың, топтардың, этнос өкілдерінің, қазіргі кезеңде, әсіресе, жастардың саяси ұстамдылығы мен тәртібі, осы салада жұмыс істейтін саяси ұйымдар мен саясат субъектілері мәдениеті кіреді.

Н.Назарбаевтың «Астана деген адамдар. Астана адамдарымен асқақтайды» деген қанатты сөзі бар. Елорданың осы биік талап-талғам үрдісінен шығуы үшін ең алдымен астана тұрғындарының адамзат, ұлтымыз ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтарды бойына молынан сіңіруі қажет. Астанада оған кең мүмкіндіктер жасалынған. Мәдени-рухани базасы нығаюда. Бұл іске бес театр, ондаған жоғарғы оқу орны, 15 колледж, жүздеген білім мекемелері қызмет етеді.

Біздің пайымдауымызша бұл елордадағы инвестициялық-экономикалықсаясаттың түп нысанасы – алдымен адамға жағдай жасау, адам ресурстарын қолдау деген сөз. Реті келгенде айту керек, мұнымен үндес пікірді Италияның мемлектет қайраткері Д.Аджелио да кезінде айтқан: «Біз Италияны құрдық, біз енді италиялықтарды қалыптастыруға тиіспіз».

Астананың саяси мәдениетінің ерекше құрамдасы ең алдымен осында орналасқан орталық мемлекеттік мекемелерге алаңсыз қызмет жасауға, өздерінің сан салалы, ұйымдық- құқықтық, саяси, басқару функцияларын жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндік жасауында жатыр. Астана қаласы бұл функцияны абыроймен атқаруда. Астана қазірде, қала мәдениетінің, тәртіптіліктің, тазалық пен жинақылықтың, елорда тұрғындары мен оның қонақтары қауіпсіздігінің мінсіз үлгісіндей.

Астана өзінің астаналық саяси-әлеуметтік функцияларын үнемі жетілдіру, толықтыру үстінде. Астананың толысуы, өсуі Қазақстанның кемелденуі мен өсуінің маңызды, дәлелді көрсеткіші. Астана әлеуметтік жаңару жолына сенімді түсті. Астана, оның бүкіл келбет-әлеуеті біздің ХХІ ғасырдағы өркениеттер бәсекесіне қалай енгеніміздің айнасы іспеттес. Бізде, әдетте «Алматы – тәуелсіздік бесігі» деген қанатты сөз бар. Ал, біздің пікірімізше, Астана – тәуелсіздік тірегі, егеменді елдің әлемге жарқырай ашылар мәртебелі есігі, болашақ жеңістеріміз бен асқаралы биіктеріміздің ұйытқысы, ұлттың жасампаздық әлеуеті мен ынтымақ-ырысының шайқалмас тірегі.

Астана – ел, мемлекет болғанымыздың, ұлтымыздың жасампаздық рухы мен әлеуетінің, ерік-жігерінің айшықты, нақты материалдық-заттық дәлелі. Даусыз, мәртебелі де мерейлі дәлелі. Сөз соңында айтарымыз – осыдан он жылдан астам бұрынғы Сарыарқаның дәл ортасына астананы көшіру – ұлт, ел тарихындағы сан заманғы мыңдаған көштердің ішіндегі ең бір ерікті, байсалды да мәртебелі, ұлы, жемісті көш болды. Оның жақсылығы мен игілігін болашақта әлі сан ұрпақ көреді. Осы ұлы мұрат жолында Астанаға өзінің мәртебелі тарихи, тағдырлы көп қырлы миссия-мәдениетін орындауда ләйім табыс-береке тілейміз.

Нәубәт ҚАЛИЕВ,
саясаттану ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button