Астананың тәжірибесін Қарақалпақстан дәрігерлері зерттейді
Елордалық мамандардың АИТВ инфекциясының алдын алу және емдеу бойынша тәжірибесін зерделеу аясында қонақ ретінде Қарақалпақстаннан Республикалық ЖИТС орталығының дәрігерлері келді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Дөңгелек үстел барысында Қарақалпақстан Республикасы ДСМ Республикалық ЖИТС орталығы мен елордалық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.
«Біз қонақтарымыздың елордада АИТВ-инфекциясы бойынша іс-шараны ұйымдастыру және оны зерттеу бойынша қызығушылығын жоғары бағалаймыз. Біздің тәжірибеміз сіздерге АИТВ-инфекциясымен одан әрі күресуге көмектеседі деп үміттенеміз», – деп атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына арналған жолдауында «Адамдар – еліміздің басты құндылығы» деп, ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті.
Мұндай бағыттардың бірі – АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу.
Жыл сайын қала тұрғындарының 25%-дан астамы АИТВ-ға тестілеуден өтеді, соның арқасында аурудың 80%-дан астамы бірінші және екінші кезеңде анықталады, бұл пациенттердің антиретровирустық терапияға қолжетімділігін айтарлықтай арттырады. Бұл туралы қалалық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының директоры Қанат Асқаров «ЮНЭЙДС-тің «95-95-95» көрсеткіштеріне қол жеткізу стратегиясы: АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу» дөңгелек үстелінде хабарлады.
Бұл іс-шара Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған АИТВ-инфекциясының алдын алу айлығы аясында өтті.
Бүгінгі таңда Астанада АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін және өз мәртебесі туралы білетін адамдардың жалпы саны шамамен 2700 адамды құрайды.
Анықталған жағдайлардың 60%-дан астамы 20-39 жас аралығындағы адамдарға тиесілі. Біздің елімізде АИТВ-инфекциясын тегін емдейді.