Жаңалықтар

АСТЫҚТ Ы ӨЛКЕНІҢ АСУЛАРЫ

Кеше Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өзі басшылық ететін өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндап берді.

Ақмола облысы еліміздің ірі агроөнеркәсіптік аймағы саналады. Облыстың және Астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие өңір биыл 5 миллионнан астам астық жинауды жоспарлап отыр.

Төрт түліктің саны да көбеюде. Облыста «2011- 2015 жылдарға арналған етті мал шаруашылығы» бағдарламасы іске асырылуда. 11 мың ірі қара басқа арналған 3 мал бордақылау алаңы, 9 сүт тауарлары фермасы жұмыс істейді. Өңірде асыл тұқымды мал өсіретін 16 шаруашылық бар. Жыл соңына қарай екі асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық пен бір сүт фермасы құрылмақ. Сондай-ақ, әр ауданда мал бордақылау алаңы мен сүт фермалары іске қосылады. 2010 жылдан бері облысқа шетелдерден 12 мыңнан астам  асыл тұқымды етті ірі қара мал басы әкелінді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14 мың бас мал сатып алынды.

Жалпы алғанда, Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру мақсатында 2008 жылдан бері 47,5 млрд теңгеге 75 жобасы атқарылды. Қазіргі таңда жалпы құны 17 млрд теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылуда. Жыл соңына қарай облыс Астана тұрғындарын етпен 46 пайызға, сүт және сүт өнімдерімен 41 пайызға, жұмыртқамен 100 пайызға, картоппен 80 пайызға қамтамасыз етуді көздейді.

Мемлекеттік Индустриялық даму бағдарламасына облыстың жалпы құны 665 млрд теңгені құрайтын 46 жобасы енгізілген. Олардың отыз үші жүзеге асып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында өңірдегі 150 кәсіпорынға 34 млрд теңге көлемінде субсидия берілді.

Сонымен бірге әкім экспортқа шығарылатын өнімдер туралы әңгімелеп, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 16 мың шаршы метр тұрғынжай пайдалануға берілгенін жеткізді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау, спорт, туризм салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, жоспарлармен таныстырды.

Мәдениет, руханият мәселелерін қозғағанда, алдағы қазан айында облыста Абылай ханның 300 жылдығы кең көлемде аталып өтілетінін хабарлады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button