Басты ақпаратҚоғам

Асығыстық жарға жығар

Өткен аптада Астана қаласында қоғамдық көліктің қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда, зардап шегушілер болған жоқ. Дегенмен осы сандардың өзі-ақ миллионнан аса тұрғыны бар алып мегаполистегі жолау­шы автобусының қауіпсіз еместігін анық байқатады.

Темірдей жүйке керек

Рас, бағдардағы автобустар бұған дейін де талай рет көшеде басқа көліктермен соқтығысып қалып жатқанын көзіміз көрді. Бұл енді адам таситын көлік үшін өте қауіпті, алаңдатарлық жағдай екендігі сөзсіз.

Біз осы мәселе жөнінде мәлімет алу үшін Астана қаласындағы №1 автобус паркіне телефон шалдық. Қабылдау бөлмесі диспетчерлік бөлімге, диспетчерлік бөлім аға механикке жұмсап, нақты жауап беретін адам таба алмай дал болдық. Ең соңында бас инженер бізге «барлық сұрағыңызды басшылықтың атына жазып, сұрау салыңыз, сізге он күннің ішінде жауап береді» деді.

Сонымен хош делік, «бағдарлардағы автобустар неге жол жүру ережесін жиі бұзады? Жолаушылардың арыз-шағымы неге азамай отыр?» Біз осы сауалдар төңірегінде сараптама жасап көрдік.

Бас қалада №40 бағдардағы автобус теміржол вокзалынан бастап қаланың қиыр шетіндегі «Кешен» аялдамасына дейін қатынайды. Бір бағытының ұзақтығы – 44 шақырым. Осы екі аралықты 1 сағат, 40 минутта өтіп шығуы керек.

– Бізде кесте деген бар, сол кес­теге сәйкес жүреміз. Жұмыс өте ауыр. Күні бойы неше түрлі адамдар кездеседі. Қасақана жүйкеңе тиіп, ашуыңды қоздыратын адамдар да болады. Мәселен, бір адам маған келіп: «Алматы көшесі, 13-үй мекенжайына қалай баруға болады?» деп сұрады. «Білмеймін, біз ол жерге бармаймыз» десем, қалай баруға болатынын айтыңыз» дейді. «Мен анықтама бюросы емеспін, жүргізушімін» десем, «жексұрын» деп боқтап кетті. Міне, сондайдан кейін қалай жүйкең тозбайды?! Ал бізге үнемі қырағылық керек. Жол бойын қалт жібермей бақылап отырғаның өз алдына, автобус салонының ішін де жіті қадағалап отыруың керек. Оның үстіне аялдамаларда адамдар түсіп-мінгенде қалт етпей қарап отыруымыз керек. Кейбіреулер жүріп бара жатқан автобусқа жүгіретіні бар. Есік жабылып қалды, сонда да есікті ұрғылап, жармасып жатады, – дейді 22 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі жүргізуші Жұмағазы Кенжебек.

Жасыратыны жоқ, қазір автопарктерде қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспейді. Бұл санаттағы адамдарға айрықша талап қойылады. Біріншіден, олардың кем дегенде қоғамдық көлік жүргізген бес жыл еңбек өтілі болуы қажет. Екіншіден, жасы жиырма бес пен елу жас аралығында болғаны дұрыс. Үшіншіден, жүйкесі мықты, он-он екі сағат жұмыс істесе де қыңқ демейтін төзімді азамат болғаны жөн. Міне, осы талаптарға сай келген адамдар ғана автопарктерде қоғамдық көліктің тізгініне отыра алады.

«Талап неге сонша қатал?» деген сауалымызға №19 автобустың жүргізушісі Ермек Жанатұлы былай деп жауап берді:

– Бәрімізде отбасы, бала-шаға бар. Оларды асырау керек. Бізде орташа жалақы – 250 мың теңге шамасында. Сосын валидация жоспары деген бар. Оны орындағандар айына 400 мың теңгеге дейін алып жатады. Кейде қосымша бонус алу үшін жылдамдықты арттырып, адамдарды көбірек отырғызуға ұмтыласың. Мәселен, кесте бойынша бір күнде он рет қатынау керек болатын болса, үстеме ақша алу үшін күніне он бес рет қатынауға тура келеді, – дейді.

Алайда «Астана LRT» мекемесіндегілер бұл пікірмен келіспеді. «Бұл енді жүргізушілердің өз ой-пікірі. Жоспар орындау үшін жол ережесін бұз, жылдамдықты арттыр» деп оларға ешкім де айтпайды. Қайта, керісінше, ешқандай шағымы жоқ, жол-көлік оқиғасын жасамаған, белгіленген кесте бойынша жұмыс шарты мен талабын орындап жүрген жүргізушілерге автопарктерде жоғары жалақы қояды. Ай сайын бір жалақы көлемінде сыйақы беріліп тұрады» деді олар.

Диспетчерлік қадағалау кемшін

Астана қаласында өткен жылы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 87 қоғамдық көлік жүргізуші жазаланса, биыл, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айында, осындай 56 оқиға тіркеліпті. Осылардың барлығында да жүргізушілердің жылдамдықты арттырып, жол ережесін өрескел бұзуы себеп. Тағы бір айта кетерлігі, жыл басынан бері елордада автобус жүргізушілерінің дөрекілігіне, жүріп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесетініне, аялдамаларды уақытында хабарламайтынына, автобус бағдарларының 1-1,5 сағаттап келіп болмайтынына байланысты әкімдікке, қаланың көлік басқармасына, тағы да басқа құзыретті органдарға алпыстың үстінде арыз-шағым түскен.

Көпшілігін тиісті автобус паркі басшылығы жүргізушілер мен шағымданушыны кездестіріп, істі оңтайлы шешкенімен, қоғамдық көлік жүргізушілеріне деген жолаушылардың өкпе-назы азаймай отырғаны көрінеді. Мәселен, осы жылдың 18 қыркүйегі күні №15 автобус бағдары «Министрліктер үйі» аялдамасында «автобустың ортаңғы есігі жабылмай қалды» деп жолаушылардың басқа автобусқа ауысып, мінуін сұраған. Екі жолаушы «неге мен басқа автобусқа ауысуым керек? Жаңа ғана жол жүру ақысын төледім. Оның үстіне барар жеріме асығып тұрмын» деп көліктен шықпай айқай шығарған.

– Жол бойына техникалық жағынан толық жарамды авто­бус­ты шығармай ма? Таңертең ертемен желіге жіберетін көліктерді жан-жақты қарап, бақылаудан өткізбей ме? 1-2 сағаттан кейін техникалық ақау шықты деген қандай желеу? – дейді жолаушы Сәкен Аманқосов.

Парк диспетчеріне хабарлас­тық. «Жолаушылар сығылысып кіріп есікті сындырған» деп жауап берді. Ал шындығында осы желілік диспетчерлер барлығына бақылау жасап отыруы қажет. Ал іс жүзінде тіпті де олай емес. Олар тек электронды билеттендіру жүйесін қадағалаудан әріге бармайтын сияқты. Қай автобус қай жерде кетіп бара жатыр, қай автобус кестеден қалып немесе кестеден озып бара жатыр, олар бір-бірін ескертіп, нақты жолға қойып отыруы керек. Жоқ, бізде бір автобус адамға аузы-мұрнынан шығып толып келе жатады да, осы бағыттағы екінші автобус жартылай бос келе жатады. Сосын ақша табу үшін бір-бірімен жарыспай қайтеді? Сол жарысудың кесірінен Алматы қаласында №141 автобустың Кудерин көшесіндегі бір жекеменшік үйге кіріп кеткенін жұрттың бәрі біледі. Бізде де мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін қоғамдық көліктің қозғалыс қауіпсіздігінің сапасы мен қызметіне қатаң бақылау жасап, жүйелі жұмысты жолға қоюымыз әбден қажет.

Қарапайым мәдениет жетіспейді

Мойындау керек, елорда қоғамдық көліктеріндегі біз сөйлескен Нұрбек Айдаров, Құмар Асқарбек, тағы да басқа жүргізушілер өз жұмысына риза екенін білдірді. «Автопарк жыл сайын жаңа автобус­тармен толығып отыр. Жалақымыз да көңілден шығады. Жақсы жұмыс істесең, айына 350-400 мың теңгеге дейін ақша аласың. Әр жүргізушінің өзіне бекітіліп берілген кестесі бар. Сонымен жұмыс істейді. «Бір-бірімен жарысады. Адамдарды көп алуға тырысады» деген алып-қашпа сөздерді естіп жатамыз. Бірақ қазір осындай шағымдар тексеру кезінде дәлелденіп жүрген жоқ.

Рас, 250-300 жүргізуші бар. Олар да адам. Телефонмен сөйлесіп, соңғы аялдамаларда біраз кідіріп жүрек жалғап алатын шығар. Мынаны да түсінген жөн. Қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа таңғы 4.30-5.00-де келеді. «Біз таңғы асымызды 10.30-11.00-де бір ішеміз. Түстігіміз 16-16.30-да болады. Ал кешкі асымыз кешкі 21.00-ден кейін келеді алдымызға. Оған дейін тынымсыз жұмыс істейміз. Оңай емес. Жүргізушілер жетіспегендіктен осылай уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді» деді олар.

Зерделеп қарасақ, қоғамдық көлік жүргізушілеріне де, жолау­шыларға да қарапайым мәдениет жетіспейтін сияқты. Мәселен, жақында  елордадағы бір қоғамдық көлікте өзін жайсыз сезінген жолаушыға «алғашқы медициналық көмек  көрсетейік» десе, жүргізуші «уақытым да, алғашқы көмек көрсететін дәрі-дәрмегім де жоқ» деп әлгі жолаушыны орта жолдан түсіріп кетіпті. Неге қоғамдық көлік жүргізушілерінде алғашқы медициналық көмекке қажетті қобдиша болмайды? Ал сол жүргізуші науқастанған адамға тоқтап аз да болса ілтипат танытса ғой, жолаушылардың да оларға деген құрметі арта түсер еді деген ой келеді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button