Әлеумет

АСЫЛ АЗАМАТ ЕДI

Арқа өңiрiнде елi мен жерiн сыртқы жаулардан қасық қаны қалғанша қорғаған, елiнiң ертеңi үшiн қызмет жасап ерен еңбегiмен терiн төккен, елiмен бiрге тiзе қосып егемендiктiң iргесiн бiрге қаласқан талай асыл азамат дүниеге келдi. Сондай бiр асылдың сынығы, елiмiздiң индустриалды-инновациялық дамуының саралы жолын салуға зерделi бiлiмiмен, зиялы бiлiктiлiгiмен, қажырлы еңбегiмен алғашқылардың бiрi болып қомақты үлесiн қосқан азаматтың бiрi Талғат Жұмағұлұлы Батпенов едi … Өкiнiшке қарай, ол өмiрден 46 жасында тым ерте кеттi, соңына қыруар тындырымды iс қалдырды.

Жарық дүниеге адам баласы әдетте жүрегi кiршiксiз таза болып келетiнi белгiлi. Бiрақ сол жүректiң тазалығына өмiр бойы кiр шалдырмай қадағалап алып жүретiн пенде бұл өмiрде сирек кездесетiнi тағы белгiлi. Мен Талғат досымызды сондай сирек жандардың қатарына жатқызар едiм. Неге «досымызды» деп көпшiл түрде айтып отыр, «досым» деп неге өзiне жақындатып сөйлемей отыр деген таң қалу бар шығар… Иә, ол бiрге жүрген, бiрге еңбек еткен, бiрге оқыған жанындағы жолдастарының бәрiне де бiрдей нағыз «дос» бола бiлдi.
Мен Талғатпен 1996 жылы Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Ұлттық Жоғарғы Мемлекеттiк Басқару Мектебiне оқуға түскен күннен бастап таныс болдым. Кейбiр пәндердiң сабағында бiр партада қатар отырып бiлiм меңгерген кездерiмiз де болды. Тұлғасы келiскен жiгiттiң жүрiс-тұрысы мен сөз саптауы, сыпайы мiнезi бiрден көзге түсетiн едi. Үстiне киген үнемi қыры сынбай тұратын костюмi де, таза жүретiн көйлегiнiң жағасына байлаған галстугiнiң түсi де, өзiне құйып қойғандай жарасымды киiм киiсi де сол кездегi бойдақ жiгiттiң қаншалықты ұқыпты екенiн алыстан-ақ айтып тұратын.
Талғат бiрiншi күннен бастап-ақ өзiнiң бiлiмi терең, жан-жақты азамат екенiн көрсете бастады. Мәскеу инженерлiк-құрылыс институтын оқып бiтiрген жас жiгiттiң жеке кәсiпкерлiк өндiрiсi тақырыбынан да бiршама жинаған тәжiрибесi бар екенi белгiлi болды. Сабақ оқу үстiнде ол кез келген пәннiң оқытушыларымен пiкiр салыстырып, оларға терең мағыналы сұрақтар қойып, бар бiлгенiн ортаға салып ерекше белсендiлiк танытып отыратын. Әсiресе, экономика, бизнес салаларын жақсы бiлетiнi көрiнiп тұратын. Елiмiзде жеке кәсiпкерлiктiң таңы ендi ғана бiлiнiп келе жатқан кезде әлеуметтiк-экономикалық дамуымыздың жаңа бағыттарына бейiмдiлiгi жоғары Талғат секiлдi алғыр да ширақ жiгiттердiң айтып отыратын әңгiмелерiн бiз зор қызығушылықпен тыңдайтынбыз. Мемлекеттiк Басқару Мектебiн бiтiрiп алған бiлiмiнiң қорытынды нәтижесi болған дипломдық жұмысына елiмiзге танымал мемлекет қайраткерi Алтай Тiлеубердин ғылыми жетекшiлiк еттi, дипломын үздiк бағамен қорғап шықты.
Талғаттың салмақты мiнезi бар тұлғасына қарап, оның жүрiс-тұрысына қарап келешектiң көшбасшысына тән ерекшелiктердi байқауға болатын едi. Бiрде мектептiң тыңдаушыларына оқу бағдарламасының шеңберiнде жоспарланған iс-шараларға байланысты Қазақстандағы дiнаралық хал-ахуалдан елдiң рухани бiрлiгiнiң ағымдағы жағдайын қарастыратын республикалық «Қазақстандағы рухани келiсiм» форумы тақырыбына арнап оқу барысындағы iскерлiк ойынын өткiзу тапсырылды. Бәрiмiз Қазақстанда жұмыс жүргiзiп жатқан әртүрлi дiндердiң конфессияларын бөлiсiп алдық та олардың қызметiн, атқарып жатқан жұмыстарын зерттеуге кiрiсiп кеттiк… Осы республикалық форумға сценарий бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қатысатын болғандықтан, ол кiсiнiң бейнесiн кiм сомдайды, ол кiсiнiң айтатын сөздерiн форумға қатысушыларға кiм саяси дәлдiкпен жеткiзе алады деген үлкен сұрақтар туындады. Ұстаздардың таңдауы, әрине, Талғаттың еншiсiне тидi. Талғат сол жауапты тапсырманы үлкен шеберлiкпен орындады. Елiмiздiң Президентiнiң образына кiрген Талғат форумды модератор ретiнде өте жоғарғы деңгейде жүргiздi, күрделi мәселелермен ұштасып жатқан қызу пiкiр¬таластарды форумның күн тәртiбiнiң шеңберiнде ретке келтiрiп, ортақ шешiмге бастап, дiнаралық рухани келiсiмнiң қандай болуы қажет екенiн мүдделi жақтарға шешендiк тiлiмен, ойдың тереңдiгiмен түсiндiрiп жатты. Әсiресе, форумның жұмысын аяқтаған кезде өз мүдделерiн жан-жақты қорғап баққан дiн өкiлдерiнiң бiр шешiмге келуiн қамтамасыз етуге бар жанын салған Талғаттың бiр мезгiл нағыз көшбасшыға тән дауысының сабырлы ырғағымен, қисынды дәлелдерiмен барлық жақтарды қанағаттандыратындай қорытынды сөздерiн тыңдаған тәуелсiз сарапшы мамандар да (Әли-қажы Рубец, Алматы қаласы христиандар шiркеуiнiң рухани басшылығының өкiлi) таң қалысып жатты…
Менiң түсiнуiм бойынша, Талғат үлкен әжесiнiң бауырында өсiп тәрбиеленсе керек. Туған анасынан бұрын сол әжесiне деген балалық махаббатын жасырмай айтып отыратын. Әңгiменiң ретiнде «әжем айтып едi, әжемнен сұрайын» деген сөз тiркестерiн көп айтатын. Менiң ойымша әженiң бауырында өсiп, әженiң тәрбиесiн көрген баланың басқа жағдайларда өскен адамға қарағанда бiр несiбесi артық болады. Ондай бала ұлттың ата дәстүрiн, имандылық сабақтарын бойына сiңiрiп өседi. Талғаттың бойынан да сондай ұлтжанды, рухани дүниесi терең жақсы қасиеттердi көп байқайтынбыз.
Әжесiнiң ақ батасын алған Талғаттың төрт қызы болды. Оларды жан тәнiмен сүйетiнiн әрбiр iс-қимылдарымен дәлелдеп отыратын. Сондай сәбиге деген әкелiк сезiмiн жасыра алмайтын азаматтың «ер баладан бiр ұрпағы болса екен» деп бiз – жақын жүрген достары шын жүректен тiледiк. Бiз, Гүлсiм екеумiз де бiр сондай ақ тiлегiмiздi Талғат пен Аидаға мынадай бiр шумақ өлең жолдарымен бiлдiрген едiк:
«Жас жiгiтiң үзiлiп бiр қарады, көзiн сүртiп,
Жасы отыздан асқанда Аидаға жүрек жiбiп.
Шабытыңды оят, Талғат, сезiм түртiп,
Төрге шықсын Аидаң, ұлыңа жейде тiгiп».
Иә, Талғат ұяң жiгiт болатын, жасы келсе де бiразға дейiн үйленбей жүрдi. Оның бойдақ кездерiнде достары кездескен жерде қажап, әзiл сөздермен түйреген кездерде ыңғайсызданған Талғат, көзәйнегiн шешiп алып, көзiн бiр сүртiп, көзәйнегiн екi сүртiп қызарақтап алатын да бұралқы әзiлге жеңiлмейтiндей әзiлмен жауап қайтара бастайтын… Талғаттың мамасы да оның достарына «көп әзiлдей бергенше Талғатқа бiр қыз баланы тауып бермейсiңдер ме» деп iшiндегi аналық жүректен шыққан назын айтатын… Сөйтiп жүргенде Талғат көп жылдар бойы күткен жүрегi қалаған Аидадай аруын тауып үйлендi. Бiз Гүлсiм екеумiз Аиданы туып-өскен үйiнен Талғаттың үйiнiң ақ табалдырығын аттауға алғашқы рет көп достарымен бiрге қалыңдықтың туған үйiнен алып шыққанда екеуiне ақ жолын тiледiк, Аиданың ұзатылу тойында жиналған үлкен кiсiлердiң ақ баталарына қосылып қолымызды жайдық, Талғаттың үйлену тойында «жас жұбайлардың махаббаттары мәңгi, ақ отауларының босағасы берiк болсын» деген жүрекжарды көп тiлектер айтылған көпшiлiктiң iшiнде де болдық.
Талғат балаға деген ыстық ықыласын жасыра алмайтын. Дүниеге келген төрт сәби-қыздарының әрқайсысына арнап ерекше қуанғанын, жеке-жеке той жасағанын көзiмiз көрдi, бiрге тойладық, жолдастарын үйiне шақырып бiр, мейрамханаларға шақырып екi той жасады. «Ұл балаң қашан болады?!» деген жiгiттердiң әзiл-сұрақтарына, «дүниеде осы қыз балаларымнан артық көретiн ешбiр жан жоқ» деп күлiмсiреп жауап беретiн.
Өз баласы түгiлi өзгенiң де баласының қуанып тұрғанын көрiп тұрған кезде Талғат та онымен бiрге қуанып, жүректен шығатын қуанышын жасыра алмайтын. Бiз Алматыдағы Мемлекеттiк басқару мектебiнде оқып жүрген кезiмiзде Гүлсiм екеумiздiң балаларымыз Таңатар 8 жасар болса, Ерденiмiз 4 жаста болатын. Бiз мектептiң бiр бөлмелi жатақханасында балаларымызбен бiрге тұрдық. Талғат оларды көрген жерде тоқтай қалып, жөн сұрасып, әңгiмеге тартып отыратын. Бiрде ол «сабақтарыңды қалай оқисың?» деп Таңатардан сұраса керек. Таңатар оған «сабағымды жақсы оқимын, оқитын пәндерiмнiң бәрiнен де «бес» деген баға алып жүрмiн» деп мұғалiмнiң бағалары қойылған күнделiгiн көрсетсе керек. Баланың жақсы оқитынына бiрге қуанған Талғат оған «өркенiң өссiн, осы алған бағытың дұрыс, бұдан әрi қарай да сабағыңды жақсы оқы» деп ақ тiлегiн айтып, жан қалтасынан суырып алып 20 доллар ақша берiптi. Бұл, әрине, Талғаттың бала-екеш баланың да жан-дүниесiне үңiлiп сезiмтал бола алуының бiр белгiсi едi. Баланың ынтасын шыңдау үшiн оның ағалық ыстық ықыласымен шын жүректен жасаған жақсылығы екенi сөзсiз. Таңатарымыз қуанышы қойнына сыймай «Талғат көкем жақсы оқығаным үшiн көрiмдiк-сыйлық бердi» деп үйге кiрiп келген кезде бiздiң де баламен бiрге қауанғанымыз шындық. Мектеп беретiн айсайынғы стипендияның күшiмен күнкөрiс жасап отырған жанұямызға бұл да қуаныштың бiр түрi едi. Таңатар Алматыға келгелi ботинкаға бекiтiлген доңғалақты (роликтi) коньки киiп, көшеде зырылдап сырғанақ теуiп жүрген басқа балаларға қызығып қарайтын. Талғаттың сол кездегi берген көрiмдiгi ойын баласының нәзiк арманын орындауға мүмкiндiк бердi. Таңатар сол кездегi Талғат ағасына деген тәттi алғыс сезiмiн осы күнге дейiн ұмытқан емес, Талғат ағасын көрген сайын сол сәттi есiне алып әңгiме қылып айтып отырады. Бүгiнгi үлкен азамат болған Таңатарымның ақыл-ойы мен бiлiм-парасатының дұрыс қалыптасып, өмiрдегi жеткен жетiстiктерiнде Талғат ағасының да қосқан үлесi бар екенi сөзсiз.
Талғат достарына көмекке келуге асығып тұратын жан едi. Көмек жасаса жанын салып уәде берген шаруасын аяғына дейiн тындырып отыратын. 1997 жылы Транспорт және коммуникациялар министрлiгiмен Астанаға көшiп келген жылы маған жұмыс бабымен қоныс аударған мемлекеттiк қызметшi ретiнде төрт бөлмелi жаңа пәтердiң кiлтiн табыс еттi. Iшiнде ешқандай жиһаз да жоқ, төсек-орын да жоқ бос бөлмелерде екi кiшкентай баларымызбен Гүлсiм екеумiз тұрып жаттық. Жезқазғандағы азын-аулақ төсек-орын-жиһаздарымыз әлi кешiгiп келмей жатыр, жаңасын сатып алуға жалақы айлығымыз жетпейдi, Гүлсiм әлi жұмысқа тұрған жоқ. Уақытша пайдалана тұруға бере қоятын Астанада тұратын туыс-туғандарымыз да жоқ. Терезенiң алдындағы кең тақтайдан жасалған сөресiн стол қылып, ыдыс-аяқтарымызды қойып тамақ iшемiз. Тақтай еденге төселген жұқа төсекте жатып ұйықтаймыз… Бiрде осылай тұрып жатқан жағдайымызды үйiмiзге келе қалған Талғат көрiп қалып, «бұлай болмайды ғой, неге айтпадыңдар, мен сендерге бөтен адам емеспiн ғой…» деп үйiмiзге екi үлкен қойтөсек-матрацты, бiр үлкен столды, төрт темiр орындықты «Москвич-пирожковоз» машинасымен өз қолымен көтерiп әкелiп тастағаны бiзге ата-анамыздың ұясынан бөлек шығып туған әке-шешелерiмiздiң берген еншiлерi мен төсек-орындарына қуанған кездегi алғашқы бөленген әсерiмiзден кем болған жоқ.
Елiмiздiң астанасы Алматыдан Целиноград қаласына көшедi деген қауесет бiз Мемлекеттiк басқару мектебiн бiтiрген жылы шындыққа ұласты. 1997 жылы Ақмола деген жаңа атқа ие болған жаңа астанамызға мектептi ендi ғана бiтiрген бiздер де ат басын бұрып көшiп келе бастадық. Мемлекеттiк органдар мен басқа да республикалық мекемелердiң Астана қаласына қоныс аударуына байланысты Талғаттың бiрге оқыған жолдастары да осында қызмет бабымен көшiп келе бастады. Әрине, жылы орындарын суытып, үйреншiктi жерiнен жаңа мекенге келiп бiрден бауыр басып кету ешкiмге де оңай болған жоқ. Алғашқы жылдары қысы қақаған, суық ызғары мен шаңының бұрқылы қатты желмен берекеңдi кетiрген, жаңбыр жауса, әсiресе, көктем мезгiлiнде сазды батпағы аяғыңа оралған Астананың жанға жайсыз болған кезеңдерiн әркiмнiң де бастарынан өткергенi шындық. Талғат Астананың жергiлiктi тұрғыны болатын. Астананың суық қонақ үйлерi мен жатақханаларында жатқан талай мектептес достарын үйiне апарып, анасы мен үлкен әжесiне таныстырып, бiр-екi күн қонақ қылып, қонақасы берiп қондырып, бiр мезгiл дем алдыратын. «Энергетиктер» ықшамауданындағы Стартовая көшесiндегi Талғаттың тұрып жатқан жер үйiнде бiрге оқыған жiгiттердiң бәрi дерлiк қонақ болды, анасы мен әжесiнiң алақанынан дәм татты, олардың ұлағатты әңгiмелерi мен ақыл-кеңестерiне құлақтарының құрышын қандырып, «айналайындарым» деген жылы лебiздерiн естiген жiгiттер бiр мезгiл өз аналарымен қауышқандай күйде болатын. Тiптi, үйiне қонаққа апаруға ретi келмей жатса да, Талғат Астананың «қатаң қабағына» бойы да ойы да үйрене алмай жүрген бiрге оқыған достарын көпшiлiк тамақтанатын жылы орындарға апарып бiр тойдырып жiберетiн.
Талғат үлкендi құрмет тұтатын, кiшiге кiшiпейiл, достыққа берiк, жаны жайдары әрi сезiмтал жiгiт едi.
Бiрге оқыған достарымен дастархан басында бас қосып дәм татып отырған кездерде әзiл-әңгiмелерге бар көңiлiмен араласып отыратын. Әсiресе, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қайрат Әйтекенов, Бiржан Канешев, Дархан Калетаев, Болат Дембаев, Орман Нұрбаев, Мақсат Мұқанов, Мақсат Зәкiров, Қанат Жүсiпов, Арман Қажғанов достарымен бiр дастархан басында кездесiп қалса болды, бiрiн-бiрi қажап, ащы да, тәттi де әзiлдерi жарасып, мәз-мәйрам болып жататын. Олардың бiр-бiрiне деген достық әзiлдерiн тыңдап отырған бөтен кiсiлердiң өздерi де сол бас қосудан мәз болып көңiлдерi жадырап шығатын.
Мұсылмандық қағидаларының бiрiнде төрт қыз дүниеге келтiрiп өсiрген кiсi жұмақтың төрiне өтуге толық мүмкiндiгi бар делiнген. Десек те, Талғаттың бұл өмiрде жасаған жақсы игiлiктi iстерi үшiн де оны Алла Тағаланың өзi жарылқайды деп, бар күнәларын кешiрiп, жұмаққа кiруiне нәсiп етедi деп сенемiз! Алла өзi Талғаттың жатқан жерiн жарық етiп, көпшiлiк достарының сондай сенiмiн, тiлеуiн қабыл етуге жазсын! Әмин!
Оның өнегелi өмiрiн ұрпақтар еске ала жүрiп, үлгi тұтады.

Мүталап ӘБСАТТАРОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button