Жаңалықтар

АСЫЛ АЗАМАТТЫ АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

IMG_1326

Астана жұртшылығы тағы бір арысынан айрылды. Осыған орай, бейсенбі күні «Жас­тар» сарайында қоғам қайраткері Аманжол Бөлекпаевпен қоштасу рәсімі өтті.

Өмірінің көп жылын елорда құры­лысына және бас қаланың дамуына арнаған асыл азаматты ақтық сапарға шығарып салуға жиналғандар қарасы тым көп болды. Себебі, ол осы жердің тумасы ғана емес, бар ғұмырын Астананы өркендетуге арнаған азамат еді.

«Бүгін дүйім ел қара жамылып, асыл ардағын, есіл саңлағын мәңгілікке шығарып салып отыр. «Қайғы хабар бермес, ажал айтып келмес» деген. Амалы берік, иманы серік болғай. Аманжол Қуанышұлы тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесі жаңа заманның ағысына қалдырған өзіндік ізі, төл таңбасы бар еді. Сол үшін де оны ел құрметтеді, Елбасы сыйлады. Әсіресе, өзінің осы өсіп-өнген өлкесі барша қазаққа Астананы бұйыртқан Арқа елі, барша жұрты Аманжол ағамызды ерекше құрметтеді. Сондықтан да болар, тәуелсіздіктің таңы атқан кезеңде Елбасының сенімімен болашақ Алаштың ордасы Ақмоланы басқарды. Жай басқарған жоқ, жұмыста жанын жастанып, ертеңгі елорданың бағын баптады» дей келе, елорда әкімі И.Тасмағамбетов ағамыздың осы қаланы табан тіреп он жыл басқарғанын, маңдай терін төккен еңбегінің зая кетпегенін, оған бүгінгі Астана, баянды ғұмыры, өмірлік тұғыры куә екенін жеткізді.

Автокөлік жүйесінде ұзақ уақыт жұмыс істеп, колонна бастығы, таксопарктің бас инженері, автокөлік кәсіпорнының бастығы, облыстық жолаушылар көлігі басқармасына жетекшілік еткен Аманжол Қуанышұлы 1987 жылы Халық депутаттары кеңесінің Целиноград қалалық төрағасы болып сайланды. 1992-1997 жылдары Ақмола қалалық әкімшілігінің басшысы, Ақмола қаласының әкімі, Ақмола арнайы экономикалық аймағының төрағасы бола жүріп, адал еңбегінің арқасында ел-жұртының ризашылығына бөленіп, әруақытта қандай да келелі мәселенің түйінін шешуге белсене қатынасатын, қарапайымдылығымен, кісіге деген рақымшылығымен, бір сөзділігімен ерекшеленген азаматты қоғам қайраткерлері, билік өкілдері мен әріптестері еске алды. Қаралы жиында сөз сөйлеген Қуаныш Сұлтанов  ҚР Парламенті сенатында қызмет атқарған жылдарда Әужекеңнің аса шымыр, өзінің ісіне мығым, айтқан сөзінде тұратын, қолынан келмейтін нәрсе болса, оны ашық айтатын, сөзі анық азамат екендігіне көз жеткізгенін баса айтса, еліміздің Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Қ.Есжанов, ел ағасы Қ.Тәукенов елорданың қалыптасуына елеулі үлес қосқан асыл азаматтың еңбегі кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге екеніне тоқталды. Қайта құру кезеңінде, қаламыздың қалыптасуы барысында оны қазіргі заманға сай дамыған көрікті қалаға айналдыру үшін аянбай еңбек еткен Аманжол Бөлек­баевтың жарқын бейнесі елорда жұртшылығының жадында сақталады деген сенімдеміз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button