Әлеумет

Асыл әже

Қариялардан алар ғибрат мол-ақ. Бүгiн қолыма қалам алдырған замандасым Қалшабай апаның да өмiрi өнегеге толы. Айналасындағы балаларына, жастарға ақылын айтудан, бiлгенiн үйретуден жалыққан емес. «Беу, дүние-ай!» деп күрсiнгенде ғана, бет-жүзiнен өткен дәуiрдiң тауқыметi есiп жүре бередi. Десе де, көрген бейнеттiң зейнетi бар емес пе?! Бүгiнде ол – бақытты аналар қатарынан көрiнедi.

Қалшабай Қытайбекова 1930 жылдың наурызында дүниеге келген. Ақмола атырабының Аршалы топырағында. Ол кезде бұл өңiрдегi Береке, Жақыпкөл, Сарыоба сынды ауылдардың барлығында да бастауыш мектеп қана болатын. Жан-жақтағы ауыл балалары төрт жылдықты тәмамдап, Қойгелдi ауылындағы сегiз жылдық мектеп-интернатта бiлiм алатын. Желкiлдеп өсiп келе жатқан Қалшабай да өз қатарластарымен әлгi бiлiм ошағына бет түзеген. Сонда жатты, оқыды…
Тосыннан бұрқ ете түскен Ұлы Отан соғысы ауыл азаматтарының барлығын дерлiк батысқа бет түзеттi. Жылап-еңiреп қалған нәзiк жандылардың қатарында Қалшабай да бар-тын. Елмен бiрге еңбек майданына қатысты. Егiннiң арам шөбiн жұлып, қозы өргiздi, бұзау бақты. Бұғанасы қатпаған жастығына қарамастан Жеңiс үшiн маңдай терiн сарп еттi. Қаршадай қыздың да тынымсыз қимылы көп күткен Жеңiс таңын жақындатуға сеп болғаны шын. Ол ер балалардың атан түйеге артар ерен шаруаға араласқанын көрдi, қарт әжелердiң жүн түтiп, жiп иiргенiн көрдi. Бiрде аштықты, бiрде тоқтықты көрдi. Сөйтiп, сол кездегi құрбыларындай ерте есейдi.
Соғыс жылдарына дөп келген балалық шақтың не қызығы болды екен?! Рас, Қалшабай апа да сол бiр зұлматты жылдардың жеткiншегi. Бала болып алаңсыз ойнамады, күлмедi. Жанарындағы ұшқынның артында әрдайым мұң тұрды. Ауылдағы ақ жаулықтылардың аналық тiлегi мен бала-шағаның көз жасының тiлеуi ме екен, соғыс та бiттi. Алайда, жұрттың әлеуметтiк ахуалы төмен едi. Таршылық қыспаққа алды. Сондай сәттерде бой жетiп қалған Қалшабай осы ауылдағы Данияр Қытайбеков есiмдi азаматқа тұрмысқа шықты. Отағасы ауылдық кеңестiң басшысы едi. Сөйтiп, бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүрiп, бiр-бiрiн түсiнiсiп, басқа түскен ауыртпалықтың бәрiн жеңдi. Сегiз ұл, төрт қыз тәрбилеп өсiрдi. Олардан жиырма бес немере, тоғыз шөбере сүйдi. Ендi сол үрiм-бұтақтарының арасында ақылын айтып, өнегесiн берiп отыр.
«Батыр ана» орденiн алды, кейiннен «Алтын алқа» иегерi де атанды. Алтын құрсағынан өрбiген балалардың барлығы бүгiн әр салада қызмет етуде. Өзi бүгiнде туған ауылы Сарыоба шаруашылығын басқарып отырған Қайратының қолында. Ерденi туған ауылы Қойгелдiге жетекшi. Екеуi де туған жерлерiнiң көсегесiн көгертiп, көркейту жолында еңбек етiп жүр. Ауылға, ауыл азаматтарына барынша жәрдемдеседi. Әрдайым ел мақтауының үдесiнен шығады. Басқа балалары да шаруа жасаған еңбекқор болып жүр. «Әкелерi мәңгiлiк сапарға аттанғаннан кейiн ұл-қыздарды бағу маған қиынға соқты. Барымды ауыздарына салып, оқыттым, тәрбиеледiм. Ендi соның қызығын көрiп отырмын. Шүкiр, айналайындарымның ауызбiршiлiгi қуантады. Осыларға қарап, өзiмдi бақытты санаймын», – дейдi Қалшабай ана. Мен де замандасымның бұл сөзiне қосыламын. Өйткенi, ол балаларының өмiрiн өз өмiрiнен биiк қойған асыл жан. Ендi бүгiн сол қажыр-қайратының қызығына кенелiп жүр.
Салиха МАКИШЕВА,
Қазақ ССР халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button