Басты ақпаратРуханият

«Асыл мұра» – аналар ансамблі

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Дегенмен бұл қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеретін жалғыз мереке емес. Өйткені аналарымыздың, қыз-келіншектердің қасиеті қашанда, қай уақытта болса да ұлықталып келеді.

Қазіргі таңда жұмыста, үйде немесе айналамыздағы түрлі салаларда болсын әйел қауымының атқарып жатқан шаруасы орасан зор. Мерекеге байланысты біз Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты Есіл аудандық «Асыл мұра» домбыра ансамблінің жұмысымен танысып қайттық. Аталған ансамбль ұжымының құрамы түгелдей әйелдер қауымынан құралған.

Аманкүл Тоқбергенованың жетекшілігімен елге танылған бұл ансамбльдің қатысушылары – өз саласында жеткен жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар жанұядағы аналық мейірімдері мен тәрбиелік құндылықтарымен де танымал адамдар.

Ансамбль жетекшісі Аман­күл Айдарханқызы ұжымдағы аналардың тек өнерімен ғана емес, аналық мейірімімен де елдің жүрегінде ерекше орын алғанын, сондай-ақ «Асыл мұра» ансамблі ұлттық музыканың рухын әрбір үйге жеткізіп жүргенін айтады.

– «Асыл мұра» домбыра оркестрі 2022 жылдың ақпан айын­да Есіл аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Мұқтар Еркетаевтың қолдауымен құрылған болатын. Оркестрдің алғашқы музыкалық жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Батыр Темірғалиев болды. Міне, осылайша 5-6 адамның басын біріктіріп құралған топ бүгінде 25 адамнан тұратын үлкен оркестрге айналды. Қазіргі таңда оркестр құрамында 3 қобызшы, дауылпаз, сылдырмақ ойнайтын және домбыра шертетін аналарымыз бар. Сондықтан біз өзімізді әртүрлі мамандық иелерімен толыққан шығармашылық ұжымбыз деп айта аламыз. Ал оркестр мүшелерінің арасында музыка саласынан жоғары білім алған 4 маман, 4 дәрігер, 1 ғылым кандидаты, әртүрлі пән мұғалімдері (шет тілі, химия, биология, математика, физика), заңгер, психолог және басқа да мамандық иелері бар. Ал басқа мамандық иелерінің арнаулы музыкалық білімі болмағандықтан, оларға сандық нотамен күй үйретіп жүрген музыка жетекшілері бар. Сонымен қатар оркестріміздің аты «Асыл мұра» болғандықтан, репертуарымызда қазақтың ұлы композиторларының шығармалары көп. Мәселен, біз орындаған күйлердің қатарында Құрманғазының «Балбырауыны», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыры», «Тойбастары», Дәулеткерейдің «Қосалқа», Тастановтың «Биі» сияқты 30-ға жуық күй бар, – дейді ансамбль жетекшісі Аманкүл Тоқбергенова.

Шын мәнінде аталған өнер ұжымы қазақтың музыкалық мұрасын жаңғыртып, оны болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында жұмыс істейді. Сондай-ақ қала деңгейіндегі түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, кейде тіпті республикалық деңгейдегі концерттердің де көрігін қыздырып жүр.

Осылайша, өнерлі де салауатты өмір салтын ұстанатын аналарымыз өнер арқылы халқымыздың тарихи және мәдени құндылықтарын насихаттай отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға өз үлесін қосуда.

Аталған домбыра оркестрі 2024 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық байқаудың бас жүлдесін, 2025 жылы Астана қаласында өткен халықаралық конкурста да бас жүлдені жеңіп алған. Бұдан бөлек, олар қалалық Ардагерлер көктемі фестивалі, «Өмір өзен» және «Ғажайып ертегілер» фестивалінде, театрлардың ашылу салтанаттарында өнер көрсетеді. Тіпті 2024 жылы елімізде өткен Халықаралық Көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу және жабылу рәсімдерінде де осы өнер ұжымы көпшіліктің айрықша алқауына бөленген болатын.

– Оркестріміз мектептермен тығыз байланыс орнатып, ұрпақ сабақтастығын қолдауда белсене атсалысады. Қазіргі таңда біз іс-шаралар өткізіп, оқушылармен концерттерге қатысып, өнерімізді әртүрлі орындарда көрсетіп жүрміз. Бұған қоса, ұлттық кітап­ханада, мектептерде де концерттер ұйымдастырып, халықпен кездесулерді жиі өткіземіз. Әрі біздің ұжым өнер көрсетумен ғана шектелмейді, қайта жастарды ізгілікке, адамгершілікке және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеп, олардың бойына рухани байлық пен жауапкершілікті сіңіруге де назар аударамыз. Әрбір концертіміз бен іс-шарамыз, ең алдымен, жастарға ұлттық өнерімізді танытып, оларды осы өнер арқылы адамгершілікке, тәртіпке, еңбекқорлыққа, шынайы патриотизмге баулиды, – дейді Аманкүл Айдарханқызы.

Елдің рухани байлығын молайтып, мәдени мұрасын сақтап, оны дамыту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан аналарымыздың мерейі қашанда үстем бола бергей. Аталған өнер ұжымының жемісті еңбегі мен жететін жетістігі бұдан да биіктей беруіне біз де тілектеспіз.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button