Сұхбат

АТА-АНАЛАР ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАНЫ ЖӨН

4774_image_big

 

 

 

 

 

 

 

Арқаның қытымыр қысындағы қатты аяздар мен борандарда  Білім басқармасы қала әкімдігімен келісіп, білім ұйымдарында сабақты тоқтату параметрлерін белгілеген болатын. Міне, осының жай-жапсары жөнінде қалалық білім басқармасының бөлім бастығы Мәдина Сүлейменова әңгімелейді.

 

– Сабақ қандай температурада тоқтатылады?

– Оқушылардың қауіпсіздігін ойлап, денсаулығын сақтау мақсатында ауа-райының қолайсыз кезінде, нақтырақ айтқанда,  қатты борандар мен аяздарда жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің 1-2 курс оқушылары үшін сабақ тоқтатылады. Ал егер талдап айтатын болсақ, ауаның температурасы -25 градус (атмосфералық ауаның температурасы желдің жылдамдығына сәйкес) және одан да  төмендегенде 1-4 сыныптарда; ауаның температурасы -30 градустан төмендегенде 1-9 сыныптарда; ал, – 35 градустан төмен болғанда 1-11(12) сыныптарда, колледждерде 1-2 курс оқушылары үшін сабақ тоқтатылады.

– Сабақты тоқтату туралы ақпарат қалай жеткізіледі?

– «31 арна», «СТВ» теледидар арнасының жүгіртпе жолында сағат 6.30-дан 7.00-ге дейін (бірінші ауысым үшін) және 12.15-тен 12.45-ке дейін (екінші ауысым үшін), сонымен қатар «Хабар», «Қазақстан-1», «ОРТ Қазақстан» телеарналарында «дауысты хабарлама» беріледі. Сондай-ақ, сабақты тоқтату туралы ақпаратты «051 қызмет көрсету мекемесіне», 109 нөмірін теріп (ұялы телефонмен де хабарласуға болады), 118-01 (9.00- ден 18.00-ге дейінгі аралықта), 169 (ақылы) қызметтеріне телефон шалу арқылы да  алуға болады.

Бұған қоса, ата-аналар балалары оқитын мектепке, сынып жетекшісіне, мектеп әкімшілігіне қоңырау шалып, анықтай алады.

Сабақ тоқтату параметрлері туралы Білім басқармасының bilim.astana.kz  сайтынан оқуға болады.

– Ақпараттың дер кезінде  жетпей қалатыны туралы не айтасыз?

Ақпаратты дер кезінде алу үшін теледидар арқылы жүгіртпе жолдан хабарлама беруге жағдай жасап едік, ондай мүмкіндіктің бір кедергісі мынада, жоғарыда аталған «31 арна», «СТВ» каналдары тек қана «АлмаТВ» кабельдік жүйесі қосылған теледидардан көрсетіледі. Ал, «Секател», «SКS телеком» тағы да басқа кабельдік жүйелеріне қосылған теледидар арналарындағы «31 телеарнадан» ондай жүгіртпе жолдар берілмейді. Ата-аналар үшін тағы да ескертіп айтарым, теледидарыңыз «Алма ТВ» кабельдік жүйесіне қосылмаған жағдайда, «Хабар», «Қазақстан-1», «ОРТ Қазақстан» арналарынан «дауысты хабарламаны» тыңдауды сұраймыз.

Жалпы, Сарыарқаның қысы өте суық әрі тосын мінез танытатын жағдайлары өте жиі кездеседі. Сондықтан, ата-аналарға айтар тілегіміз – ең бастысы, балаларды мектепке жіберер кезде қалың киіндіріп, ауа-райының құбылмалы кездерін ескеріп отыру керек. Сонымен қатар, жоғарыда аталған хабарлама берілетін мекемелерге хабарласып, телефон шалып отыруларын, ауа-райы күрт суытқан кезде мектеппен, сынып жетекшісімен тығыз байланыста болуларын сұраймыз.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button