ӘлеуметБасты ақпарат

Ата, дұрыстап беріңіз бата!

Бата беру – қазақтың арыдан келе жатқан дәстүрі. Алдына келген асынан тартып, атқа мінген жасына дейін бата беретін қазақ «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Батасыз іс – баянсыз» деп батаның орнын айрықша бағалаған. Үлкеннің батасын алып, ықыласын естуге ерекше мән берген.

Өлеңмен немесе белгілі ұйқаспен айтылған шымыр сөз, ширақы ойлы  сөз өнерінің бұл түрі көбінде дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өміріндегі ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде айтылады. Бұл жөнінде этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан еңбегінде «Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас -пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады» деп жазған.

Жауынгер қазақ жауға аттанған ұлына, жекпе-жекке шыққан батырына да аузы дуалы, көпке мәлім ақсақалдарына қол жайып бата бергізген. Мәселен, қазақ-жоңғар соғысы кезінде Бердәулетұлы Жәнібек жайлы арғы заманнан жеткен мынадай әңгіме бар. Жәнібек туғанда әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда Арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан күтіп тұрып, перзентіне ат қойып беруді өтінеді. Сонда бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп көңілі толған батыр тебіреніп:

– Керей деген елің көп,

Ел айналар шешен бол.

Жағаласар жауың көп,

Жауға шапсаң, есер бол!

Ел ішінде дауың көп,

Жұрт алдында көсем бол!

Жабылған жауды жапырып,

Шайқасқанда есен бол.

Жекеге шықсаң желденіп,

Жауыңның басын кесер бол! – деп бата беріп, «Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа» депті. Сол Жәнібек 18 жасқа толып, күш-қайраты толысқан кезде ел шетіне тағы жау тиеді. Қазақ халқы күш біріктіріп жауға қарсы тұруға тура келеді. Ел ішіндегі ер-азамат біткен жауға аттанғанда бес қаруын сайлаған Жәнібек те нағашысы Қазыбек биден бата алғалы келеді. Бірақ Қазыбек «қанша батыр болса да жауға салма жалғызды» дегендей, Жәнібектің бір әкеден жалғыздығын ескеріп, «Елге берген батамды сенен неге аяйын. Ер азамат етіп өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей жау тілеме, қарағым!» дейді. Қайрандап қалған атасына ренжіген Жәнібек «Он сегізге келгенше жігіт болып жете алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналған көбелектей көргеніңіз бе?» деп өкпелей сөйлеп, шыға жөнеледі. Оның шын ашуын көрген көзі қарақты би: «рұқсат бермесем батасыз кетіп жүрер» деп оны қайта шақыртып алып:

– Қол басқарсаң жолың киелі болсын!

Ел басқарсаң сөзің иелі болсын.

Көк бөрің қолдай берсін! – деп бата береді. Баласының нағашы атасының батасын алып келгенін естіген анасы:

Мен саған не айтамын.

Қамырығымды басып, қайғыңды жеп айтамын.

Артымда белгі қалса екен деймін,

Қызығыңды көрсетіп, алдыңда алса

екен деймін.

Саған тілек тілесем, әмісе жолы

болса екен деймін.

Оқ алдыңнан тисе, анаңның

ақ сүтін ақтағаның!

Оқ артыңнан тисе анаңның қарызын

жүктегенің!

Әуелі қосыңды тап, онан соң досыңды тап, жолың болсын! Бақытың жансын, – деп ықыласын айтыпты.

Батаның маңызын ғана емес, ұлттық болмысымыздан үлкен сыр шертіп тұрған осы әңгімеде қаншама ғибрат жатыр. Жалғыз ұлына, бір әулеттің тұқым жалғар тұяғына «Оқ алдыңнан тисе, анаңның ақ сүтін ақтағаның! Оқ артыңнан тисе, анаңның қарызын жүктегенің!» деп бата беріп, оқ жау­жүрек қайтпас қас батырдың алдынан тиетінін, қашқан жанның артынан тиетінін ақ тілегімен аңғарту қазақ әйелдерінің ұрпақ тәрбиесінде қандай ғажайып рөл атқарғанын көрсетіп тұрған жоқ па?!

Батаның маңыздылығы – оның рухани күшінде жатыр. Халқымыз батаның адам санасына, тағдырына ерекше әсер ететін үлкен киесі бар деп қарап, бата жасалған жерде жақсылық, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды. Сосын да аузы дуалы ақсақалдардан, елге белгілі би-шешен­дерден, батыр, балуандардан бата алып, менің ұрпағымның бойына да қасиеті дарысын деп баласының аузы­на түкірткен. Кейде ауынан өткізіп алатын әдет те болған. Баласының атын қойғызып, кіндігін кестірген. Жаңа шаңырақ көтерген жастарға бата алған. Міне, осының бәрі – батаның рухани күшіне сенудің көрінісі. Яғни халқымыздың таным-түсінігі бойынша сөздің де магиялық қасиеті бар, ол сөздің ең кереметі батада деп білген. Әрине, көбінде жақсылыққа айтылғанымен, оның да теріс бата, қарғыс сынды түрлері де бар. Оған лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармаларға арқау болған уақиғалар дәлел. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында Төлеген әкесінің батасын алмай жолға шыққан немесе оған әкесі теріс бата берген деген ұғымның жатуы да батаның мән-маңызының айрықша екенін аңғартса керек. Демек, қазақ бір істі бастарда немесе бір жұмысқа кірісерде ақсақалдан бата алуды дәстүрге айналдырған халық. 1991 жылы Н.Назарбаев Президенттікке сайланып, таққа отыру рәсімінде қазақ салты бойынша Шәкір Әбенов ақсақалдан бата алғаны да – сол дәстүрдің жалғасы.

Батаны көбінде көпті көрген қария­лар береді. Ер адам отырған жерде әйел бата жасамайды. Себебі қазақ «әйелдің аузында дуа болмайды» деп санайды. Мүмкін бұл әйел затының кейде ойланбай ашу үстінде әрнені айтып қалатынына қатысты болса керек. Сосын да халқымыз «әке қарғысы оқ, шеше қарғысы боқ» дейді.

Әр дәуірдің, әр заманның өзіне лайық батасы бар. Дегенмен, сөзден кие, дәстүрден жүйе қашқан заманда батаның да арқауы босап, мән-маңызы әлсіреп бара жатқандай. Тіпті, оны тілек айтудың бір тәсілі ретінде қарап, жай сөз, жадағай ұғыммен қадірін кетіріп жүргендер де аз емес. Төгілтіп бата беретін, тебірентіп тілек айтатын ақсақалдар да азайып барады. Мықтағаны жаттап алған батасын айтса, көбі қажет кезде біреуге жаздырып алып, соны оқып береді. Бұрынғының шалдарындай термедей төкпелеп айтатын, мағыналы бата беретіндер санаулы.

Батаның кереметі – оның көлемінде емес, ішкі нәрінде жатыр. Қазақта бір шумақ батаға бір кітапқа жүк болатын ойды сыйғызып айтатын ақсақалдар да болған. Соның бірі, өзім көзін көрген, уағызын естіген Ғазез Ақытұлы еді. Сол кісінің Алматыға алғаш келгенде дастарқан басында айтқан:

Құдайдан қорықпайтын жүректен сақта,

Қабыл болмайтын тілектен сақта.

Бейнеті көп ғұмырдан сақта.

Пайдасы жоқ ғылымнан сақта, – деген батасы ел аузында әлі күнге дейін айтылып жүр.

Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге бара жатқан екінші сапарында Сыр бойында отырған Қалжан ахуннан (Сыр өңірінде өзінің дербес мешіт-
медресесін ашқан ағартушы, ұстаз, шайыр, заңгер Қалжан ахун Бөлекбайұлы) бата алғалы бұрылыпты. Сол кездің өзінде математикадан екі кітап жазған, елге танымал тұлғаға айналып үлгерген Қалжан ахунға Құнанбай «Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем де арман жоқ деген бата бер» депті. Біреуге өлім тілеу оңай ма? Бұған дейін ешбір жауап­тан қысылмаған ахун Құнанбайдың бұл тілегіне іркіліп қалыпты. Сонда қасында тұрған туған ағасы Бозжан «Батаны кідіртпейді, мен берейін батаны» деп қолын жайып «Ер тілегі болса қалсын, Ел тілегі болса келсін!» деп бата берген екен. Содан елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай екінші рет қажылық сапардан аман-
есен оралыпты.

Арғы заманнан жеткен батаға қатысты мұндай әңгімелер өте көп. Ал қазір ше?! Біз бір ауыз сөзбен айтқанда батаның бағасын төмендетіп жібердік. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, ақсақалдың бәрі батагөй емес. Жасы үлкен деп бата сұрасаң, екі ауыз сөздің басын қосып айта алмайтын қазақ көп. Арасында «Аумин, жолдастар!» деп бітіретіндер де аз емес. Бұл да батаның маңызына мән бермеудің салдары, ұрпақ алдындағы ақсақалдық жауапкершілікті толық сезінбеудің кесірі. Тіпті қалам ұстап, том-том кітап жазған танымал жазушы ақсақалдардың өзі дастарқанға дұрыстап бата бере алмай «ал енді не айтамыз» деп тұтығып тұратынын көргенде іштей ренжисің кейде. Сондай ақсақалдарға жазушы Қойшығара атамызды үлгі ретінде көрсеткім келеді.

Жақында Республика күніне орай «Елорда ақпарат» медиахолдингінің ұйытқы болуымен Астанада әдемі бір іс-шара өтті. Осы басқосудың дастарқанына биыл 85 жасқа келген жазушы, тарихшы, ғалым Қойшығара  Салғараұлы былай деп бата берді:

Бауырлар ниет сізден, бата бізден,

Таймаған халық едік ата ізден.

Тілейік жақсылықты Жаратқаннан,

Жан болмас ертеңінен күдер үзген.

 

Жаратқан халқымызға бәрін берсін –

Салмақты ой, саналы сөз нәрін берсін,

Ұрпақтың кім болмағы өзімізден.

Осы отырған бәрің де тәлімгерсің.

 

Отбасы, отанымыз аман болсын,

Қиындық халық көрген тәмам болсын.

Ұрпақ үшін кәдімгі қой үстіне –

Бозторғай жұмыртқалар заман болсын.

 

Ұл өсіп, елге қорған пана болсын,

Қыз өсіп, қойыны құтты ана болсын.

Немере-шөберлер бізден де асып,

Шетінен білім асқан дана болсын.

 

Береке бірлігі мол келіскеннің,

Басынан бақ ұшады керіскеннің.

Бүгінгі осы жерде берген батам –

Шалынсын құлағына періштенің,

Аллаһуәкпар!

Жаңа заманға лайық, дәстүрге сыйымды осындай баталар көп болса, қандай жақсы.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button