ДенсаулықТаным

АТА ТАРИХ ТОЛFАУЫ

_50A8048

Ұлт ретінде қашан пайда болдық? Тамырымыз қай жерден шыққан? Қай дәуірде дербес мемлекет болып қалыптасып біттік? Бұл жөнінде кешегі замандардан бері түрлі негізді, негізсіз болжамдар айтылып келеді. Осы сұрақтарға келгенде қазірдің өзінде тарихшы ғалымдардың ортасында қайшы пікірлер кездеседі. Мұның дәл жауаптарын тауып, нақты байлам жасау биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында, тіпті, өзекті болып отыр. Редакциямызға қонақ болған тарих ғылымының докторы, академик Болат Көмековпен әңгіме осы тақырыпта өрбіді.
Тарихтың сан қатпарын ақтарған ғалыммен бірге бастауларға қарай сапар шегіп, көптеген пайдалы мағлұматтарды алып қалдық.

МЕМЛЕКЕТТІЛІГІМІЗДІҢ
ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

Қазақ халқының тарихы кейбіреулер ойлағандай 550 жылмен шектелмейді. Мемлекеттілігіміздің басы әріде – сақ, ғұн тайпалары өмір сүрген дәуірлерде жатыр.
«Қазақ хандығы – 2,5 мың жылдық тарихы бар, түбі сақтар қауымына барып тірелетін қазақ мемлекеттілігінің ажырамас бөлшегі. Осы жерде көп жерде ескеріле бермейтін мемлекет пен мемлекеттілік ұғымдары бір- бірінен несімен ерекшеленетінін атап өтсем деймін. Мемлекеттілік дегеніміз – көне дәуірлерден бастауын алып, осы заманда да жалғасып келе жатқан тарихи үдеріс. Бұл үдеріс қазір де өз даму жолына түсіп, бір жүйеден екінші жүйеге ауысуда. Ал, мемлекет дегеніміз – белгілі бір әлеуметтік-саяси жүйе. Оның басы мен аяғы болады. Кейбір мемлекеттердің жер бетінен жойылып кетуін осымен түсіндіруге болады» дейді Болат Көмеков.

КӨШПЕНДІ ЖӘНЕ ОТЫРЫҚШЫ ҚАУЫМДАРДЫҢ
ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

Қазақ ежелден көшпенді халық болған. Ресей империясының қол астына кіргеннен кейін ғана отырықшылыққа үйренген. Кеңес дәуірінде біздің санамызға осындай пікірлерді сыналап кіргізді. Бұл жаңсақ пікірге кейбіріміз әлі сеніп келеміз. Ал, ақиқатына келгенде, халқымыз көшпенді мәдениетпен қоса отырықшылық шаруашылықты да бодандығымыздан бұрын меңгерген. Бұл мәдениеттердің аражігін де ғалым ажыратып берді.
«Отырықшы қауымда бір жерден екінші жерге көшу мүмкіндігі болмағаннан кейін аталмыш қауым аумақтық принципті ұстанған. Сондықтан, «жер болса, халық та болады» деген қағидамен өмір сүрген. Ал, рулық-тайпалық жүйеге сүйенген көшпенді қауымның бұған керісінше «халық болса, жер де болады» деген заңдылығы болған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда көшпенді қауымға тән бұл ерекшелік өз деңгейінде зерттелмей келеді. Сол себептен Еуропа елдерінің ғалымдары көшпенді қауымда мемлекеттілік болмаған деген пікірді айтады. Олар бұл қауымды Солтүстік Африкадағы бәдуилермен салыстырып, «Көшпенді қауымда көсемдік ұғымы ғана бар, яғни, қауымды көсем басқаруы мүмкін, бірақ нақты басқарушылық пен салық институты болмағаннан кейін мемлекеттіліктің өзі жоқ» деген пікірге барып ұрынған. Алайда, Африкада және Ұлы далада өмір сүрген қауымдарды мүлде салыстыруға болмайды. Бұл екеуінің арасы жер мен көктей» дейді академик.
Сөзіміздің басында мемлекеттілігіміздің бастауы сақтар дәуірінде жатқанын айттық. Болат Көмеков оның негізгі атрибуттарын атап көрсетті. Біріншіден, сақтарда тайпа басшысы, яғни, өз патшасы болған. Басшылық тізгі ағадан-ініге, әкеден-балаға, яғни, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, белгілі бір династияға тиесілі болған. Бұған қоса, сақтарда өз жазу мәдениеті, мүліктік теңсіздік те орын алған. Бұл қауым ірі үш әлеуметтік топтан жасақталған.

КӨНЕ ТҮРКІЛЕР – ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИМПЕРИЯНЫҢ АТАСЫ

Сақтардың мұрагерлері: Жетісуда – үйсіндер, Сырда – қаңлылар және Қазақстан аумағында Балқаштан Каспийге дейін аумақты тұтастырып, өз мемлекетін құрған ғұндар. Бұл мемлекет біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында құрылып, V ғасырға дейін өмір сүрген. Ғұндардың мұрагерлері – көне түркілер. Қытай деректері осыны айтады.
VІ ғасырға қарай Моңғолия аумағы түрік этногенезінің орталығы болды. Көне түркілердің Орталық Азия мен Қазақстан аумағында үстемдік жүргізуінен кейін жеріміз көне түркі қағанатының саяси, экономикалық, мәдени дамуының біртұтас бөлшегіне айналды.
«Ғұндар алғашқы көшпенді империяны құрған болса, көне түркілер тұңғыш еуразиялық империяның атасы саналады. Олар Тынық мұхиттан, яғни, Ұлы даланың шығыс тұсынан басталған жерді жаулады. Шығыстан батысқа қарай жылжып отырып, Дунай өзеніне дейін жетті. Көне түркілерде мемлекеттіліктің барлық атрибуттары қалыптасып жетілген. Әскери және әкімшілік жүйе бірі-бірінен ажыратылмай, біртұтастықта дамыды. Ал, отырықшы қауымда, керісінше, бұл жүйелер бөлек-бөлек қаралатын. Яғни, көшпенді қауымда әскери басқарушы әкімші қызметін де атқаратын. Бұл жағдайда тәртіп өте күшті еді. Отырықшы қауым бұған кері жағдайда еді. Қытай деректерінде көшпенді қауымда мемлекетті басқару өте жеңіл екендігі, «адам өз денесін басқарғандай» болғандығы айтылады. Көшпенділерде абақты, көтерілісті басатын әскер болған жоқ, өз тайпасынан шыққандар құлдыққа жегілмейтін. Құлдардың қатарына тек тұтқынға түскен өзге жерлердің адамдары ғана жататын. Бұл – үлкен ерекшелік. Бұл ерекшелікті білмей, көшпенді қауымның дамуына дәл баға беру мүмкін емес» дейді Болат Көмеков.
Оның сөзіне сүйенсек, түркі қағанаты құлағаннан кейін ол жайлаған аумақта жеті мемлекет пайда болды. Атап айтқанда, Еділ өзені бойында бұлғарлар мемлекеті, Каспийдің батыс жағында хазар қағанаты, Қазақстан аумағында үш мемлекет – Сырдария өзенінің бойында оғыздар державасы, Жетісуда қарлұқтар мемлекеті және солтүстік, орталық, Шығыс Қазақстанда қимақтар қағанаты. Қимақтар қағанатының ордасы Ертіс өзені алабында жағалай орналасты. Енисей өзенінде қырғыздар мемлекеті құрылса, көне түрік қағанатының мұрагерлеріне көшпенді ұйғырлар айналды.

ҚИМАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ
МҰРАГЕРІ КІМ?

Оғыздардың және қарлұқтардың басшысы «джәбу» деп аталатын. Оның мәртебесі қағаннан сәл төмен болатын. Қимақтардың басқарушысы ғана қаған аталатын. « Осының өзі қимақтардың қағаны тұтас түрік әлемін басқару құқына ие сияқты еді. Қимақтардың өзі дамендер, қыпшақтар және құмандар болып үш топқа бөлінетін» дейді ғалым.
Болат Көмековтың сөзін әрі қарай тарқатсақ, ХІ ғасырдың басында қыпшақ хандары Қимақ қағанатындағы тізгінді өз қолдарына алды. Сол уақыттан бастап қыпшақтар дәуірі басталады. Олар қимақ мемлекетінің мұрагерлері еді.
Ғалымның пікірінше, моңғолдардың шапқыншылығы қыпшақтарды күйретсе де, олардың мәдениетін жоя алған жоқ. Мұның дәлелі – ХІІІ ғасырдың аяғында, ХІV ғасырдың басында «Кодекс Куманикустың» дүниеге келуі. Бұдан басқа да қыпшақ тіліндегі көптеген сөздіктер жазылды. «Бұл жерде маңыздысы – Қазақ мемлекеттілігінің негізгі дәні осы қыпшақтар мемлекетінде жатқандығында. Қыпшақтану ілімі қазақ халқының тарихын, мәдениетін және этногенезін зерттеуде үлкен мәнге ие» дейді ата тарихымыздың тамырын тереңдетіп, арқауын әріден толғап жүрген академик ағамыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button