Құқық

Ата Заң – тұрақтылық кепілі

Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін және оның демократиялық құндылығын айқындайтын басты құжат – Конституция. Ол бойынша мемлекет құрылымдарының, жеке азаматтардың және барлық ұлттардың міндеттері мен құқықтары көрсетіліп, жауапкершілікті орындау жолында бәрі айқын басымдыққа ие болады. 

Бақытжан  Әбілдинов, Астана қаласы әкімдігі жанындағы  «Қоғамдық келісім» КММ директоры
Бақытжан Әбілдинов, Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры

Ең үздік елу Конституцияның бірі

Осыдан 21 жыл бұрын бү­кіл­­халықтық референдум не­гізінде Конституция қабыл­данып, жасампаз жаңа дәуірге қадам басқан едік. Ал осы уақыт аралығында Ата Заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына мүмкіндік жасады. Тарих ауқымымен алып қарағанда, бұл – азғантай ғана мерзім. Дегенмен, әлемдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Конс­титуциясы жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеген ең үздік елу Конституцияның бірі ретінде саналады.
Бүгінде көп ауызға алынып жүрген еліміздің 1995 жылғы Конституциясын тал­қылауға біздегі беделді заңгерлерден бөлек, Франция­ның Конституциялық кеңе­сінің өкілдері, осы елдің Мем­лекеттік Кеңесінің мү­шелері, Ресей зерттеу орта­лығының ең білікті деген заңгерлері жобалық жұмыс­тың талқылауына атсалысып, халықтың пікірлеріне басымдық бере отыра, оң шешім қабылдаған. Қазіргі келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге назар аударар болсақ, осы құжатты тал­қылауға 3 млн 345 мың адам қатысқан екен. Нақты айт­қанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 22 мамырдағы Қаулысымен арнайы құрылған Сараптық-консультативтік кеңес Конституцияның жобасын дайындау барысында азаматтардың 1100 ұсынысын ескеріп, бұған орай Конституция жобасындағы 99-баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген. Осының өзінен Конституция жобасының жар­тысынан көбі халықтың ұсынысы негізінде жазылғанын аңғарамыз.

Іргелі өзгерістерге бағдар берген

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, тәуелсіз Қазақстанның ең басты қадамы Конституция­ны қабылдауымен іргелі өз­герістерге бағыт алған. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан жолы» атты кітабында былай деп жазады: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі прин­циптерін баянды етуге тиіс болатын». Иә, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция біздің тарихымыздағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Мұның мәні мен маңызына келсек, негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншісі – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншісі – жас мем­лекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншісі – ішкі саяси тұрақтылықты қам­тамасыз ететін заңдық негіз­дерді Ата Заңда көрсету. Елбасы еңбектеріндегі жолдарға сүйенсек, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында барынша қамтыл­маған. Президент бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси,
әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазады. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай бас Заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғам­дағы өзгерістерге сәйкес бол­­май шыққаны байқалды. Сон­дықтан, араға екі жыл салып, 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақ­станның мемлекеттігін айқын­даған Ата Заң екі қай­тара түледі. Өйткені, тоқ­са­ныншы жылдардың басында Қазақстанның саяси-эко­но­микалық жағдайы мүлдем бас­қаша болатын.

Басты қағидат әр азаматтың құқын қорғау

Жаңа Конституцияда же­кеменшік, мұрагерлік мәсе­лелері, заңмен белгіленген кез келген меншікке ие болу құқықтары бекітілді, жаңа демократиялық институттар мен ережелерді енгізді. Олар – Парламенттің екі палаталық құрылымы, Конституциялық Кеңес, сот билігі тармағының тәуелсіздігін қамтамасыз ете­тін сот жүйесін құру тәртібі болатын. Осының негізінде адамның құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау Ата Заңы­мыздың басты қағидасына айналды. Мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот билігі ар­қылы әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының қор­ғалуына хақы бар екені, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігі жарияланды. Оның бас­ты жетістігі де қоғамдағы
саяси тұрақтылық пен көп­ұлтты мемлекетіміздегі адам құқық­тарының тең дәрежеде қор­ғалуы дер едім. Жалпы, Ассамблея жұмысы бойынша еліміздегі тұрақтылық мәселесі басты орында тұрғандықтан, халықтың құқықтық мәсе­лесіне айрықша назар аударамыз. Осы мақсатта биыл­ғы жылдың қаңтар айын­да Астана қаласы әкімдігі жа­нын­дағы «Қоғамдық келі­сім» коммуналдық мем­ле­кет­тік мекемесінен медиация кабинеті ашылып, бірнеше адамдарға консультативтік кеңес берілді. Сонымен бірге, осы уақыт аралығына дейін еліміздің Конституциясына және оның басым тармақтары болып саналатын заңдарға сәйкес семинар-тренингтер өткізіліп, ол бойынша бір­қатар жетістіктерге қол жет­кіздік. Ағымдағы жылдың 30 маусымында Қазақстан Рес­публикасының Жоғарғы Соты мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойып, оның барысы бойынша Жоспар әзірленді. Аталған Жоспардың 6-тармағындағы «Медиация туралы» Заңға сәйкес, қоғамдық келісім кеңесі мүшелері арасынан тұрғылықты жердегі беделді адамдардан жинақталған ҚХА кәсіби емес медиаторлар пулы құрылды. Ал біз осы уақыт аралығына дейін азаматтардың тең құқығын сақтау және дау-жанжалдардың алдын алу мақсатында Астана
қалалық сотымен, Астана қаласы Судьялары одағымен, Астана қаласының Соттар әкімшісімен, Астана қалалық «Нұр Отан» партиясының кеңесімен, Астана қаласы Білім басқармасымен, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Келісу» кәсіби медиаторлар одағы» респуб­ликалық қоғамдық бірлес­ті­гімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Түптеп келгенде, біз осы игі іс арқылы еліміздегі барлық азаматтардың консти­туциялық құқығының өз дә­режесінде қорғалуын мақсат тұтып отырмыз.
Сөз соңын Елбасы сөзімен қорытындыласақ, «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» екенін бар­шаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбе­гіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар». Ендеше, сол бар­шамыздың бейбіт жағдайда өмір сүруіміз, тыныштығымыз біз үшін өте маңызды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button