Қоғам

Ата заңға арналған халықаралық конференция өтті

Бүгін Астанада Конституциялық Cот және Парламентаризм институты мамандары бірлесіп, «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғамның және қазіргі мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Конституциялық Соттың судьялары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және заң қоғамдастығының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ Германия, Финляндия, Швейцария, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің сарапшылары қатысты. Олар адам құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетудегі конституциялық бақылаудың рөлі туралы пікір алмасты.

Басты назар мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету контекстінде конституциялық сот төрелігін жетілдіруге аударылды. Халықаралық сарапшылар конституциялық бақылаудың өз тәсілдері мен үлгілерін ұсынды.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде қатысушыларды алдағы Конституция күнімен құттықтап, көпжақты диалогтың маңыздылығын атап өтті. Ол конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заң шығару және құқық қолдану аясындағы ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар осы бағытта жүйелі, жоспарлы және мақсатты түрде жұмыс істеуі тиіс. Бұл ретте, азаматтардың қатысуы осы процеске өз ықпалын тигізеді. Сондықтан азаматтарымыздың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейі мемлекеттілікті нығайтуға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауға түрткі болады», — деді Эльвира Азимова.

Айта кетейік, жыл басынан бері Конституциялық Сотқа азаматтардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Азаматтардың өтініштерін қарау қорытындысы бойынша 252 шешім қабылданған. Оның ішінде 50 нормативтік қаулы заңдар мен заңға тәуелді актілердің нақты нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексерудің мәніне қатысты екенін атап өткен жөн.

 

Парламентаризм Институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Савинов Конституция тек құқықтық акт емес екенін, ол біздің қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуіне кепілдік беретін мемлекеттік құрылымымыздың негізі екенін атап өтті. Ол Қазақстанның негізгі Заңы елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын мызғымас құндылықтарды, соның ішінде халық билігі, теңдік, бірлік және заң үстемдігі қағидаттарын көрсететінін баса айтты.

 

Сарапшылардың айтуынша, конференция барысында әзірленген ұсынымдар елдегі құқық үстемдігін нығайтуға және конституциялық сот төрелігін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Жиынның қорытындысы бойынша мемлекет, қоғам және халықаралық сарапшылар арасындағы диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Бұл – демократиялық құндылықтарды ілгерілету және заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды, деді сарапшылар.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button