Ата заңмен ар-намысың жоғары
Мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат – Конституциямызға биыл 29 жыл. 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Ата Заң 9 тарау, 99 баптан тұрады. Осы жылдар ішінде ел өміріндегі маңызды құжатқа өзгерістер мен толықтырулар 6 рет енгізілді. Атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.
Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгілеп, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындаған конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заң шығару және құқық қолдану аясындағы ортақ міндеті. Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Конституция мерекесі қарсаңында Конституциялық сотта құқық үстемдігі және конституциялық бақылау мәселелері бойынша халықаралық конференция өтті. Парламентаризм институтымен бірлесіп өткен іс-шара «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғамның және қазіргі мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» тақырыбын арқау етті. Оған Конституциялық Соттың судьялары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және заң қоғамдастығының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ Германия, Финляндия, Швейцария, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің сарапшылары қатысты. Қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетудегі конституциялық бақылаудың рөлі туралы пікір алмасты. Басты назар мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету контекстінде конституциялық сот төрелігін жетілдіруге аударылды. Халықаралық сарапшылар конституциялық бақылаудың өз тәсілдері мен үлгілерін ұсынды. Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова өз сөзінде азаматтарымыздың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейі мемлекеттілікті нығайтуға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауға жәрдемдесетінін атап өтті.
– Демократия жолындағы әр мемлекеттің конституциясы – мемлекеттің, қоғамның компасы деп айтуға болады. Сондықтан конституцияны тек заң ғана емес, негізгі моральдық-этикалық кодекс десек қателеспейміз. Заң – ол тірі ағза, себебі қоғамдық қарым-қатынастың өзгеруі оған әсер етеді, – деді Э.Әзімова.
Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов Конституция тек құқықтық акт емес екенін, ол біздің қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуіне кепілдік беретін мемлекеттік құрылымның негізі екенін айтты. Қазақстанның негізгі заңы елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын мызғымас құндылықтарды, соның ішінде халық билігі, теңдік, бірлік және заң үстемдігі қағидаттарын көрсететінін жеткізді.
Ең қымбат қазына – адам
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса, 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. Еліміздің басты құжатында «Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетілген және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» делінген Ата Заңда. 2-бапта жазылғандай, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Сондай-ақ құжатта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені айтылған.
– Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау – бұл тек мемлекеттік органның жұмысы ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Біз қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы өз құқықтарымызды білуге және оларды қорғауға ұмтылып, құқықбұзушылықтарға қарсы тұруымыз керек, – дейді ҚР Адам құқықтары уәкілінің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетова.
Заңға сәйкес ҚР-да билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. ҚР азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең. ҚР-да Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
Конституциялық бақылау маңызы
Әр елдің мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігінің заңды негізі – Конституция, ол ұлттық саяси-құқықтық жүйенің ядросы, заң мен құқықтық қолдану тәжірибесі негізделетін іргетасы болып саналады. Соған сәйкес Негізгі заңды қорғау тәртібі бекітіліп, конституциялық бақылау органы анықталған.
– Конституциялық бақылау мемлекеттік қызметтің дербес саласы ретінде негізінен қоғамның саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және рухани өнегелік құндылықтарын қорғауға қызмет етеді. Конституциялық бақылау Ата Заңның тікелей ықпалы бар Негізгі заң ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Конституциялық бақылау тиімді болмайынша Конституцияның да күші мен мәні жалпы декларациядан аспай қалады. Елімізде конституциялық бақылаудың қалыптасуына 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң триггер болды, онда «Конституцияны соттық қорғаудың жоғары органы ҚР Конституциялық соты» деп бекітілді, – дейді Парламентаризм институтының сарапшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Әлібек Темербеков.
Спикердің айтуынша, Конституциялық бақылаудың қалыптасуын талдау барысында оның үш кезеңнен тұрғанын атап өтуге болады. Олар – әлемдік, кеңестік және егемендік. Конституциялық бақылау институтын дамытуда конституциялық реформалар жүргізу де маңызды рөл атқарды.
Мемлекеттің даму бағытын айқындады
Осыдан 29 жыл бұрын күрделі әрі серпінді геосаяси жағдайда республикамыздың даму бағытын айқындаған Конституциямыз қабылданған соң жаңа кезең басталды. Онда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылымның негізін қалаушы қағидаттары әділетті және гүлденген қоғам құрудың берік іргетасына айналды.
– Конституция – бұл жай ғана құқықтық акт емес. Ол тұрақтылық пен қоғамның гүлденуінің кепілі саналатын мемлекеттік тұрақтылық негізі. Қазақстан өзінің тарихи бастауын да, заманауи әлемдік үрдістерге ілесуін де көрсететін Негізгі заңымен мақтанады. Халық билігі, теңдік және бірлік пен заң үстемдігі – елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын мызғымас құндылық. Біздің Ата Заң заманауи сын-қатерге жауап бере алады, қоғамның өзекті сұраныстарын көрсетеді және саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастың бұдан арғы эволюциялық түлеуінде мықты әлеуетке ие, – деді Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов.
«Құқық үстемдігі – қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің кепілі» тақырыбын көтерген конференция қатысушылары жаһандық сын-қатерлер мен әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер кезінде құқықтың үстемдік рөлі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Ата Заң – құқықтық мемлекет қағидаты ғана емес, сонымен қатар әділетті және өсіп-өркендеуші қоғам құрудың негізі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында құқық үстемдігі мен сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударды. Ол құқықтық тәртіп пен заң – тұрақты және берекелі мемлекеттің негізі екенін атап өткен болатын. Бұл жолдау әрбір азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының қорғалғанын сезінетін әділетті мемлекет құруға деген ұмтылысты көрсетеді, – деді спикер.
ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев конституция мемлекетті дамытуда адам құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтаудың берік іргетасын қалағанын жеткізді.
– 2022 жылғы Конституциялық реформа еліміздің тарихында жаңа дәуірдің басталуын белгілеп берді және оның идеясы – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру болды. Конституция бойынша әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға құқылы. Мемлекет басшысы атап өткендей, өмірдің барлық саласында құқық істеріндегі қағидатты сақтау – еліміздің серпінді дамуының негізі болуы тиіс. Сот жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында оны әрі қарай жаңғырту бойынша шаралар қабылдануда, – деді А.Мерғалиев.
Өзге елдердің Ата Заңы қандай?
Италияның қазіргі Конституциясы 1948 жылы күшіне енген. Бұл құжат әлемдегі ең демократиялы заңдардың бірі саналады. 139 баптың 54-і азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және міндеттеріне арналған. Түркия республикалық басқарудағы ел болса да демократиялық, зайырлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет саналады, ол адам құқықтарына құрмет көрсетілетін Ататүрік қағидаттарына адал. Әлемдегі негізгі заңдарының көлемі жағынан ең үлкені – Үндістанда. Еуропадағы ең ескі Ата Заңдардың бірі – Польшада, ол 1791 жылы 3 мамырда қабылданған, екіншісі – АҚШ заңы, ол 1787 жылы 17 қыркүйекте күшіне енген. 1946 жылы қабылданғалы бері бірде-бір рет өзгерістер енгізілмеген Ата Заң – Жапонияда. Оның үш қағидаты бар: халықтың егемендігі, адамның негізгі құқықтарын құрметтеу және пацифизм, яғни соғыстан бас тарту.
Негізгі баптарды біле жүр
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары үшін, сондай-ақ мемлекеттің жұмыс істеуі үшін жиі талқыланатын және іргелі болып табылатын бірнеше негізгі баптарды бөліп көрсетуге болады:
12-бап – барлығының заң мен сот алдында теңдігіне кепілдік береді, сондай-ақ әртүрлі белгілер бойынша, соның ішінде нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне және т. б.
26-бап – өмір сүру құқығын бекітеді және өлім жазасына тыйым салады.
33-бап – зияткерлік меншікті қоса алғанда, меншік құқығына және мүліктен мәжбүрлеп айырудан қорғауға кепілдік береді.
36-бап – діни бірлестіктер мен діни бірлестіктердің бостандығын қамтамасыз етеді.
39-бап – ой, ар-ождан және сенім бостандығына кепілдік береді.
46-бап – білім алу құқығын, сондай-ақ бастауыш және орта білім берудің міндеттілігін белгілейді.
Бұл баптар азаматтар үшін маңызды, өйткені олар әр адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын анықтайды. Олар сондай-ақ құқықтық жүйені дамытуға және елдегі қоғамдық қатынастарды реттеуге негіз береді.
Райхан РАХМЕТОВА