Қала тіршілігі

«АТАМЕКЕН» ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

ZAH_6349

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің «Мәңгілік елге сая­хат» атты маусымдық ашылуы болды. Осыған орай, кешен қызметкерлері 7 арнамен бірігіп, «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» концерттік бағдарламасын ұсынды.

Отандық эстрада жұлдыздары Ерлан Көкеев, Бауыржан Исаев, Медет Шайкелов, Рүстем Жүгінісов, Нұрлан Төкенов, «Дабыл» дуэті жиналғандардың көңілін көтерді. Қонақтар ретінде Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, балалар жазушысы Дәрия Жұмагелдинова, ММА және джиу-джитсу федерациясының президенті Анатолий Ким қатысты.
«Атамекен» Қазақстан картасы» өзінің 13 маусымын бастады. Мұнда келгендер еліміздің он төрт облысы мен Астана және Алматы қалаларының тарихы, мәдениеті, көрікті ғимараттарымен таныса алады» деді кешен директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Директордың орынбасары Батырхан Жұмабаевтың айтуынша, кешенде барлығы 517 макет жинақталған. Оларды маусым бойы «Үздік гид» байқауының жеңімпаздары атанған жасөспірімдер таныстырады. Биылғы байқау 1 сәуір күні басталып, бір ай бойы жүрген. Оған Астанадағы 50 мектептің оқушылары өтініш берген. Бірінші турға 680 бала қатысып, олардың 405-сі келесі кезеңге өткен. Нәтижесінде 70-тей бала қара озып шыққан. Ашылу маусымында оларды марапаттау рәсімі өткізілді. Арнайы сертификаттар, бірінші, екінші, үшінші орын жүлделері тапсырылды. Ал, Гран-при төрт балаға бұйырды. Олар – қазақ-түрік лицейінің оқушысы Бибігүл Сматаева, №66 жалпы білім беру мектебінің шәкірттері Сабина Махамбеттәжиева мен Нұрай Нығманова және №46 орта мектептің тәрбиеленушісі Екатерина Седова. Айта кету керек, байқау жеңімпаздары «Атамекендегі» маусымдық жұмысы үшін жалақы алатын болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button