Білім

«АТАМЕКЕН» ҮЗДІК ҰСТАЗДАРДЫ АНЫҚТАДЫ

IMG_8352

Ел Тәуелсіздігі күніне орай, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені елордалық ұстаздар арасында «Үздік сабақ», «Үздік педагог» байқауын ұйымдастырған болатын. Шара аясында 208 мұғалім ашық аспан астындағы мұражайда оқушыларымен сабақ өткізіп, білім тәжірибелерін сарапқа салды. Мереке күні Тәуелсіздік сарайында сайыстың қорытындысы жарияланып, белсенділік танытқан ұстаздар мен шәкірттерге «Атамекен» кешенінің алғысхаты мен сый-сияпаттары салтанатты жағдайда тапсырылды.

Марапаттау рәсімінің алдында жиынға қатысушылар сарай ішіне экскурсия жасады. Онда егемендігімізді айшықтайтын құжаттармен, елорданың әсем ғимараттарының макеттерімен, басқа да құнды, тағылымды жәді­герлермен танысты.

Әнұранымызбен басталған бас­қосу Ұлттық гвардия ансамблінің сүйемелдеуімен әнші Жанат Шы­бықбаевтың орындауындағы «Ота­ным» әнімен жалғасты. Кешке жиналған қауым сап түзе­ген жа­уынгерлердің өнерін тамашалады.

Жиынды мұражай кешенінің директоры Үмітхан Мұңалбаева ашып, сөз сөйледі. «Біздің ұжым Астанадағы педагогтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. ТМД елдерінде теңдесі кемде-кем рухани ордамыздың тағылымын бүгінгі буынға кеңінен сіңіру мақ­сатында осындай игі бастаманы биыл екінші мәрте қолға алып,
абыроймен атқарып отыр. Мұра­жайға келіп сабақ өткізген әр мұғалім де, тәлім алған әр оқушы да қазақ даласын көзімен көріп, аралағандай әсер алады. Сол ар­қылы байтақ еліміз бен жері­міздің кешегісін ұғады, бүгінін біледі, ертеңге күш-жігер алады», – деді Үмітхан Дәуренбекқызы.

Байқаудың қорытындысына оралсақ, «Үздік педагог» аталы­мында бас жүлдені №8 орта мек­тептің  мұғалімі  Бейбітхан  Сейіт­хан мен №70 мектеп-лицейдің ұстазы Гүлнар Тәжібаева иеленді. «Үздік сабақ» аталымы бойынша тағы да №8 орта мектептен Айгүл Аймаханова мен №41 орта мектеп мұғалімі Наталья Хохлова алдыңғы лектен көрінді.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button