Басты ақпаратРуханият

«Қайда жүрсем атамекен, көкейімде жатады екен…»

Биыл шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға көш түзегеніне 28 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда осы жайға қатысты барлық оқиғаларды зерделеп, саралайтын кез келгендей. Өткен жолға үңілсек, алғашқы оралман көші 1991 жылы наурыздың 17-сінде Моңғолиядан шығып, 22-сінде Алматы облысына келіп жетті.Еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғалы 28 жыл болды. Кезінде тағдыр тәлкегімен ел, жерінен босып, бас сауғалап көшуге мәжбүр болған зарлы да шерлі қазақ үшін бұл тәуелсіздіктің қаншалықты маңызды, қаншалықты ыстық екенін тілмен айтып жеткізу, сірә, қиын болар. Шетте жүрген біздер кезінде әлемдегі тәуелсіз мемлекеті бар халықтарға қызығушылықпен қарап, «Шіркін-ай, біздің қазақтың басына да осындай бақ қонар ма екен?» деп тебіренуші едік, әлем қазақтарының қара шаңырағы саналатын Қазақстан басқа елдің қол астында, бодан боп жүргенін ойлаған сайын көңілге қаяу түсіп, еңсеміз бір көтерілмеуші еді деп атам айтып отыратын. Қазақ халқы өзінің сан мың жылдық тарихында сонау сақтар мен ғұндар, көк бөрілер мен түркештер заманынан бері көптеген мемлекеттердің негізін қалап, дүниежүзілік тарихта өшпес із қалдырды. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттігінің тамыры өте тереңде екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстанның кең-байтақ даласы осы даңқты тарихымыз­дың куәсі емес пе? Алайда орыс патшалығының екі жарым ғасырға созылған отаршыл озбырлығы тұсында ұлан-байтақ жерімізге көз алартқан дұшпандардың сырттан айдап салып, іштен ойран салудың салдарынан соның бәрінен жұрдай болып, дініміз бен ділімізден, тіпті тілімізден де көз жазып қала жаздадық. Сан рет ерекше жаншылудың нәтижесінде өзге қасиет­терімізбен бірге тіліміз, діліміз, дініміз тоналды. Өзіміз, жалтақтыққа бой ұрдық. «Қазағым!» десең, «халқым» десең, «ұлтшыл» деген оқтаулы тұрған улы оқ сарт етіп атылатын еді де, одан арғы өмірің дұшпандыққа айналып, ел біткеннің ең соңына барып, мүсәпір өмір сүретінсің. Халқымыз сондай халге мойынсұнып, өз елі, өз жерінде отырып пайыз жағынан 29-ға де­йін төмендеді. Мың өліп, мың тірілген қазақ соны да көрді, соған да төзді ғой. Бірақ қанша қиналса да, болашақтан күдер үзбей, үмітін үкілеуден бір тайған емес. Сөйтіп 1991 жылы халқымыздың арманының асқарынан тәуелсіздіктің ақ таңы атып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей қазақ дүр сілкініп, қайта түледі. Мәңгүрттік етек алып, ес кете бастаған шақта келіп басымызға орнаған егеменді еліміз аса зор қуанышқа бөлесе, бүгінгі шын бақыт осы емес пе? Тәуелсіздік белгілері бекітіліп, мемлекетіміздің Әнұраны орындалып, қасиетті көк байрағымыз желбіреп, жоғары көтеріле бастағанда көз жасымызға ие бола алмай қалдық. Бұдан біраз бұрын дүниенің көп жерінде қазақ деген халықты ешкім білмейтін. Қазақпын десең «ол қандай ұлт?» деп таңыр­қай сұрайтын. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздік алып, қазақ деген халықты бүкіл әлем тани бастағанда шет елдегі ағайындарымыздың төбелері көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Көпшілігі өздерінің ежелгі атамекендерінде отырса да, әртүрлі себептермен Қазақстаннан сырт қалып қойған. Біразы өткен ғасырдағы қуғын-сүргіндерде өзге елдерге барып паналаған. Талай-талай бозала таңдарды еліне деген сағынышпен атырып, алыста қалған атамекеніне қарай-қарай көз талдырған мыңдаған қандасымыздың үзіле жаздаған күндері қайта жалғанып, сөне жаздаған үміт оты қайта маздады. Иә, олар үшін бұдан асқан қуаныш, бұдан артық бақыт жоқ шығар?! Кешеге дейін «Елім-ай» деп еңірегенде етегі жасқа толып, атажұртының бір уыс топырағына зар болып келген бауырларымыз тәуелсіз елінің кең құшағына еніп, атамекен төсінде емін-еркін, армансыз күй кешуде. Тағдырдың теперішін көп көріп, тау асып, құм кешіп, көп көшсе де, атажұрттан шалғай жүрсе де бұл ағайындарымыз түгелге жуық қазақы қалпын, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, тіл, дінін аман сақтап, бүгінгі заманға жеткізген қайсарлығына, өжеттілігіне, рухының биіктігіне талай жұрт тамсанып, таңдай қақты. Шет елдегі қазақтар бүкіл қазақ халқының ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне, Қазақстан Республикасының мәдени-рухани салада дамуына, экономикасының алға басып, демографиялық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қоса алады. Бір сөзбен айтқанда, шет елдегі қазақтар – Қазақстан үшін қай жағынан болса да баға жетпес асыл қазына. 1991 жылы Қазақстан Президенті Түркияға ресми сапармен барғанда осы елдегі ағайын­дармен кездесіп отырып, әлем қазақтарының басқосуын өткізсек деген ойын тұңғыш рет ортаға салған еді. Бүкіл қазақтар қуана қош­тап, асыға күткен тұңғыш құрылтай 1992 жылы қыркүйек айында Алматы қаласында салтанатпен ашылды. Бұл жиын дүниежүзіндегі қазақ қауымын дүр сілкіндірген, енді ғана тәуелсіздік алған жас Қазақстан Республикасының өміріндегі ең елеулі оқиғаларының бірі болды.
Күні кеше ғана Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады, оны қазақтан шыққан өз президенті басқарады дегенді қол жетпейтін арман сияқты көретін ағайындарымыз бұл армандарының орындалғанына куә болып, көздеріне жас алып, құрылтай мінбесінен тебірене сөйлеп тұрды. Әлем қазақ­тарының екінші құрылтайы 2002 жылы Түркістан қаласында болды. Мұндай шешім елдің өткен тарихын қадірлеуден бүгінгі жеткен биігімізді және бір бағдарлап, болашақ даму жолымызды айқындаудан туған еді. Өйт­кені қасиетті Түркістан қаласының қазақ халқының тарихындағы алар орны ерекше. Жауды жасқап жол Дүниежүзі қазақтарының қауымдас­тығы республикалық маңыздағы ең беделді ұйым ретінде танылып, атажұртпен алыс­тағы ағайын­дардың арасын алтын көпір болып жалғас­тырып келеді. Қазақстанда қандай іс қолға алынбасын, бүкіл күш-жігер, ең алдымен, қазақ елінің ертеңгі өркендеуіне, бүкіл халқымыздың жан-жақты дамып, өзгелермен терезесі тең ел болып алға басуына арналады. Соған орай қауымдастық та өзінің күнделікті жұмысын мемлекетімізді дамыту мен нығайтуға, бүкіл қазақтың басын қосуға арналған осы мақсат-мүддеге сай жүргізуге күш салды. Қауымдастық шет елдегі қазақтардың мәдени-рухани оқу-білім саласындағы жағдайларымен танысу, олардың бұл жөніндегі мұқтаж мәселелерін Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп отыру сияқты міндеттерді жүзеге асырады. Шет елдерде қазақ халқының тарихы мен ежелгі мәдениетіне, өнер мен әдебиетіне қатысты бай мұралар жеткілікті. Қауымдастық осы қазына байлықтардың ұмыт қалмай, халық игілігіне жарауына өз үлесін қосуда.
Атам қазақ айтқандай, «Елге ел қосылса – құт». Қорыта келе айтарымыз, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дәрежесі жоғары деңгейге көтеріліп, сонымен бірге дүниежүзінің түкпір-түкпірінде шашырап жүрген қазақтардың басын қосуға байланысты көп қиындықтар кездессе де, Елбасының сарабдал сая­сатының арқасында көп шаруа атқарылды. Өткен ғасырларда қазақ халқының басын Абылай хан қосқан еді, бүгінгі жиырма бірінші ғасырда әлем қазақтарының басын Елбасымыз біріктірді. Шет елдегі қазақтардың ұлт ретінде өсіп-өркендей беруіне Қазақстан тарапынан қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасалынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында «Шетелдегі қандастарымызды атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп Елбасы бастаған ұлы көшті тоқтатпайтынын білдірді. Демек, шетелдегі ағайындарға тәуелсіз еліміздің құшағы ашық.

Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button