Ұлт ұпайы

«Атамекенге» алаңдап, тіліміздің туын жығамыз ба?

Жақында елорданың республикаға таралатын «Астана ақшамы» газетінде «Жарнама жайында жанайқай» деген мақала жарық көрді. Мақаланың мақсаты біреуді мұқату немесе тырнақ астынан кір іздеу емес. Редакция поштасына келіп түскен жарнамалық мәтінге байланысты қазіргі қоғамда қалыптасып отырған қазақ тілінің мүшкіл, шалажансар жай-күйіне көпшіліктің назарын аударту. Тілімізді келеке, мазақ қылатын мұндай мәтіндер қай жерде, қай қалада болса да ұлттық намысымызға, қазақи болмысымызға тиетін үлкен сын екенін ашық айту еді.

Бізге осы мақалаға орай Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қазіргі істеліп жатқан жұмыстары мен қазақ тілінің кеңінен қолданысқа ие болуына қолбайлау болып, кедергі келтіріп отырған жайларды ашық айтып, жауап жазыпты.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өз өкілеттігі аясында бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда 2018 жылы Кәсіпкерлік кодекстен жергілікті атқарушы органдардың бақылау, тексеру өкілетін алып тастағалы бизнес, шағын және орта кәсіп өкілдері Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл заңының талаптарын аяқасты ететін болды. Оған Нұр-Сұлтан қаласының және еліміздің өзге де шаһарларының көшелеріндегі тек орыс тілінде жазылған төмендегі жазулар мен қателер айғақ.

Егер бұлай кете беретін болса, енді бір-екі жылда бас шаһар көшелеріндегі маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерінің тілі түгелімен орыс тіліне ауысып кетуі әбден мүмкін. Көрнекі жарнама былай тұрсын, отыз жылдан бері мейрамхана мен асхана мәзірін де мемлекеттік тілге көшіре алмадық қой. Тамақ ішетіндердің дені – қазақтар. Өйткені жергілікті әкімдіктер мен Тіл басқармаларынан кәсіпкерлердің Тіл туралы заң талаптарының орындалуын бақылау құзыреті алынып тас­талған.

Мұндай мемлекеттік тілдің кегежесін кейін тартатын жөнсіз қадамға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламенті қалай жол беріп қойған деген ой мазалайды. Мемлекеттік тілдің жайын айтып күн сайын тебініп отыратын депутаттар мұны білмей ме?

Мемлекеттіктің ең басты белгісі – тіл. Тілі дамымаған, тілі өркендемеген ұлттың болашағы бұлыңғыр екені бесенеден белгілі. Олай болса алдағы уақытта Қазақстан Республикасындағы Тіл, Жарнама, Кәсіпкерлік туралы заңдарға қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігі кезек күттірмейтін мәселе екенін баса айтқымыз келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button