Басты ақпарат

«Атамекенге» ат басын бұр!

Еліміздің ең ғажайып көрнекі орындары мен ескерткіштерін 1,7 гектар жерге сыйғызған «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінің жұмысы пандемиядан кейін қайта жанданды. Қазақстанның пішінді картасы, ашық аспан астындағы бірегей мұражайға келушілер Алатау-Арқа, Атырау-Алтай арасындағы байтақ даламыздың бай мәдениеті мен сәулетті-ландшафті тарихы, құнды ескерткіштері және әсем табиғатымен 500-ге жуық макеттер арқылы таныса алады.

[smartslider3 slider=3554]

21 жылдық тарихы бар миниатюра паркі елорданың сол жағалауында Қорғалжын тас жолы көшесінде, «Думан» ойын-сауық кешенінің жанында орналасқан. Кешеннің жұмысы ауа-райына тәуелді. Сондықтан мұражай қызметкерлері ауа температурасын үнемі бақылап отырады. Әдетте ауа температурасы 0 С-тан жоғары болса, яғни мамыр мен қазан айлары аралығында демалыссыз, таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 19.00-ге қызмет көрсетеді. Осындай сәттерде мұражайды күніне 200-500, бір маусымда 36-40 мыңға жуық адам келіп аралайды.

Төрт-бес жастағы кішкентай саяхатшылардан бастап барлық қала халқы мен қонақтары және Ресей, Франция, Англия, АҚШ, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, т.б. мемлекеттерден келетін шетелдіктердің арқасында бұл кешенге бас сұғатындар қарасы үзілмейді. Себебі еліміздегі көрнекті ғимараттар мен тарихи ескерткіштердің кішірейтілген макеттері орналастырылған ашық аспан астындағы мұражай кім-кімді де бей-жай қалдырмасы сөзсіз. Әрі мұнда келген әрбір жанның ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр даламызды бірер сағаттың ішінде «аралап шығуға» мүмкіндігі бар. Кешен саябақ концепция­сымен жасалған. Сондықтан ауа-райы қолайлы демалыс күндері келушілер саны артады. Мұражайға кіру билетінің құны – 400 теңге. Соғыс ардагерлері, мүгедектер, жетім балалар және 5 жасқа дейінгі балаларға  тегін.

Кешен қызметкерлері тек ауа-райын ғана емес, сонымен қатар ел өңірлеріндегі қандай да бір өзгерістерді, яғни жаңадан ашылған маңызды ескерткіштер мен алып стратегиялық нысандарды қадағалап отырады. Соған сай мұражай үнемі жаңа макеттермен толықтырылады. Мәселен, 2017 жылы мұнда 400 макет болса содан бері бес жыл ішінде мұражай макеттері тағы 100-ге көбейген.

– Биыл мұражайды келіп көрушілер саны тым артты, әсіресе шетелдіктер көп. Бізге туристер, балабақша балалары, мектеп оқушылары, жазғы лагерьде демалушылар, қосымша білім беру орталықтарының шәкірттері де топ болып келеді. Келушілер саны маусым, шілде, тамыз айларында өте көп болады, – дейді кешеннің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дарина Саду.

Мұражайға кірген бетте алдыңыздан Каспий теңізі мен Маңғыстау өңірінің жер асты мешіттері және түбектің ең басты тарихи ескерткіштері шығады. Экскурсия жетекшісі Мадина Бекбаеваның айтуынша, келушілер көбіне осы өңірдегі Шақпақ ата жер асты мешітіне қызығушылық танытады, себебі мешіттің шағын макет үлгісі тура түпнұсқасына ұқсатылып, нанымды жасалған және оның ішіне бас сұғып, кіріп аралап шығуға болады. Сонымен қатар Ақтау теңіз порты, «Қараманды», «Қаражамбас» мұнай кен орындары, Отпан тау, Шопан ата кесенесі, Құрманғазы, Дәулеткерей сынды дәулескер күйші-композиторлардың құрметіне орнатқан ескерткіштерді көресіз.

Мұражайдағы ең көп аумақты алатын және көзге көркемдігімен, әсем Алатауымен бірден түсетіні – Алматы қаласының макеті. Ал бас қаланың макеті төбесі жабық бөлек ғимаратта орналастырылған. Елорданың зәулім ғимараттары мен заманауи архитектурасына соңғы жылдары ЭКСПО-2017 көрмесінің макеті қосылып, бәрі бірдей алыстан көздің жауын алады. Бұлардан бөлек көненің көзіндей, шежіре болып шертілетін аңыздарға толы Ақыртас қалашығы, Райымбек, Бәйдібек, Сыпатай батыр ескерткіштері, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Қарашаш ана, Бабаджа қатын кесенелері, Ягикент (Жаңа кент) қалашығы, Қорқыт ата, Жанқожа батыр кесенелерінің макеттері Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және тағы басқа облыстардың аумағында орын тепкен. Шығыс өңірі алдымен Абай мен Шәкәрімге арналған мемориалдық кешеннен басталып, ұлы ақынды оқытқан Ахмет Риза медресесінің макеті, аңызға айналған Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлуға арналған ескерткіш-күмбездермен жалғасады.

Кешен қызметкерлерінің айтуынша, макеттерге үнемі күтім жасалып, тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қыста макеттердің бір бөлігі арнайы қораптармен қапталады. Ал басқа бөлігі арнайы қоймаға тасымалданады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button