Президент пәрмені

АТАМЕКЕНІН АҢСАҒАН ӘНШІ

Меруеш

«Өзге топырақтағы қандастарымыз қазақы салт пен дәстүрді, өнерді барынша мықтап сақтап қалған» деген пікір бар. Бұны атамекеніне оралған өнерлі бауырларымыздың айғақтап жүргені де рас. Солардың бірі – Меруеш Башайқызы. Дәстүрлі әнші Отанына бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының шақыруымен келген. Енді Астананың төрінде жеке концертін ұсынбақ. Шара алдында кеш иесімен әңгімелесіп, біраз жайға қаныққанбыз…

 

Әнге айналған сағыныш

Әңгімемізді әлқиссасынан бастасақ, Меруеш Моңғолияның Баянөлгей аймағында дүниеге келді. Отбасындағы он екі ұл-қыздың тоғызыншысы. Бала кезінен кеудесінде бір сағыныштың бары анық-ты. Ол – атамекенге, Отанға, байтақ даласына деген сағыныш, аңсау еді. Сондай бір сезімдер кеуде тұсын керней бергенде анасынан естіген халық әндерін ыңылдап айта беретін. Бір ғажабы, тұлымшағы желбіреп жүрген қыздың «ыңылын» көрші-қолаң, бауырлары жақсы көретін, тыңдай бергісі келетін. Кейін «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді…» деп әуелете шырқайтын болды. Мұқым ауыл, иен дала, өрісте жайылып жүрген төрт түлік мал, жайқалған гүл, шөп, тал-дарақ… Меруештің әуеніне, әніне елітіп кететіндей еді.

«Мен әнші болуды армандадым. Бабам туған байтақ далада ән салсам деп армандайтын едім. Осыны ойлап көз іліп, таңда осыны ойлап оянатын едім» дейді әнші. Сол арманның жетегімен 1990 жылы өнер-мәдениет колледжіне құжат тапсырады. Жолы болып, бала күнгі арманының алғашқы баспалдағына аяқ басады солай. Арнаулы оқу орнында да әнімен айналасын тебірентсе керек, қалабасы Изамхан Күнтуғанның ұсынысымен қазақ музыкалық драма театрына әнші болып орналасады.

Президентті тебіренткен бірінші жүздесу

Оқуын тәмамдап, әлгі театрда солист болып еңбек жолын жалғастырып жүрген. «Тоқсан үшінші жылы ғой, «біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұланбатыр қаласына ресми сапармен келеді екен» деген хабар тарады. Президенттің келуіне орай аймақ әкімі бастаған он қазақ ұлтының әртісі Қазақстан мемлекетінің басшысын салтанатпен қарсы алдық» деп еске алады Меруеш.

Бар-жоғы он алты жастағы қыз, үлкен кісінің алдында, атамекенінің көшбасшысы құрметіне арнау айтады. «Сондағы Нұрсұлтан Әбішұлының тебіреніп, толқығанын көрдік біз. Шамасы, менің әнім Президенттің жүрегін тебірентіп, көңілінен шыққан болу керек…» дейді әнші.

Президент 2005 жылы Моңғолия өңіріне тағы ресми сапармен ат басын бұрады. Сол кезде Моңғолиядағы белді тілшілердің бірі Күләнда Шоңайқызы «Ұланбатырға алғашқы келгеніңізде қандай уақиға есіңізде қалды?» деп сауал қойған екен. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы былай депті: «Бір қос бұрымды кішкене қыз ән айтты. Қазақ даласындай кең даусы, керемет орындауы көкейімде мықтап жатталып қалды. Сол қыз қайда жүр екен?» Ал ол кезде Меруеш ел астанасындағы жоғары оқу орнында – Өнер және мәдениет университетінде қоюшы режиссер мамандығы бойынша білім алып жүрген. Алайда, бұл жолы Елбасымен жүздесудің сәті түсе қоймапты.

Екінші жүздесу елге әкелді

2006 жылы Моңғолия сегіз жүз жылдық тарихи мерейтойын дүрілдете атап өтеді. Театр сахнасына бірнеше опералық туындыларын алып шыққан Меруеш Башайқызы осы салтанатта «Шыңғыс ханның ханымдарын» қазақ тілінде сахналайды. Қойылым көрермендер тарапынан жоғары бағасын алды.

Хош, сонымен әншіміз атамекенге қалай оралды? Осы уақиғадан кейін екі жыл өткенде Қазақстан Президенті Ұланбатырға үшінші мәрте келеді. Елбасының осы сапарына арналған салтанатты жиында Меруеш екінші мәрте жүздеседі онымен. «Сахнадағы орындауымнан кейін Елбасының ақ батасымен, жылы лебізімен, арнайы шақыруымен Отаныма, Атамекеніме оралдым. Бұл – менің өмірімдегі ең бір қуанышты, бақытты сәт еді. Астананың іргесіндегі кеншілер шаһары Қарағандыға қоныс аудардым солай» деп ағынан жарылды ол. Келе салып осы қаладағы Қали Байжанов атындағы музыкалық бірлестіктің әншісі болып орналасады.

Айта кетерлігі, Меруешке әншілік өнер анасынан дарыған көрінеді. Он екі құрсақ көтерген ол жасынан аймаққа айтыскер ақындығымен танылған. Әншінің айтуынша, жетпістің бесеуіне келген анасының әлі де қимылы – ширақ, сөзі – өткір, ойы – ұшқыр. Қарағандыда тұрады.

«Текті бабадан тарағанбыз»

Ендігі әңгімеміздің бағытын Меруештің елордада өтетін кешіне бұрсақ. Бесінші желтоқсан күні «Конгресс-холл» сарайында халық әндері қалықтайды. Меруеш Башайқызы Астана тұрғындары мен қонақтарын «Тектіден туған ұрпаққа» концертімен қарсы алады. «Кешіме бұлай деп ат қойып, айдар тағуымның өзіндік себебі бар. Қазақ мемлекеті жас болғанымен, оның тарихы ғасырлар тереңінен бас­тау алады. Ел егемендігін алғанда атамекеннің топырағын құшу біз үшін, бала болсақ та, арман еді-ау…

Қазір Қазақстан деген елді жер бетіне тарыдай шашылған қазақтар ғана емес, күллі әлем таниды. Беделін сыйлайды, атын құрметтейді. Өйткені, текті бабамыздан туған біз, қазақстандықтар, Елбасының сарабдал саясатының арқасында аяғымыздан тік тұрып, көш басындағы елу мемлекеттің қатарына іліктік. Міне, осындай буынға өнерімді арнасам деген ниеттен туған бұл кеш» деп көсіле сөйледі әнші.

Меруештің «Тектіден туған ұрпаққа» атауымен былтыр үнтаспасы да жарыққа шыққан екен. Бұл еңбектің тыңдармандарға тарауына Дүиежүзілік қазақтар қауымдастығы қолдау білдірген. Үнтаспаның тұсаукесері Алматыда Құрманғазы атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен дүрілдеп өткен. Және әншінің осындай кештері Қарағанды, Талдықорған, Петропавл, Павлодар сахналарында да ұсынылған.

«Менің концертімнің тағы бір ерекшелігі, – дейді Меруеш, – әнімді оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыспен шырқаймын. Елордада өтетін кешімде жат елдегі қандастарымыз сақтап қалған дәстүрлі, халық әндерін де орындайтын боламын. Астанадағы тұңғыш концертімді бас шаһардың он бес жылдық мерейтойына және Тұңғыш Президентімізге, Тәуелсіздік күндеріне арнаймын».

Иә, концертте негізінен Моңғолия қазақтарының әндері орындалмақ. Мәселен, «Ел көшкенде» әні – ел тәуелсіздігін алып, егемендігін жария еткенде шетте жүрген бауырларымыз атамекенге ағыла бастады ғой, міне, сол тұста шыққан. Бұған өткен жылы Қарқаралыда Тәттімбет оркестрінің сүйемелдеуімен бейнебаян да түсірген Меруеш. Содан кейін халық әндері «Ақ сапар», «Әл-әнім», Қасым Аманжоловтың «Жас дәурені», Нұрғиса, Шәмші ағаларымыздың туындылары кештің ажарын ашады.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button