Атамекенін аңсап келген
Бурабай баурайындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына 12 мемлекеттен 288 қазақ баласы жазғы демалысқа келді. Шетелдерде тұратын дарынды балалар 15 күн бойы ана тілі, ел тарихы, ұлттық салт-дәстүрге бағытталған бағдарламаларға қатысады.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі этникалық қазақ балалары жиналған, атажұрттың қадір-қасиетін дәріптеуге бағытталған балалар құрылтайы басталды. Кезекті рет өтіп жатқан аталмыш жобаны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе ұйымдастырды. 12 мемлекеттен келген 288 жеткіншек Астанадан аттанып, Бурабай баурайындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында бас қосты.
Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі өсіп келе жатқан жобаның мақсаты мен мазмұны тереңнен сыр шертеді. Әу баста лагерь тек бес баладан құралса, бүгінде бүлдіршіндер саны артып келеді. Шет елдерде тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларын бір шаңырақ астында жинап, атажұртқа әкеліп, тарихымызды һәм рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлау – мұндағы басты мақсат. Екі аптаға созылатын жазғы лагерьге алыс-жақын елдерден, атап айтқанда, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Сауд Арабиясы, Түркия, Германия, Польша, Ресейден үш жүзге тарта бала келіп, тегін жазғы демалыс өткізетін болады.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жобаның өтуіне 2017 жылдан бері бастамашы болып келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Жазғы оқу-сауықтыру лагерінің бағдарламасында ана тілін дамыту, ел тарихын кеңінен таныту, халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен таныстыру қамтылған. Балалар Бурабай аумағындағы мұражайлар, тарихи орындарға саяхттап, ұлттық ойындар ойнауды үйреніп, қолданбалы және би өнеріне баулу сияқты шеберліктер сыныптарына қатысады.
– Жобаға алғашында тек ТМД мемлекеттерінен балалар келетін. Биыл Қытайдан да, Еуропадан да, Америка Құрама Штатынан да жасөспірімдер келіп отыр. Бұның бір кереметтігі, бүгін бала, ертең халық. Елге келген соң бұл балалар бір-бірімен танысады, табысады, араласып-құраласып, дос болады. Сөйтіп, осы жеткіншектер келешекте Қазақстанды әрі қарай көркейтеді. Бұл жаққа келген көпшілігі – кейін елде қалып, квота арқылы жоғарғы білім алып жатқан жастар. Ол білімді алған соң, олар келешекте Қазақстанның азаматы болып шығады. Алдағы уақытта балалар санын екі-үш мыңға дейін арттырсақ дейміз, – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.
Биылғы 9-ауысымның ерекшелігі – дара да дарынды балалардың бас қосуы. Сайдың тасындай іріктеліп келген балалар лагерьге жолдаманы түрлі байқауларға қатысып, түрлі шығармашылық және спорттық жарыстардың жүлдегері атануымен жеңіп алды. Мысалы, бірі қанмен дарыған қарға тамырлы қазақтың балуандық өнерімен көзге түссе, енді бірі – есепке жүйрік балақайлар. Тағы бірі мәнерлеп өлең оқудан оза шапса, ендігісі – күміс көмей әншілер. Одан бөлек лагерьге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім бүлдіршендер де қатысады.
Ендігі бір артықшылық, осы жылы Қытайда Қазақстан туризмі жылы жарияланған соң, биыл алғаш рет Қытайдан 48 қандасымыз келді. Бұл қуантарлық жағдай. Сол секілді Ресей мен Моңғолия тарапы балалардың жазғы демалысына арнаулы мемлекеттік бағдарламаларын қолға алған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, тәжірибеде осы жоба арқасында атажұртқа көшіп келіп жатқан отбасылар баршылық. Демек, жас өрендердің елге келіп, саяхаттып кетуі ертеңгі күні өзге де қандастардың келуіне жол ашады.
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Сержан Әлібаевтың айтуынша, балалардың жазғы демалысы тиімді өтуі үшін дұрыс күн тәртібін ұйымдастыру маңызды. Сондықтан, отансүйгіш әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуде алғашқы күннен-ақ ұялы телефондарын жинастырып, салт-дәстүр негіздері дәріптеліп, білім беру үйірмелері таңдалады.
Шетте өскен адам үшін атажұрттың тау-тасы, топырағы, бәрі ыстық. Әсіресе алғаш рет келгендер үшін ерекше сезім. Балалар да шекарадан асып, елге аяқ басқанда, қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Олар бірінші күннен-ақ жауапкершілікті сезініп, бір-бірімен етене жақын араласып жүрді. Солардың қатарында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген 15 жасар Ұлпан Шымболатқызы бар.
«Әр баланың арманы болған «Балдәуренге», Отаныма келгеніме қуаныштымын. Бұған дейін Қазақстанға бірнеше рет келіп тұрдым. Әсіресе Астана әсемдігімен ұнайды. «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «ЭКСПО» аумағы ерекше көз тартады. Баян-Өлгеймен салыстырсақ, елордада тәртіп пен заңға үлкен мән беретінін байқадым. Мысалы, Астанада көше тәртібін бақылауда ұстайтын арнайы жасақты көрдім. Ал Моңғолияда бұл сирек кездеседі. Барлығы дамыған, адамдары да жылы қарсы алды. Қазақстан жастардың дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын, сондықтан болашақта елге көшіп келгім келеді. Бос уақытымда волейбол ойнап, ән айтқанды ұнатамын. Осы қырларымды атамекенімдегі түрлі жарыстарға қатысу арқылы шыңдағым келеді» деп бөлісті жас өрен.
Ұлпан сияқты талабы таудай бүлдіршіндердің басты арманы – атажұртқа оралып, Қазақстанда білім алу. «Елге ел қосылса – құт». Қандас жастардың атажұртқа оралуы – олар үшін ғана емес, біз үшін де үлкен қуаныш.
Индира Бержанова