Мәдениет

«АТАМЕКЕННЕН» – ПАРИЖГЕ

Мұражай – мәдениеттің мәйегі, кешегінің көрінісі, бүгінді ертеңге жеткізуші. Яғни, ғасырды ғасырға жалғаушы. Десе де, ел егемендігін алған тұста жүрісінен жаңыла бастаған біздің мұражайларымыз бүгінде бағытын түзеді, ілгерілеуге көшті. Тіпті, елорда төріндегі «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық кешені күні кеше халықаралық әріптестікке қол жеткізді.

Кешен басшысы, Қазақстан музейлері қауымдастығының төрайымы Үмітхан Мұңалбаева сонау Парижге барып, тиісті құжаттарды рәсімдеп те қайтты.
Еліміздегі екі жүзден аса музейдің басын қосып, қызметтерін ортақ арнаға табыстырған қауымдастық мүшелері енді Еуропа елдерінің мұражайларымен қойын-қолтық араласып, тәжірибе алмаса алады. Бұл құжаттың нәтижелі жетістігі сол, қауымдастық іргесі кең ЮНЕСКО тарапынан құрылған, мұражайлар қызметін ұйымдастыратын ИКОМ (International Council of Museums) халықаралық музейлер кеңесіне ресми түрде мүше болып қабылданды. Осы арада тарқата кетсек, ИКОМ халықаралық ұйымы 1946 жылы кәсіптік бағытта құрылған. Бас штаб пәтері Париж қаласында орын тепкен. Ұйымға профессор Дора Питер басшылық етеді. Ал, негізгі мақсаты, мұраты – музейлер қызметіне әдістемелік көмек көрсету мен мәдени мұраларды қорғау, әлемнің әр түкпіріндегі музейлерді өзара байланыстыру. Оған Орта Азия музейлері арасынан тұңғыш рет «Атамекен» этно-мемориалдық кешені мүше болып отыр.
Енді, бұл мүшеліктің қандай пайдасы немесе артықшылығы бар? Қазақстандық қауымдастық алдағы уақытта еліміздегі музейлерге инвес­торлар тарта алады. Жаңа технологияларды қолдана отырып, мұражай қызметін жандандыруға арналған бірден-бір мүмкіндік – бұл.
Бастаманың қолға алынуына қауымдастық төрайымы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызының ересен еңбек сіңіргенін айту керек. «Мен үлкен шаруа тындырдым деп айта алмаймын. Өйткені, игі істің жүзеге асуына алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениетке деген ерекше ықыласы және қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың үнемі қолдауы, жанашырлығы ықпал етті.
Қазақстан музейлерінің халықаралық ИКОМ ұйымына мү­шелікке қабылдануы – еліміздегі музейлер қызметінің табысы. Бұл тиімді әріптестік пен өзара ықпалдастыққа әсерін тигізіп, музейлердің қызметін халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ете алады. Алдағы уақытта ұйымның әлем елдері қолданып отырған тәжірибелерін еліміздің барлық музейлеріне таратамыз» дейді ол.
Сөз басында «Атамекен» кешені басшылығы Еуропа музейлерімен өзара тиімді әріптестік шарттарға қол жеткізді дедік. Қазақстан музейлер қауымдастығының басшылығы Францияның «Миниатюрадағы Франция» кешенінің директоры Фабрис Уотсс пен Италия Республикасының «Италия миниа­тюралар паркі» басшылығымен ресми кездесулер өткізді. Бұдан былай үнемі мәдени байланыста болуға уағдаласты.
«Атамекен» этно-мемориалды кешенінің директоры Үмітхан Мұңалбаевадан Париж сапарындағы әсерімен бөлісуді өтінгенбіз, тамсана әңгімеледі…
– Қазақстан мұражайларының бұл қадамы қатты қуантады. Енді мәдениеттің бесігі саналатын Франция астанасынан не көрдіңіз, не түйдіңіз?
– Иә, Парижге табан тіреу кім-кімнің де арманы. Ал, сол үлкен шаһардағы әріптестеріңмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу – ауыз толтырып мақтана айтарлық жетістік. Мәселен, «Миниатюрадағы Франция» кешені – әлемге танымал, ең әдемі әрі ең алып саябақтардың бірі. Бес гектар аумақты алып жатқан ашық аспан астындағы мұражайдан сол елдің бірегей нысандары мен ғажайып ғимараттарының кішірейтілген көрінісін айқын көре аласыз. Көз жауын алатын, кеудеге сәуле құятын керемет жауһарлар бар екен-ау!

Ең басты түйгенімді айтайын, осы паркті көріп, біздің кешеннің де ешкімнің дүниесінен кем емес екеніне қуандым. Соған тәуба дедім. Қызығы, бұл нысанға мемлекет тарапынан мүлде қаражат бөлінбейді екен. Ал, Қазақстанда мемлекет қазынасынан музейлердің дамуына, парктердің ашылуына, олардың әрі қарай өсуіне, өнуіне көп қаржы жұмсалады. Бұл – мәдениетке деген мемлекеттің қамқорлығы.
– Жаңа әлгі мұражай директорының біздің де кешенге таңданғанын айтып қалдыңыз…
– Иә, құр қол жүрмейтін әдетіміз емес пе қанға сіңген. Өзіммен бірге Елбасы өзі бас болып аштырған «Атамекен» жайындағы кітаптарды, тәттілерімізден ала барған едім. Әріптесім Фабрис Уотсс Қазақстанда өздерінікінен еш кем түспейтін кешеннің бар екенін көріп, таңдай қақты. «Әдетте, біз дәл осындай мұражай жасағысы келетіндерге ақыл-кеңес беріп, ашуға көмектесетінбіз. Ал, Қазақстандағы «Атамекен» кешенінің суреттерін көріп, таң қалып тұрмын. Неше түрлі тарихи ескерткіштер, өзен-көлдер, тау-тас – түгел қамтылған. Тіпті, біздің сіздерден үйренеріміз көп сияқты» деп ағынан жарылды ол.
Айтпақшы, ендігі жоспарымыз – Авс­трия мұражайымен ынтымақтастық орнату.
– Басқа қандай өзгешеліктерді көзіңіз шалды?
– Франциядағы саябақтың жиырма екі жылдық тарихы бар. «Атамекеннен» он жыл бұрын іргесі қаланған. Алайда, біздің мұражай сияқты жылдың төрт мезгілінде де қызмет етіп тұрған жоқ. Қыста есігіне құлып салынады. Тек көктем, жаз, күз мезгілдерінде ашық болады. Соның өзінде паркті екі жүз мыңға тарта адам келіп тамашалайтын көрінеді. Билет құны біздегідей 400 теңге емес, 4 мың теңге!
Ондағы ғимараттардың макеттерін мамандар ұзақ, айлап-жылдап жасайды екен. Мәселен, Эйфель мұнарасының кішірейтілген нұсқасын құрастыруға 150 мың евро мен бір жарым жыл уақыт жұмсалыпты ғой. Ал, тура осы көлемдегі үлгіні қазақ сәулетшілері айға жеткізбей және екі-үш есе арзан бағаға жасар…
Астананың төрінен Парижге қол созған, жол салған «Атамекен» кешенінің бұл бастамасы еліміздегі бар мұражайға жан бітіреді, өркендетеді, іргелі іске жұмылдырады деген сенімдеміз. Францияны бар-жоғы суретімен таңдай қақтырған «Атамекен» бірер жылдан кейін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне келетін бес миллион қонақты да сүйсіндірері тағы сөзсіз…

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button