Басты ақпарат

АТАУЛЫ КҮНІ – ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында Астана қаласының әкімдігі елорданың тұрмысы төмен тұрғындары үшін түрлі акциялар ұйымдастыруды қолға алды. Атаулы күні әлеуметтік көмек көп балалы отбасыларға, жетімдер мен жесірлерге, сондай-ақ, Ұлы Отан  және ауған соғыстарының ардагерлеріне көрсетіледі. 

Елімізде 1 желтоқсан – ҚР Тұң­ғыш Президент күні аталып өтпек.

Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­­қар­­ма­­сы­ бас­ты­ғы­ның орын­ба­са­ры Ол­жас­ Омар­дың ай­туын­ша, қар­жылай төлем ретіндегі көмек азаматтардың әр санатына беріледі. Мәселен, Ұлы Отан соғысы арда­гер­лері мен мүгедектеріне – 20 мың, ал, оларға теңестірілген тұлғаларға – 10 мың теңге көлемінде беріледі.

Қазіргі таңда Астанада 50 мың зейнеткер бар. Оның 322-сі соғыс ардагері болса, 4672 адам тыл ең­бек­кері. Қарияларға қамқорлық аясында емдеу сауықтыру орындарына тегін жолдамалар беріліп, соғыс ардагерлері мен мүгедектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүз пайыз шешілген.

Бас қалада табысы аз отбасылар да жоқ емес. Статистикаға сүйенсек, 995 отбасының әлеуметтік жағдайы төмен. Оның 200-ге жуығы атаулы көмек алады екен. Акция шең­бе­рінде мемлекеттік атаулы көмек пен жәрдемақы алатын мың отбасыға 50 келі картоп, 25 келі күріш, 5 келі қант және 5 литр сұйық майдан үлестіріп бермекші.

Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – интернатта тәрбиеленетін балалардың санын азайту. Астана қаласы Білім басқармасы бастығының орынбасары Римма Иманғазинованың келтірген мәліметіне сенсек, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арнал­ған астаналық ұйымдарда 1028 бала тәрбиеленуде, оның 472-сі қамқоршының қарауында. Мереке қарсаңында бұл балалардың барлығына қамқорлық көрсету көзделген.

Ұлт болашағын ойлау – ана мен бала мәселесіне ерекше назар аудару. Бүгінгі таңда Астанада 14 жасқа толмаған 169 639 бала бар. Бұл жалпы тұрғындардың 22 пайызын құрайды. Ерекше қолдау мен қамқорлық қажет ететін балғындарға да базарлық қарастырылған.

Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнәр Төлегенова Елордада туу көрсеткіші бірнеше пайызға артқанын алға тартты. Оның айтуынша, Тұңғыш Президент күні дүние есігін ашқан сәби мен олардың аналарына да ерекше сый-сыяпат әзірлеу жоспарға енгізілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button