Басты ақпаратМәселе

Атау бергенде адаспайық

Елордада ономастика жұмысы өзге өңірлермен салыстырғанда көш ілгері. Бас қала көшелерінің 90 пайыздан астамы ұлттық атауларға ие. Бірақ Астана құрылысы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Соған сәйкес жаңа көшелер салынып, шаһар тұрғындарының артуына байланысты қажеттілікке сай жаңа мектептер бой көтеруде. Жобалық көшелер сандармен белгіленіп, кейін оларға нақты атаулар беріледі. Орта білім беру орындары да солай.

Әсіресе, соңғы жылдары Астанада көптеген көше мен мектеп атауларға ие болды. Атап айтқанда, былтырдан бері осы күндерге дейін жетпіске жуық көшеге көрнекті тұлғалар мен жер-су аттары, жиырмаға тарта мектепке, екі мәдени ошаққа белгілі адамдардың есімдері берілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және тұлғалардың мерейтойларына орай қарқын алған бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Қала құрылысының барысына қарай да тоқтамайды. Жұмыс жүргізіліп жатқан соң, мәселелер де туындамай қоймайды.

Жақында Астана қаласы мәслихатында көше атауларына байланысты көпшілік тыңдаулар өтті. Онда қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қаланың ономастика комиссиясы таяуда мақұлдаған жаңа көшелердің атауларымен таныстырды.

Талқылау барысында қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов орынды мәселені көтерді. Ол тұлғалардың атына көше бергенде сол көшенің бойына тиісті тұлға туралы ақпаратты орналастыру керектігін, әлемдік тұлға әл-Фарабиге кезінде қаланың өнеркәсіптік аймақтан, шаһардың шетінен көше берілгені дұрыс еместігін айтты.

Шынында, белгілі бір тұлғаның атына көше беруге шешім шығарғанда, оның тарихта алатын орнына, елге сіңірген еңбегіне қарап берген жөн. Бұл тарапта бұрынырақта олқылықтар орын алмай қалған жоқ. Кейбіріне шолақ немесе шеткі аймақтан көше бұйырған. Әл-Фараби даңғылы да осылайша қаланың шетіне кетіп қалған. Сәкен Есіркептің айтуынша, бұл кемшілікті түзеу үшін тиісті әрекеттер жасалып жатыр.

Оның сөзінше, өткен жылы аталмыш басқарма бір істі қолға алып, қаланың негізгі көшелерінің барлық аялдамаларына QR-код орналастырды. Сол арқылы көшеге аты берілген тұлға туралы үш тілде 1,5 минуттық ақпарат алуға болады. Алдағы уақытта бұл жұмыс тұрғын алаптарда да жалғасады.

«Железнодорожный» тұрғын алабында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің аты берілген көше бар. Қалалық мәслихат депутаты Гүлжамал Жапарованың пікірінше, бұл көше батыр атына лайық емес. Ұзындығы 400 метрге де жетпейді, оның үстіне шеткі аймақта орналасқан.

Сол отырыста мектеп атаулары күн тәртібіне шығарылмаса да, мәслихат депутаты Азамат Айтхожин қаладағы №20 мектепке Шәкен Аймановтың атын беруге қарсы шықты.

– Шәкен Айманов – қазақ кинематографиясын көтерген біртуар азаматтың бірі, мақтанышымыз. Неге №20 мектепке атын беріп отырмыз? Ол мектептің қайда екенін білесіздер ме? Қаланың сыртында, орыс тілінде оқытатын мектеп, – деді мәслихат депутаты.

Сәкен Есіркептің айтуынша, мектептерге атау беру үшін көрнекті тұлғалардың тізімі жасалып, қалалық Білім басқармасына жіберілді. Ал аталмыш басқарма мектептерге таратты. Орта білім беру орындарына сол тізімнен өзінің бағытына келетін тұлғаны таңдау еркі берілген. Осылайша Шәкен Аймановтың атын алуға №20 мектеп қана ниет танытқан. Алдағы күндері мектептерге атау беру мәселесі мәслихаттың қарауына шығарылады. Оның арасында №20 мектеп те бар.

Еліміздегі киноөндірістің бірден-бір ошағы «Қазақфильм» АҚ Шәкен Аймановтың атында екені белгілі. Негізі, кино мен театр майталманының есімі жас ұрпақты өнерге баулитын жоғары оқу орнына берілсе де, артық емес. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті қазақ киносының атасы, театр тарланы Шәкен Аймановтың атын иеленсе, құба-құп. Осы жағын қолға алу керек деп есептейміз. Кино мен театр, музыка мамандарын дайындайтын елордадағы жоғары оқу орны оның атын алса, ұтпаса, ұтылмайды. Ал енді Шәкен Айманов көшесі де қып-қысқа. Оның келіні, (Кәукен Кенжетаевтың жары) атақты әнші – Шабал Бейсекова көшесі одан он еседей ұзын. Бұл өзі дәстүрге де, жөн-жобаға сәйкес келіп тұрған жоқ-ау…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button