Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Атаудан неге алжастық?

Қазақстанда кез келген асханаға кіріп ас мәзіріне көз жүгіртсеңіз, қате жазылған, ұлттық ұғымымызға сай келмейтін атаулардан көз сүрінеді. Керек десеңіз, басқа ұлттарды былай қойғанда, қазақтың өзі кекесіндеу деп түсінетін «бешбармақ» секілді атау да сол аз мәзірінің ең басында тұр. Үлкен қалаларда, халық жиі қоныстанған өңірлерде «бешбармақ» немесе «бесбармақ» дейтін атауға ие асхана, дәмхана, мейрамхана да көп. Сондай дәмхананың бірін Астанадан көрдік.

Тәуелсіздік даңғылы бойындағы «МсDoner`s кафесі» – жұрт көп баратын орынның бірі. Бірақ осы дәмхананың маңдайшасындағы «Бешбармақ орталығы» деген сөздің түбі шикі атау екенін жұрттың көбі ескере бермейді.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия» атты еңбекте «бұл – қазақтың бас тағамының орыс тілінен ауысып қалыптасқан атауы. ХІХ ғ. қазақ арасына тілмаш боп келген татар-башқұрттардың қамыр қосып тартқан етті қолмен алып жегенін білдіретін «беш бармак» деген атаумен байланысты қалыптасса керек. Соңғы бірнеше ондаған жылдар ішінде басқа халықтардың, әсіресе орыс тілділердің айтуымен қазақша еттің жалпы атауы ретінде қолданысқа еніп кеткен. Қазақ ешқашан қонағына тартқан ең басты асы – етті бұлай атамаған» деп анық­тама берген.

Сөздің этимологиялық тұрғысынан алып айтсақ, қазақта «беш» деген сөз жоқ, ал қолда бас бармақ қана болады, қалғаны – саусақ. Демек, бұл – аяғы ақсақ, көзі соқыр, мұрны пұшық, қазақы ұғымға мүлде сай келмейтін атау. Бірақ соған қарамай кейбір қазақтардың өздері де «бешбармақ» деп атап жүргені – сипай қамшылап айтсақ ұят, турасын айтсақ әбестік.

Қазақта еттен жасалатын қуыр­дақ, сірне сияқты ет тағамдарының түр-түрі бар. Буы бұрқырап, қазы-қартасы, жал-жаясы мен жамбас-жілігі төңкеріліп келетін ең басты тағамы – еттің орны қазақ үшін әрқашан бөлек. Оған басқа ат қойып әуре болмаса да, қазақтың кәде бойынша тарататын ет тағамы тамақтың төресі десек қате­леспейміз.

2000 жылдардың басы болса керек, ақын Қонысбай Әбіл Астана қаласы әкімдігі жанынан құрылған Тіл секторына басшы болып тұрған кезде, елордада жаңадан ашылып жатқан мекемелердің (мейрамхана, дүкен, дәмхана, т. б.) атын қою үшін кәсіпкер Тіл секторымен келісетін тәртіп болыпты. Осы ұстаным бойынша мейрамхана ашып, оған «Бешбармақ» деп ат берген кәсіпкердің ұсынысын Қонысбай Әбіл өткізбей қойыпты. Кәсіпкер соттасуға дейін барыпты. Сот үстінде марқұм Ақселеу Сейдімбек «Бешбармақ» деген – қазақты кемсітіп, қорлап айтылған сөз. Бұл – «калбит» деген сөздің екінші баламасы. Отаршылар бізді мәдениетсіз, қалай тамақ жеуді білмейді, көрсоқыр, надан деп, етті қолмен жегеніміз үшін осылай келекелеп атаған. Мұндай отаршылар енгізген итаршы сөздің Астананың төрінде тұрғаны – құлдықтың айқын белгісі» деген уәж айтып, кәсіпкерді жүйеге жыққан екен. Ал қазір ше? Қонысбай, Ақселеудей ағаларымыз арамыздан кеткен соң сол «бешбармақ» атауын бас қаланың төріне жарқыратып тұрып іліп қойдық. «МсDoner`s кафесіндегі» «Бешбармақ орталығы» деген сөз соның дәлелі емес пе?..

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button