Руханият

Атаулардың астары терең

Биыл – көрнекті әдебиеттанушы, өнертанушы, ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Тарихта есімі қалған ел тұлғаларын ұлықтағанда оның артында қалған мұраларын дәріптеп, келешекке тағылым болатын істерін ел арасына насихаттау, үлгі тұту өзекті. Бұл тұрғыда академик Әлкей Марғұлан шығармаларында аса көңіл аударған мәселенің бірі – қазақтың байырғы замандағы жер-су аттары. Бүгінде осы мәселе өте маңызды. Өйткені көптеген жер-су атауы соңғы екі ғасырда негізсіз өзгергені белгілі. Ендеше олардың атауларын ел санасына сіңіру, мүмкіндігінше қалпына келтіру маңызды іс болмақ.

Осы орайда академик Әлкей ­Мар­ғұлан ең­бек­теріне жіті көз салып, онда­ғы жер-­су аттарын ғалымның ғылыми тұрғыда қалай зерделегеніне көңіл аударған дұрыс. Ә.Мар­ғұланның басты еңбектерінің бірі Манас жырына арналғаны белгілі. Бұл эпопеяда Қазақстанның жер-су аттары жиі кездеседі. Солардың ішінде Іле өзені бойы, Қарқара, Манастың бозтөбесі өңірі, Тарбағатай, Алтай тау­лары, Орталық Қазақстан жеріндегі атаулар көп айтылады. Манас батырдың Аққұла тұлпары мекенінің Беғазы (Қазылық тауларының бірі) тауына қатысы бар деп болжам жасайды. Ақтоғай, Тоқырауын ақсақалдарының айтуынша, Манас – Ер Көкшенің баласы. Оның Аққұла атының жайылған жері – Беғазы тауының бөктері. Аққұла күндіз Беғазы тауының іргесінде жайылып, түнге қарай басына шығып, Тас-Ақырдан шөп жейді екен. Беғазы тауының басында Аққұла шөп жеген Тас-Ақыр, су ішкен Тас қазаны бар. Сонда тұлпардың тұя­ғының таңбасы қалған, оны жергілікті халық «Манас­тың Аққұласы тұяғының таңбасы» деп санайды.

Ә.Марғұлан өзінің шығармасында Қарқаралының күншығысында, Семейдің күнбатысында тұратын биік тау­ларға (Кент, Мыржық, ­Абыралы, Дегелең) ерте заманда қарлықтардың қоныс­танғаны қытай деректерінде ұшырасатынын жазып, кейбір ғалымдардың қарлықты «қазылық» деп атауының негізі сонда жатыр деген ой айт­қан. Бұл түркі тілдеріндегі р/з дыбыстарының сәйкестігінен де хабар береді. Бүгінгі таңда түркологтардың басым көпшілігі з дыбысы р дыбысынан дамып шықты деген пікірде.

Қазылық «Манас» жырында да жолығып отырады. В.Радлов Қазылық тауы Қазақстан жерінде екенін ашық көрсеткен. «Қорқыт ата» кітабында да Қазылық Қожа және Қазылық қара ат (тұлпар) атау­лары ұшырасады. Қорыта келсек, «Қорқыт» эпосында Қазылық тауы – қазіргі Қарқаралы тауларының жиынтық атауы. Үш Қазылық, Бес Қазылық, Он екі Қазылық таулары – бұл Арқаның таулы өлкесінің ежелгі атауы, ол түркі дәуіріндегі қарлық елі туралы дереккөз бола алады. Дегенмен бүгінде ескі көз қариялар болмаса, бұл таулар жүйесін Қазылық таулары деп ешкім атамайды. Соңғы рет бұл атау Күдері қожа, Бұқар жырау өлеңдерінде кездеседі:

Он екі Қазылық, Ой Түндік,

Шауып шықтым белеңге.

Тау суындай сарқырап,

Әскерің жатыр өреңде.

«Қорқыт ата» кітабындағы Қазылық Қожа, Қазылық қара ат атаулары Қазылық орониміне сәйкес аталған деу керек. Түркі тектес халықтарда өткен дәуірлерде белгілі болған тұлғалар аттарын кіндік қаны тамған жер атауымен қоса атап отырған. Алайда бұл атаулар уақыт өте келе ұмыт болып бара жатыр.

Ә.Марғұлан Х ғасырдағы әл-Идрисидің карталарындағы жер-су аттарын зерделей отырып, олардың Сарысу, Торғай өзендері мен Ұлытау өңіріне байланысы бар екенін атап көрсетеді. Араб географы еңбегінде Хорезм көлі – Арал теңізі, Тараз қаласы, Шаш өзені – Сыр­дария атау­ларына тоқтала келіп, осы елді мекендердің солтүстік-шығысын оғыз­дар мекендегенін, олардың ­Гарбиан, Даранда, Бадагах, Дарку, ­Нуджах, Хиам, Дахлан, ­Джаджан атты қалалары болғанына тоқталған. Ар­хеолог ­Ж.Смайыловтың пікірінше, бұл атаулардың дені Орталық Қазақстан жерінде кездеседі. Мысалы: Руза – қазіргі Сарысу өзені, Магра – Кеңгір өзені, Горгуз – Теңіз көлі, Аскарун – Бұғылы, Музгар – Ұлытау, Ортог – Ортау, Кертаг – Қызылтау таулары. В.Тизен­гаузен зерт­теулеріне сүйене отырып, ар­хеолог Руза – Сарысу өзенінің XIV ғасырда Сарыгузен атал­ғаны туралы да мәлімет береді. Ж.Смайылов дәлелдері Ә.Х.Мар­ғұлан тұжырымдарымен сәйкес келіп отырады. Мәселен, Әлкей Марғұлан Ортог, Кертаг оронимдерін Орталық Қазақстандағы Ортау мен Қызылтау деп көрсеткен.

ХХ ғасырдың басына де­йін солтүстік аймақтарда тұратын қазақтардың тамақ да­йындауға арналған бақыр-қазаны болған. Бұған қатысты жер атауларын атап айтсақ: кен, кеніш, кенші, кен ошағы, кенқазған, кен шоқы, қалайы, қалайышы, қалайылаған, қола, қолаба, Қалба тауы, мырыш, мыршым, Жезді, Жезқазған, Қазансынған, Қалайықазған, Кенгей, Кенгір, Кенқорытқан, Қорғасынтау, Ұстаның жалы, Темірші, Кентау.

Жалпы қазіргі жас ұрпақ Қазақстан территориясындағы көне жер-су аттарын ұмытпасын десек, оны ұлттық тарихпен байланыстырып, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқулықтарға, хрестоматиялар мен оқу құралдарына енгізу мәселесін оқулықтарды жазатын тарихшылар мен мектепте дәріс беретін оқытушы-мұғалімдер ерекше қолға алуы керек. Екіншіден, арнайы Қазақстан тарихы бойынша карталарда жер-су, қала, мекендердің көне және бүгінгі таңдағы ғылыми тұрғыда дәлелденген аттары мүмкіндігінше қатар берілгені дұрыс. Бұл істен Білім беру министрлігі, мектеп оқулықтарын даярлау саласында қызмет ететін басшылық органдар мен комиссиялар шет қалмауы керек. Жергілікті мекендердің халқы мен әкімдігі де жер-су аттарына мән беріп, көне көз қариялардың естеліктерін ескеру және бұл мәселемен айналысатын ғалымдардың еңбектерін оқып, талқылау, сөйтіп ел құлағына, жас ұрпақтардың санасына жеткізе беру осы бір ортақ, елдік мәселенің бірте-бірте дұрыс шешілуіне мүмкіндік беретіні анық.

 Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Л.Гумилев ­атындағы ­Еуразия ұлттық ­университеті ­жанындағы «Еуразия тарихы және ­мәдениетін зерттеу» ­орталығының директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button