Басты ақпаратҚоғам

«Атаулы күннен» аларымыз көп

Жақында «Астана ақшамы» газетінде (№140 (4573), 25 қараша, 2023 жыл) Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің Бауырсақ күнін атаулы күндер тізіміне енгізу туралы ұсынысқа қолдау білдірген «Бауырсақ» деген мақаласы жарияланды. Халқымыздың ет жеп, қымыз ішіп қана жүре бермей, осыдан неше мың жыл бұрын бидай егіп, ұн тартқанын, одан бауырсақ пісіргенін айту арқылы қазақтың неше мың жылдық тағам мәдениетінен сыр шерткен мақаланы бауырсақ жегендей обырланып оқыдық.

Жалпы бұл арада Мұхтар Мағауин «бауырсақ күнін атап өтуге» қолдау білдіру үшін ғана өз «бауырсағын» пісіріп отырған жоқ. Бұл қолдаудың астарында ұлттық мінезбен ұштасқан керемет ұлттық идеология жатыр. Мәселен, көрші түркімен елінде «қауын күні», «ақалтеке күні», «алабай күні» сияқты күндерді тойласа, Қытай елінің бізбен іргелес өңірі – Шыңжаңда саяхат шаруашылығын дамыту үшін өңірлік ерекшелікке қарай «балық аулау мерекесі», «саятшылық мерекесі», «қар-мұз мерекесі», «бұрыш мерекесі», «сыра мерекесі», «тауық мерекесі», «тау гүлін тамашалау мерекесі», «ат шана мерекесі», «көкемарал мерекесі», «тау шаңғы мерекесі» (Қытайда атаулы күндерді мереке деп атайды) сияқты бір ауданның бір ерекше мерекесін тойлау дәстүрге айналған. Бұл күндерде арнаулы демалыс берілмейді, бірақ сол мерекені тамашалау үшін алыс-жуықтан көп адам жиналады. Бұл сол өңірдегі асхана, қонақүй саудасының жандануына мұрындық болады. Яғни Үкімет ақша жұмсап өткізгенмен, кәсіпкерлер күреп ақша тауып, салық түсімі көтеріледі. Сондай-ақ мерекеге арқау болған бұрыш, сыра сияқты өнімдердің атағы аспандап, бағасы да соған сай қымбаттай түседі. Мәселен, қазақтар тұратын Тоғызтарау ауда­нында «лақ мерекесін» өткізіп, ешкінің 6 айлық төлі еркек қойдан екі есе қымбатқа сатылғанын көзіміз көрді. Осыдан кейін әлгі аудан сол мереке өткен жерге «лақ мекені» деген ат беріп, ешкі етінің емдік рөлі жөнінде керемет жарнама жасады. Мұны көрген қытайлар лақ етін жеу үшін неше мың шақырым жол басып келетін болды. Міне, атаулы күнді мерекелеудің кереметі.

Қазір біздің елде тек «домбыра күні» ғана аталып өтіп жүр. Ал шын мәнінде Қазақстанда атаулы күнге арқау болатын айтулы тағамдар, мағынасы терең салт-дәстүрлер аз емес. Жоғарыда тілге алынған бауырсақтан бастап қазы-қарта, қымызға дейін тізбелесек, біраз атаулы күн жасауға болады. Кезінде Дархан Мыңбай Оңтүстік Қазақстанда әкім болып тұрған кезде «қымызмұрындық күнін» атап өтіп, ұмытылып бара жатқан бір жақсы дәстүрді қозғап еді. Кейін Дәкең кеткеннен кейін ол да ескерусіз қалды. Шын мәнінде, атаулы күндерді атап өту арқылы саяхат шаруашылығын дамытып, ұмыт болған ұлттық құндылықты ұлықтап, «екі алып, биге шығуға болады». Мәселен, «салбурын күнін» атап өтсек, жоғалып бара жатқан тазыны, төбетті қайта «тірілтіп», құсбегілік өнерді де түлежітуге болар еді. Үздіктерді анықтаған кезде құсбегілердің қазақы киіміне, ат әбзелдерінің әдемілігіне де назар аударылса, ұлттық қолөнеріміздің дамуына да тың серпін берер еді.

Қазір әлемде саяхаттың түр-түрі пайда болды. Бұрынғыдай асқар тау, асау өзенді, әсем қаланы тамашалаудай жалаң мазмұнды саяхаттау туристерді баураудан қалып барады, керісінше, ұлттық ерекшелікті, өңірлік өзгешеліктерді тамашалауға, бұрын дәмін татып көрмеген тамақтарды жеуге деген ынта күшейді. Осы тұрғыдан алғанда, бауырсақ күні, қымызмұрындық күні сияқты күндерді атап өту сая­хатшыларды да баурайтынын ескерген жөн. Оның үстіне, қазір Қазақстанда шетелдің тағамдары, шетелдің дәмханалары жыл сайын көбейіп, қазақы тағамдарды ығыстырып барады. Ең аталы тағамымыз – еттің өзін орыстың орашолақ қазақты кемсіте қойған атауы «бешбармақпен» атап жүрген қазақ өзінің көп тамағын ұмыта бастады. Мәселен, жоғарыда тілге алған бауырсақтың жұрт қанша түрін біледі? Егер «бауырсақ күнін» атап өтетін болсақ, бауырсақтың ши бауырсақ, шумақ бауырсақ, қарала бауырсақ, домалақ бауырсақ, жалпақ бауырсақ, түйе бауырсақ, ақ бауырсақ, тұш бауырсақ, бармақ бауырсақ, май бауырсақ, шай бауырсақ, өрме бауырсақ, кепе бауырсақ, сапар бауырсақ сияқты түрлері дастарқанымызға керемет сән қосар еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button