Атаулы жыл жұмысшыны жарылқай ма?
Былтыр жария болған Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» екені белгілі. Өткен желтоқсан айының соңында Президент бұған қатысты Жарлыққа қол қойып, тиісті құжат күшіне енді. Оң бастаманың мақсаты біреу-ақ: ол – нағыз еңбек адамдарын қоғамда дәріптей отырып, елдегі түрлі жұмысшы мамандардың мәртебесін әйгілеу, насихаттау. Енді әр салада тер төгіп жүрген азаматқа, яғни құрылысшы, диқан, жүргізуші, шахтер, кенші және басқа да көптеген қарапайым жұмысшы өкіліне құрмет артар деген сенім бар.
Үкімет үндемей қалмайды
Осы аптада Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының тақырыбы осы болған. Жиында мәлім болғандай, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауда Үкімет «Жұмысшы мамандықтарының жылын» ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарын бекіткен. 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатта жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру мәселесін қамтыпты.
Бір белгілісі, осы отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елдегі 4,8 миллион адамның (барлық жұмыс істейтін азаматтың 52 пайызы) кәсіптік немесе техникалық білімі барын айтты. Өткен жылы мұндай мамандарға қажеттілік (270 мыңнан астам бос жұмыс орны) жоғары болған. Кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие.
«Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп жоспарлануда. Мұның жартысынан астамы кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге тиесілі болса, оның ішінде 400 мыңға жуығы – жұмысшы мамандықтары. Бұған мамандандырылған техника жүргізушісі, сантехник, дәнекерлеуші, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жатады» дейді министр.
Елордада атаулы жылға орай 8 мыңнан астам азамат түрлі мамандық алатынын айтты. Оның ішінде 5 мыңнан астам адамды кәсіптік оқыту жоспарланған. Бұған газ және электрмен дәнекерлеуші, көлік жүргізушісі, ағаш және жиһаз өндірісі шебері, аспаз, шаштараз, тігінші, киім пішуші, гүл өсіруші, модельер-конструктор, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май және автошиналарды ауыстыру авто маманы және т. б. оқыту кіріп отыр
Зәруліктің бірі – техникалық мамандық
Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс саласында кадрға қажеттілік 39 мыңнан астам адамды құрайды. Мұны да Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Оның айтуынша, ең үлкен тапшылық құрылыс, су саласы, өңдеу өнеркәсібі, металлургия және тау-кен өндірісінде болып отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін министрлік жаңа мамандықтар атласына 75 мамандық енгізген. Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың сөзінше, республиканың отын-энергетика кешені саналатын 1671 кәсіпорында 303 мыңнан астам түрлі кәсіптегі қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ 2030 жылға дейін салада 83 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құрып, 99 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Тағы бір тың жаңалық, елдің көлік-логистика саласында 25 жаңа мамандық пайда болады. Көлік министрі Марат Қарабаев айтқандай, автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялауды жобалау кезінде «ақылды жолдар» бойынша тиісті инженер-жобалаушы, BIM технологиясында жұмыс тәжірибесі бар прораб, құрылыс роботтарының операторы және цифрлық жобалаушы қажет болады. Сондай-ақ саладағы ірі тораптарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталар конструкторы мен операторы сияқты мамандар да керек.
Ал бейсенбі күні Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб елордада атаулы жылға орай 8 мыңнан астам азамат түрлі мамандық алатынын айтты. Оның ішінде 5 мыңнан астам адамды кәсіптік оқыту жоспарланған. Бұған газ және электрмен дәнекерлеуші, көлік жүргізушісі, ағаш және жиһаз өндірісі шебері, аспаз, шаштараз, тігінші, киім пішуші, гүл өсіруші, модельер-конструктор, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май және автошиналарды ауыстыру авто маманы және т. б. оқыту кіріп отыр.
«Бос орындар жәрмеңкесі арқылы колледж түлектерін жұмысқа орналастыруға күш саламыз. Жұмысшы мамандықтарын таңдауда 9-11-сынып түлектеріне ұдайы кәсіптік бағдар берілмек. Еңбек күніне орай форум өтіп, өз саласындағы еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарына құрмет көрсетіледі. «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинацияларын қамтитын «Еңбек жолы» және «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» номинацияларымен «Парыз» конкурсы өтеді» дейді ол.
Ал Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың сөзінше, елордада атаулы жылға қатысты 6 бағыттан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілген.
«Биыл мектептің жоғары сынып оқушыларымен колледж базасында жұмысшы мамандық дағдыларын игеру бойынша жоба жүреді. Яғни 10-11-сынып оқушылары мектепте оқумен қатар, колледжде практикалық дағдылардан өтіп, бір жұмыс біліктілігіне ие болады. 10-нан астам мамандық таңдап, оқу қорытындысымен 1,5 жылдан кейін аттестат пен жұмыс біліктілігін беру туралы куәлік алады. Масштабтау аясында 300-ден астам оқушы қабылдауды жоспарлап отырмыз. Былтыр бұл пилоттық жоба ретінде басталып, 156 оқушы мектеппен бірге үш колледжде аспаз, тігінші, электр және газбен дәнекерлеуші мамандығымен білім алуды бастаған еді. Алдағы уақытта оларға жұмысшы біліктілігін растайтын құжат беріледі. Сондай-ақ кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында университеттер және колледждердің қатысуымен Астана мектептерінде әр бағытпен 100 бейіндік сынып ашылады» дейді басқарма басшысы.
Брифингте жергілікті бюджет пен жұмыс берушілер тарапынан жеке инвестицияларды тарта отырып, 2025-2027 жылдары колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылатыны айтылды. Биыл бас қалада колледж студенттеріне арналған мың орындық жатақхананы салу жоспарланған. Сонымен қатар қалада жұмысшы мамандықтар аллеясы ашылып, жыл бойы кәсіби мерекелерге арналған концерт бағдарламалары ұйымдастырылады. Түрлі мамандық өкілдеріне арналған «Мамандығым – мақтанышым» қалалық шығармашылық байқауы, жұмысшы мамандықтары жылына арналған суретшілер симпозиумы өтпек. Қала музейлерінде тақырыптық экскурсиялар мен көрмелер ұйымдастырылып, театрларда еңбек адамдарын дәріптейтін қойылымдар көрсетіледі.
Жұмысшының бір мұңы – жалақысы
Иә, осынша мамандық иелерінің құрметіне тұтастай бір жылдың арналуы сан мыңдаған еңбек адамдарының еңсесін көтеріп, жігерлендіретіні анық. Әрі еңбек өнімділігін еселеп арттыруға септігін тигізеді. Әрине, айтылып жатқан қолдау шаралары ұмытылмаса.
«Жалпы озық елдердің тәжірибесінен жұмысшы маманды жан-жақты қолдап, ортақ іске жұмылдыру арқылы стратегиялық жоспарларын шындыққа айналдырғанын көруге болады. Әлем бойынша ең дамыған экономиканың бірі, экономикалық дамудың Шығыс Азия моделін таңдаған Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және әлем көшбасшысының бірі Қытай елі жұмысшы мамандықтарға басымдық беріп, ауыр өнеркәсіптен бөлек, шағын және орта бизнесті, отбасылық кәсіпті ілгерілетудің оңтайлы жолын тапты. Мәселен, Оңтүстік Корея ХХ ғасырдың 60-жылдары аграрлы саясат ұстанған кедей мемлекет болса, қазір дамыған өнеркәсіптік елге айналды. Әсіресе тұрмыстық электрониканың ірі өндірушісі болып отыр. Жетістік оңай келмеді. Ел азаматтарын техникалық мамандықтарға қызықтырып, ірі өндіріс орындарын құруға басымдық беріп, солармен қатар шағын және орта бизнес кластерін дамытуға жол ашты. Бастысы, кореялықтардың еңбекқорлығын шыңдап, күнұзақ жұмыс істеуге үндеді. Бүгінде жалпыұлттық мұрат шындыққа айналып, әлемдік экономикада Оңтүстік Корея 12-орынға тұрақтады. Біздің елге де ұзақжылдық стратегиялық жоспарларды орындауда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ортақ іске белсенді араласып, еңбекқорлық танытуы керек. Онсыз мақсат баянсыз, мұрат аяқсыз қалады» дейді сенатор Руслан Рүстемұлы.
Сенат депутатының айтуынша, ірі өндіріс орындарынан бастап күнделікті аяқ киім
тігетін еңбек адамына дейін лайықты баға берілсе, қоғамдағы орны биіктейді.
Көпшілік «Жұмысшы мамандықтары жылын» бос дақпыртпен өткенін қаламайды. Әрі оңды-солды марапат немесе түрлі алғыс хат немесе грамота, толып жатқан төсбелгі қарапайым жұмысшыға қолдау болмайтыны белгілі.
«Мұндай атаулы жылды пайдаланып, әр өңір басшылығы ауыл не қалада болсын, нағыз тапшы мамандықты дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашса деймін. Қазір ауылда трактор, комбайн руліне отыратын механизаторлар тапшы. Көбі зейнетке шықса да осы жұмыста жүр. Басқа ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндейтіндер қатары сиреген. Қаладағы өндіріс орындарында кейбір мамандық тапшы дегенді естиміз. Тиісті құрылымдар қай мамандыққа сұраныс басым екенін зерттеп, мұны қазірден қолға алса деймін. Қалай болғанда да еңбек адамдарына арналған жылдың шарапатын халық сезінуі тиіс» дейді еңбек ардагері Жұмасейіт Нұрбаев.
№2 «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Рысжан Шамұратованың айтуынша, қоғамда жұмысшы мамандық иелеріне лайықты қызмет көрсетіліп, мемлекет тарапынан бар мүмкіндік қарастырылғаны жөн.
«Қарапайым мысал келтірейін. Өзім басқаратын білім мекемесінде сантехник, электрик, аула сыпырушы, асхана қызметкері, жүргізуші, т. б. кәсіп иелері бар. Шынымды айтсам, үлкен қалада осы мамандыққа сәйкес қызметкер табу қиын. Себебі сантехник жеке жұмыс жасағанды ұнатады. Күнделікті жақсы табыс табады. Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды десек, дәл осы жалақыға мектеп еденін жууға ешкім келмейді. «Мұндай жалақымен күн көре алмайсыз ғой», «Осындай үлкен мегаполисте ме?», «Әзілдеп отырған боларсыз?». Бұл вакансиямен келген жұмыс іздеушілердің сөзі. Тағы бір мысал, жаңа оқу жылының басында асханаға қызметкерлер табу қиынға соқты. Алғашқы аптада балаларды аш қалдырмаймын ғой, өзіміз бір амалын таптық. Колледж бітірген жас аспаздарды шақырсақ, олар мүлде келмейді. Себебі біреу – жалақы өте төмен. Келген адамға қосымша жарты бірлік қосып беріп, жұмыс істеуіне әрең көндіресің. Халықтың күнкөрісі сол кішкентай жалақысы болса, шынымен, қарызға кірмей, несие алмай қалай отырады? Басқа жұмысқа бара алмайды, себебі мамандығы сол» дейді ол.
Мектеп басшысының сөзінше, арнайы белгіленген жылда мемлекет ең бірінші олардың жалақысының артуына ықпал жасау керек.
P.S: Үкімет отырысында экономиканың басты өндірістік қуаты кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар екенін айтқан Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырғаны белгілі болды.
«Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және «Отбасы банкпен» бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын» деді сонда О.Бектенов.
Үкіметбасы айтқандай, жұмысшы мамандық өкілдері арнайы бағдарламамен үйлі болса, бұл салаға деген қызығушы буынның қатары артары сөзсіз. Әрі жалақысы жоғары еңбек адамының да көңілі хош, базары бақыт. Өз Отанының мүддесі үшін бар жігерін аямай қызмет қылары анық.
Ержан ҚОЖАС