Басты ақпарат

Атом апатынан алыстаған күн

Биыл – Семей полигонының жабылғанына 31 жыл, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Атом қуаты халықаралық агенттігіне  қосылғанына 28 жыл толды. Сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне де 13 жылдан асты. Атом апатынан бас тарту, ядролық қарусыз ел құру жағындағы Қазақстанның бұл қадамдары елімізді антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналдырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста «Ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыру менің үкіметімнің сая­сатындағы басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс соңғы отыз жыл ішінде Қазақстанды ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың жақтаушысы етті. Сонымен қатар біздің ұлттық тұтастығымыздың бір бөлігіне айналды» деп атап көрсеткен болатын.

[smartslider3 slider=3835]

Адамзатқа келген алапат

Хиросимадағы жарылыстан бастап есептесек, адамзаттың ең алғашқы ядролық қарудан зардап шеккеніне биыл, міне, 77 жыл толды. АҚШ-тың атом қаруын жасауы және оны 1945 жылы шілде айында сынақтан өткізіп, тамыз айының басында Жапонияға тастауы әлемдегі атом дағдарысына және ірі елдердің атом қаруын жарыса жасауына мұрындық болды. Кейбір деректерде «АҚШ сол кезде Жапонияға 3 атом бомбасын тастаған, оның біреуі жарылмай қалып, жапондар оны Кеңес Одағына беріп, осы арқылы соғыста шартты түрде тізе бүккен. Жарылмай қалған осы бомба Кеңес Одағының ядролық қару жасау аяқ алысын зор дәрежеде тездеткен» деген мәлімет те айтылады. Мейлі, қалай болса да, АҚШ алғашқы атом қаруын қолданғаннан кейін АҚШ пен қара таласып келе жатқан Кеңес Одағы да көп ұзамай бұл қаруға қол жеткізді.  Кеңес Одағы аумағындағы ең алғашқы ядролық қару сынағы 1949 жылы қазақ жерінде – Семей сынақ алаңында жарылды. Міне, осы күннен бастап қазақ халқы да атомның зардабын тартты.

Қатысты деректерге қарағанда, 1945 жылдан 1991 жылға дейін Қазақстанда 500-ге жуық сынақ жасалып, сынақ алаңымен шекаралас аудандардағы халықтың денсаулығына, экологиялық ортаға орасан зор зиян келтірілді. Бірақ қызыл империя жергілікті халықтың бұл жағдайымен санасқан жоқ, 1963 жылы атмосферада, суда және ғарышта атом қаруын сынауды тоқтату жөніндегі келісімшартқа қол қойылса да, шарт талаптары орындалған жоқ. Керісінше атом сынағы бейбітшілікке бағытталған, халыққа, қоршаған ортаға зияны жоқ деген екіжүзді сұрқия саясат ұстанып, жасырын сынақтарын жалғастыра берді. Міне, осы жағдайға байланысты 1989 жылы ақпанда Қазақстандағы ядролық жарылыстарға қарсы «Невада – Семей» антиядролық қозғалыс басталды. Бұл бастама бүкіл әлем халқынан қолдау тапты. Осы қозғалыстың ықпалымен 1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 2009 жылы БҰҰ 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде декларация қабылдады. ҚР Үкіметі 2019 жылғы 3 шілдеде №467 қаулы шығарып, 29 тамыз елімізде Семей ядролық полигонының жабылу күні ретінде атап өтуді ұйғарды. Біздің бұл күнді айрықша әспеттейтініміздің сыры, міне, осында.

Қазақ халқын да қасіретке батырды

Қазақстан Республикасы дүниежүзілік тарихта жойқын ядролық полигонды жапқан және жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет саналады. Семей ядролық полигонының жабылуы қазақ халқы қырық жыл күткен тағдыркесті шешім еді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметтеріне жүгінсек, Семей полигонындағы атом бомбасы қаруын сынақтан өткізу салдарынан 1,5 миллион адам зардап шеккен. Семей қаласы мен оның төңірегінде онкологиялық аурулармен ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 263,3 адамды құраса, ұлттық көрсеткіш 184-ке жеткен.

Ал Семей полигонының тарихына келер болсақ, 1949 жылы 29 тамызда Кеңес Одағы алғашқы ядролық қаруды сынақтан өткізіпті. 1949-1989 жылдар аралығында қазақ жерінде кем дегенде 456 ядролық сынақ, сонымен қатар ондаған гидро­ядролық және гидродинамикалық сынақ жүргізілген. Бұл оңай көрсеткіш емес. Осы тұрғыдан алғанда, Семей полигонының жабылуы Қазақ елінің ең үлкен жетістігі деп айтуға болады.

Әлемге есік ашқан егемен ел

Қазақстан Семей полигонын жапқаннан кейін, көп ұзамай ядролық қарудан да өз еркімен бас тартып, бүкіл әлемге үлгі болды. Яғни Семей атом сынақ алаңын жабу, ядролық қарудан бас тарту тәуелсіз Қазақстанның әлемге оң қырынан танылуына үлкен мүмкіндік берді. Біріншіден, Қазақстан кеңестік әскери машинадан мұраға қалған әлемдегі ең ірі ядролық қару-жарақ арсеналдардан өз еркімен бас тартты. Ел ішінде ядролық қаруды сақтауды жақтаушылар болғанына қарамастан, халық­аралық қауіпсіздікті нығайту үшін бұрын-соңды болмаған қадам жасалды. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет болды. Екіншіден, Семей ядролық полигонының жабылуы әлемдегі басқа да ядролық полигондардың жабылуына бастама болды. Қалған төртеуі – Ресейдегі Новая Земля, Муруроа атолласы (Франция), Қытайдағы Лобнор көлінің маңы және АҚШ-тың Невада штатына – аталған мемлекеттер тарапынан мораторий жарияланған. Үшіншіден, Қазақстандағы қалған ядролық қондырғылар мен ядролық материалдардың қауіпсіздік режимі қамтамасыз етілді, содан кейін атомды бейбіт мақсатта пайдалану мүмкіндігі қайтадан қалпына келтірілді.

Демек, ядролық қарусыз әлем  құру – әлемдік дамудың қажеті. Қазіргідей дамыған дәуірде жаппай қырып-жою қаруы мемлекет қауіпсіздігінің бірден-бір кепілі емес. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің ядролық қарусыз мемлекет құру бастамасы алқауға, қолдауға татитын тамаша таңдау деп айтуға болады.

Қауіп те жоқ емес…

Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыз әлем құруды қуаттағанымен, әлем адамзатқа апат әкелетін алапат қарудан әлі күнге дейін толық бас тарта алмай келеді. БҰҰ мәліметінше, бүгінде ядролық қаруға ие 10 мемлекетте 15 мың ядролық қару сақталуда, оның жүзден астамы санаулы минуттардың ішінде іске қосыла алады. АҚШ, Ресей бастаған елдері ядролық оқ тұмсықтарының санын азайтқанымен, әлі де көп мөлшерін сақтап отыр. Халықаралық қатынастардағы қақтығыс әлеуетінің артуына және қаржы-экономикалық қайшылықтардың күшеюіне байланысты ахуал шиеленісіп кетті. Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламадан толық бас тартпауы, «Ядролық қаруларды кеңейтпеу туралы шарттың» да тығырыққа тірелуі, кейбір елдердің атом қаруымен төңірегіне сес көрсетуі, ішінара елдердің ядролық қаруға ие болу жағындағы талпынысының күшеюі әлемдегі ядролық қауіпсіздік мәселесін айтарлықтай күрделестіріп тұр.

Украина соғысы да ядролық қарудан өз еркімен бас тарту қадамының дұрыс-бұрыстығына болған күдікті де күшейтті. Өйткені Украина да Қазақстан сияқты атом қаруынан өз еркімен бас тарып, Будапешт келісімін жасасып, алпауыт елдерден «саған жау тисе, біз қорған боламыз» деген ант алған ел еді. Бүгінде украиналықтар сол уәде берген елдің өзімен соғысуға мәжбүр болып отыр. Оның үстіне, Ресейдің «ядролық қару қолданам» деп тұтас әлемге сес көрсетуі де әлем халқының ядролық қарусыз әлем құру сеніміне де селкеу түсірді.

Дейтұрғанмен, әлемде жүйелі тәртіп орнатып, адамзатқа апат әкелетін жойқын қарудан бас тарту және оның таралуының алдын алу адамзаттың басты міндеті болып қала бермек. Өйткені бейбіт мақсатта пайдаланса, адамзатқа бақыт, байлық әкелетін, қару ретінде қолданса, қасіретте батыратын екі жүзді қанжар секілді бұл мәселені қашанда әлемнің тыныштығы мен бейбіт дамуы үшін пайдаланғаннан тиімді жол жоқ. Ерте ме, кеш пе, адамзат әлемі осы қадамынан басқа таңдау жоқ екенін де жете түсінеді. Былайша айтқанда, әлем атомға емес, түсіністікке, мейірімге зәру. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ядросыз әлем құру бастамасы бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де үлгі тұтар игілікті қадам деп айтуымызға әбден болады. Егемен елдің батыл бастамасы баянды болғай!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button