Uncategorized

Аты-жөнімізді дұрыс жазайық

Әр адамның аты-жөнінің дұрыс жазылуы да жай ғана сауаттылық деп ойлаймыз. Алайда есіміңді қазақша дұрыс жазу – ана тіліңе, өз елің мен жеріңе деген құрмет.

Кейбір адамдар бала туған соң перзентханада есімін қояды. Сол кезде алғашқы толтырылатын қағазға өз баласының аты-жөнін қазақшалап, қатесіз жазып беруге назар аудара бермейтіні рас. Соның кесірінен Гүлім – Гулим, Әлібек – Алибек, Сансызбай – Сансизбай, Әділет – Адлет болып жазылып кетеді. Әрине, бұл іске баланың есімін жаздырған анасы немесе әкесі кінәлі. Кейінірек ол қатені түзету оңай. Оны да қиындатып жүретін адамдардың өзі.

Сабақ үстінде кейбір мұғалімдер оқушылардың аты-жөнін орысша хабарлап: «Бектемиров, Ескендиров» деп шақырады. Себебі сол балалардың туу туралы куәлігінде аты-жөні солай жазылған. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Меніңше, адамның аты-жөні таза қазақ тілінде жазылып, аталуы қажет. Тақтаға оқушыны шақырғанда Естемиров Султан деп хабарлайды. «Неге бұлай?» деп сұрасаң, туу туралы куәлігінде солай жазылып тұр дейді. Бұған не дейміз?

Қазақта адамның аты-жөні бірінші айтылады. Мысалы, Сұлтан Естеміров деп шақыруы керек. Ал орысшада Иванов Петр деп фамилиясы бірінші жазылады. Қазір қазақ тілінде аты-жөнімізді осылай қате жазып жүргеніміз ұят. Мысалы, түйіндемені жазғанда да: «Аспандиярова Молдир Кажымуратовна» деп қатеге ұрынамыз. Ал дұрысы «Мөлдір Қажымұратқызы Аспандиярова» болып жазылады. Ұлты қазақ азаматтарға 1996 жылдан бері заң жүзінде тегi мен әкесiнiң атын қазақша жазуға рұқсат етілді. Кез келген жердегі әкімдікке барып, АХАЖ бөліміне өтініш беріп, Молдир, Гулим деген есімдерді Мөлдір, Гүлім деп өзгертуге болады. Ұлттың сауатты болуы әр адамның есімін дұрыс жазуынан басталады. Бұл жерде ең бастысы ниет керек.

Өткенде бір жиында қазақтың қызы өзінің «Қожықова» деген тегін «Кожикова» деп неге жазбадың деп шу шығарды. Сөйтсек, орысша сөйлеу сәнге айналған заманда өз аты-жөнін қазақ әрпімен айтуға арланатын адамдар да бар сияқты. Өкінішке қарай, бұл – қоғамдық дерт, санамыздағы ауру. Бала күнінен шұрайлы, бай ана тілімен сусындап өспеген, мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін түсінбеген жандар осындай әрекетке барады. Қазақ есімдері – халқымыздың ұлттық коды, төлқұжаты. Оны бұрмалап, төл болмысынан алшақтатсақ, ұлттық қасиетінен айырылады. Менің ойымша, ұлттық есімдер де мәдени бір мұрамыз ретінде қорғалуы қажет. Үкімет құжаттағы адам есімінің дұрыс жазылуына айрықша назар аударатын уақыт келді. Құлдық психологиядан арылып, өз елімізге, ұлтымыз­ға деген сүйіспеншілігімізді, патриоттық сезімімізді есімді дұрыс жазу арқылы да көрсетуге, өзгелерге үлгі етуге болады.

 Гүлназ РАХМАТІЛДӘ,

Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button