Басты ақпарат

Атыңнан айналайын, Қарқаралы

Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы және «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының бірлесе ұйымдастыруымен, Қарқаралы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған пресс-туры өтеді дегеннен Қарағанды облысының бір қаласы – Қарқаралыға асығыс жолға шығып едік.

[smartslider3 slider=3536]

Нұр-Сұлтан мен Қарқаралы арасы жақын емес. Еліміздің бас шаһарынан 200 шақырымда жатқан Қарағандыдан басып өтіп, тағы да екі жүз шақырымды артқа тастап, Қарқаралы тауының шетіне жетіп, ентігіңізді басасыз. Осы күндері Қарқаралының тауы гүлдеп болып, Шортанбайша айтқанда, «жерге біткен тау пиязы» пісіп, қозықұйрығы да жетіліп, табиғатының толысқан кезі екен. Сарыарқаның шығысындағы тамаша тауларының негізінде мұнда 1998 жылы Қарқаралы ұлттық паркі құрылған.

Басынан бұлт кетпейтін таудың ұшар биігінде Шайтанкөлі, үңгірі мен төсі жалтырап жатқан жартасын, қарағайлы әсем табиғатын былай қойғанда, Қарасор көлінің ем балшығы, Жосалының арасан суы, бал татыған қымызы мен балқаймағы ел-жер көрем дегендердің көңіліндегісін табары сөзсіз. Бірақ талпыныс болғанмен, туризмі көшті бастап, таңғалдырмай тұр.

Елордамен арасын жақындататын жолы болмақ, сол жолдың нашарлығы – талайдың сапарын тұсаулаған үлкен кедергі. Бұрындары еліміздің шығысы – Семеймен, мына жағы Балқашпен байланысып жататын күре жолды жүрдек темір жолға айналдырғанда кім біледі, тұралаған туризмге жан бітер ме еді?! Тек барыс-келіс емес, соқыр ішектей сырттап қалған Қарқаралының халқы үшін де екінші тыныс ашылар еді.

Атағы алты алашқа тарап кеткен Қарқаралыны бір күнде түгел аралау мүмкін емес. Алайда алған әсерімізді ортаға салғанда, қазақтың көптеген қалаларына тән ортақ кемшілікті байқаймыз. Ол – жергілікті мекеннің көне тарихпен байланысын әспеттей алмағанымыз, ол – қазақтың ұлы тарихына қосатын салмағын таразылап, өз биігіне көтеру. Өкінішке қарай, жершілдік, рулық деген ұғым сананы тарылта түседі. Әрине, мұның қарқаралықтарға қатысы аз.

Қазақта «Жақсы әкенің атағы жаман баланы қырық жыл сүйрейді» немесе «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» дейді. Бәлкім, мұндай сөз қалаларға қарай айтылмайтын болар. Дегенмен қаланың көрнекі жерлерін аралап жүріп, әр қадам басқан сайын осы сөз ойымнан кетпей қойды. Рас, Қарқаралыға келген қазақ өзінің өткен тарихын аңсап келеді. Қарқаралыға келген адам алдымен Мәдимен мұңдасады, Қасыммен сырласады. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп ежелгі туысындай құшағына еніп, еркелегісі келіп тұрады. Осы бір базары тарқамаған жерден байлығының арқасында алшаң басқан Алшынбайдың, жақсымен құда болған Құнанбайдың, халқына әділ болған Құспек төренің, қыз бен жігіт болып Ұлбикемен айтысқан Күдеріқожаның ізін іздейді. Солардың тарихына тағы бір үңілгіміз келеді. Одан басқа, Қарқаралы дуан болып тұрғанда осы өңірде саудасын жасап, қазақтың алдына шыққан татар көпестердің жинаған байлығын көргіміз келеді. Әдеттегідей, өлкетану мұражайы бұл тарихтың үстінен желдіртіп қана шығады. Осындайда елді елге таныстырудың басқа формасы жоқ па деп ойлайсың. Өткенінің жақсы аты әрі дүркіреп тұр. Оны одан әрі аспандатып әкететін амал керек.

Өлкетану музейінде бір өзіне бүтін бір залды арнаған осы жердің ұланы Тоқтар Әубәкіровтің өмір дерегіне қанып тұрып қарнымыз ашқанын несіне жасырайық. Қарқаралының жолын неге жақсартып, елдің сауабын алмаған-ай деген ой келді.

Бұл таудың да етегі ен тоғай демекші, жаздағы демалыста оқушыларға арналған лагерлер баршылық. Елордада үйге сыймай отырған оқушыларды Қарқаралыға апарудың амалын таппаған бас қаламыздың туризм саласы қызметкерлері немен айналысып жүргенін кім білсін?!

Айтатыны жоқ, Арқаға тән мәдениеттің нысаны сайрап жатыр. Адамдармен сөйлескенде де осы бір қасиетті топырақтың өркениетінен хабар беріп тұрғандай. Қарқаралының бергі тарихына салсақ, Қарқаралы сыртқы округі (Қарқаралы дуаны) болған 1824 жылдан бастасақ, екі жылдан соң екі ғасыр толады екен. Бұл да қаланың өткен жолы. Сол кезден қалған ғимараттар қаланың сәнін келтіріп тұр. Кеңес кезіндегі көркем безендірілген үйлердің қасбеті бүгінде тарихқа айналғандай. Қаланың ендігі бір кереметі келісті ескерткіштері болар. Қалаға кіреберістегі Қарқабат анаға, тау-тасты аралап келе жатқан Мәдиге, бала Абайды нағашы жұртына алып келген Құнанбай ескерткіші, жолдың айырығында сұхбаттасып отырған үш арысқа қойған мүсіндерден мін таппайсың. Астанамыздағы олпы-солпы жасалған ескерткіштер еске түсіп, ұяласың.

Геральдика орталығының, осындай сапарларға бастамашы болып жүрген «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының белсене кірісіп, осы елдің, жердің насихатшысы болып, еліміздің келбетін көркейтер белгілерді тас бедерінен, тарих үйінділерінің астынан іздейік дегені де көңілге қонады.

Отарлық сананың тар құрсауынан асып, тарихымыздың екі ғасырдың ширегінен емес, алыс дәуірден таратып, сол жерде жаратылғанымызға қайта сүйінбеске. Үйілген тастар қатар-қатар жатқан (бәлкім, астында «алтын адамы» бар болар) ескі қорымдарды зерттеп, ғылыми айналымға қосып, өткенді кім жаңғыртады? Көне сақ, ғұн тайпаларының белгісі де осында.

Жол бастап апарған Геральдикалық зерттеу­лер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы: «Бұл экспедицияның мақсаты – Мемлекеттік рә­міз­дер мен ге­ральдикалық бел­гілерді насихаттап, журналис­тер мен ғалымдардың қазақ гераль­дикасының ертеден басталатын арғы-бергі тарихын зерттеу» дейді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button