Әлеумет

АУДАН АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

ERA_5841

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңына Алматы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Ардагерлер кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

Алдымен сөз алған аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Байболов жинал­ған­дарды мерейтоймен құттықтап, ардагерлер кеңесінің тарихына тоқталды. Оның айтуынша, осы он жыл ішінде аудан зейнет­кер­лерінің саны үш есе өсіп, бүгінгі таңда жиырма бес мыңға жетіп отыр. Ауданның ардагерлер бір­лестігі алғашында «Ақсақалдар алқасы» деп аталып, оны бүгінде дүниеден өткен, еңбек ардагері Сайдалы Сүлейменов басқарған. 2004 жылдың мамыр айында Алматы ауданының ардагерлер кеңесі құрылып, алғашқы төрағасы болып Жасқайрат Есеновтің, кейіннен Омар Жақыповтың сайланғанын айта келе, төраға сол кезде ардагерлер кеңесі жұмысының жандануына аудан әкімдігі көп қолдау көр­сет­кенін ерекше атап өтті.

2004 жылы аудандық кеңестің 16 бастауыш ұйымы болса, бүгінгі таңда олардың саны 105-ке жеткен. Әр бас­тауыш ұйымда 600-ден аса зейнеткер бар. Соңғы бес жылдың төңірегінде 60 бастауыш ұйым құрылды.

– Елордамызда зейнеткерлердің женілдікпен жол жүруіне жыл са­йын бюджеттен 974 миллион теңге жұмсалады. Ағымдағы жылы екі жарым мың зейнеткер мен аз қам­тылған отбасы 4,5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек алса, жер үйде тұратындарға көмір алуға 622 мың теңге бөлінді. Астана күніне орай 1300 адам сыйақыға ие болып, төмен зейнетақы алатын 720 зейнеткер мен тұрмысы нашар 55 отбасы азық-түлік   жинақтарымен  қамтылды, – деді С.Байболов.

Одан кейін сөз алған Респуб­ликалық ардагерлер ұйымы ор­талық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Мәскеуде өткен ардагерлер ұйым­дарының кездесуінде қазақ­стандық ардагерлер кеңесінің жұмысына оң баға берілгенін айта келе, бұл мерейтойдың елімізде кең көлемде, ауқымды аталып өтетін ұлық мерекемен тұспа-тұс келуін жақсылыққа жорыды. Сонау сұрапыл соғыс кезіндегі ерліктерімен, бейбіт өмірдегі, тың игеру жылдарындағы жан аямас еңбегімен ерекше құр­метке ие болып жүр. Міне, егде тартса да ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген қарияларға бағалы сыйлықтар тапсырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button