Елорда тынысы

Аудан тұрғындарымен кездесті

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Байқоңыр ­ауданындағы «Өндіріс», «Кирпичный» және «Қазқалашық» елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, осы ­аумақтардағы келелі мәселелермен танысты.

[smartslider3 slider=1871]

«Жұмыс барысында аудандарымыз бен сол аудандарға қарасты елді мекендерімізді тұрақты түрде аралаймыз. Жақында Байқоңыр ауданындағы «Өндіріс», «Кирпичный» және «Қаз­қалашық» елді мекендерінің тұрғындарымен кездестім. Проблемаларды қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Алғашқы екеуі бойынша негізгі сауалдар – жарықтандыру, жолдар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, автобус маршруттарын іске қосу және т. б. Бұл проблемаларды тұрақты түрде шешіп келеміз» деді елорда әкімі.

Алдымен ұзақ мерзімді проблемаларға тоқталған қала әкімі бұған дейін аудан тұрғындары мектеп, балабақша, спорт нысандарын салу, сондай-ақ сумен жабдықтау және т. б. мәселелер бойынша өтініш білдіргенін, өткен 2021 жылдың қыркүйегінде «Өндіріс» елді мекенінде бес қабатты мектептің ашылғанын, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі №23 орта мектеп аумағына салынғанын мәлімдеді.

– Ескі мектепте асхана, акт залы, мұғалімдер бөлмесі, әдістемелік кабинет болмаған еді. Аталған проблемалардың бәрі, сол сияқты тығыздалған режим мәселесі де шешілді. Биыл «Кирпичный» елді мекенінде тағы бір мектеп саламыз. Сондай-ақ жеке инвестор есебінен балабақша құрылысы да басталады. Балабақшаны субсидиялайтын боламыз, осылайша ата-аналарға ауыртпалық түспейді. «Өндіріс» елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, онда қала тұрғындары спортпен тегін айналысып, түрлі үйірмелерге қатыса алады» деді А.Көлгінов.

Сондай-ақ аудан аумағын сумен жабдықтау, газдандыру, аулаларды абаттандыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, былтыр ­сорғы-сүзгі стансасының (ССС) құрылысы басталса, 3-ССС жұмысының бірінші кезеңі биыл күзде қолға алынады. Осы жұмыстар 2023 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Сорғы-сүзу стансасы қаланың алдағы уақытта құрылыс жұмысы жүретін аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жобаның қуаттылығы – тәулігіне 105 мың текше метр. Бұл – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды стратегиялық нысан» деді әкім.

Газдандыру мәселесі де жүргізіліп жатыр. Бүгінде газ тарату желісі 9 елді мекенге орнатылды. Олар Алматы және Сарыарқа аудандарында орналасқан. Ал Байқоңыр ауданын газдандыру жұмысы 2022 және 2023 жылдарға бөлінген. Биыл «Өндіріс» елді мекені, ал 2023 жылы «Кирпичный», «Қаз­қалашық» елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы басталады.

Соңғы екі жыл ішінде аудан аумағындағы елді мекендерде 160-тан астам көшеге асфальт төселіп, аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылғанын айтқан қала әкімі қазірдің өзінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа автобус маршруттары іске қосылғанын, «үйдегі дәрігер» және т. б. бірқатар нысандардың пайдалануға берілгенін және осы жұмыстардың алдағы уақытта жалғаса беретінін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button