Қала мен Сала

Аудандарға қосымша қанша қаржы қажет?

Алматы ауданының әкімдігіне қаланың 2022 жылдың бюджетінен әртүрлі жұмыстарға қосымша 983 млн теңге керек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында аталған ауданның әкімі Нұрбол Нұрсағатов баяндады. Жиында Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа аудандарының басшылары, Активтер және мемлекеттік сатып алу, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармаларының жетекшілері де осы жылға арналған бюджеттік сұраныстарын жариялады. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

[smartslider3 slider=2765]

Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, «Оңтүстік-шығыс», «Железнодорожный», «Промышленный», «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар» тұрғын алаптарында қоқыс контейнерлері алаңдарын реттеуге 100 млн теңге керек. Атап айтқанда, 300 жаңа контейнер орнатылып, ескі 250 контейнер жөнделеді. Ал бір контейнер алаңының бағасы – шамамен алғанда, 285 мың теңге.

– Ауданның көшелері мен алаңдарын мерекелерге сыртқы безендіруге 150 миллион теңге керек. Биыл ауданымызда екі ірі шара өтеді. 28 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтсе, кейін Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Яғни Бейбітшілік және келісім сарайы, «Тәуелсіздік» сарайы, «Отан-ана» монументі айналасы безендіріледі, – деді Н.Нұрсағатов.

Оның айтуынша, сондай-ақ, субұрқақтарды жөндеуге қосымша қаржы қажет. Биыл ауруханалар, мектептер, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандарға тротуарлар салынбақ. Соның ішінде «Оңтүстік-шығыс» тұрғын алабындағы 30 көшеге тротуар салынуы тиіс. Аялдама кешендерін қалпына келтіруге 20 млн теңге керек.

– Бізде санитарлық тазалау мен көгалдандыру бойынша да қаржылық тапшылық бар. Бірақ бұған керек қаржыны бюджетті келесі нақтылауда сұраймыз, – деді Н.Нұрсағатов.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бірқатар ұсыныстарды айта келе, көшелерді жарықтандыруға ерекше көңіл бөлу керектігін тапсырды.

– Қазір ораза кезінде түнгі уақытта көп жүреміз, ауызашарға барамыз. Бірақ жарығы жанбайтын көшелер өте көп. Қошқарбаев даңғылы, Абылай хан даңғылындағы көпір, Жұмабаев көшесі қараңғы болып тұр, – деді Е.Каналимов.

Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов біраз көше Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының балансына берілмегендіктен жарықтандырылмағанын жеткізді. Соның ішінде Ж.Нәжімеденов көшесінің сол жағы, А.Байтұрсынұлы көшесінің «Нұрлы жол» вокзалына қарай жартысы жарықтандырылмаған.

Мәслихат хатшысы мамыр айына қарай аудан бойынша тексеріс жүргізуді тапсырды. Бұл мәселені жеке қарауға дайын екендіктерін айтты.

Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Саматұлы осы жылдың аяғына дейін аталмыш мекеме бюджетінің қажеттілігі 1 млрд 188 млн теңгені құрап отырғанын айтты. Соның ішінде 150 млн теңге санитарлық тазалыққа, 200 млн теңге нөсер кәріздері жұмысына керек.

– Бізде нөсер кәрізі жүйесінің 47 учаскесі негізгі коллекторға қосылмағаны анықталды. Соның 9 учаскесі орталық көшелерде, ал 38-і орамішілік аумақтарда орналасқан. Бұл мәселені осы жылы шешсек, жаңбыр жауған сайын 30-ға дейін ассенизаторлық көлікті тарту қажеттілігі жойылады. Ал бұл жұмыс қыруар қаржыны қажет етіп, бюджетке әжептәуір салмақ түсіреді, – деді Мақсат Саматұлы.

Есіл ауданы әкімдігінің бюджеті 17 млрд 500 млн теңгеден асады. Алайда өткен жылдан аудан тұрғындарының саны 43322 адамға көбейді. Биылғы ақпан айына аудан халқының жалпы саны 341352 адам болды. Көппәтерлі тұрғын үй кешендері де 71-ге, көшелер 16-ға, аулалық аумақтар 76-ға артты. Осыны баяндаған аудан әкімі Асылбек Есенбаев сол себептерден қосымша қажеттілік 4 млрд 987 млн теңгені құрап отырғанын жеткізді.

Сарыарқа ауданы әкімдігіне осы жылы қосымша 499,9 млн теңге керек. Мұны айтқан аталмыш ауданның басшысы Жүсіп Жұмағұлов бұл қаржының басым бөлігі жасыл желекті ағымдағы күтіп ұстауға қажет екенін жеткізді.

Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев осы басқарманың қосымша қажеттігі 4 млрд 490 млн теңгені құрайтынын айтты.

– Соның ішінде 2 миллиард 800 миллион теңге коммуналдық меншікке 100 пәтерді сатып алуға, 1 миллиард 690 миллион теңге Бейбітшілік және келісім сарайын жөндеуге және қажетті жабдықтарды сатып алуға керек, – деді Е.Өтебаев.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев осы басқармаға 3 млрд 300 млн теңге қосымша қажет екенін баяндай келе, бұл қаржының мақсатын тарқатып берді. Ал Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Естеков осы басқарманың қосымша қажеттілігі 2,5 млрд теңгені құрап отырғанын жеткізді.

– Соның ішінде 2 мың бейнекамераны орнатуға 1,8 миллиард теңге қажет. Бастапқыда 1400 камераға өтініш бердік. Бірақ бұл сан қажеттілікті жаппады. Сондықтан сұранысты ұлғайттық. Биылғы 29-30 наурыз күндері қалада қатты дауыл тұрып, 850 камера бұзылып, істен шықты. Осыған байланысты оларды сақтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс тегін емес, оған 6 миллион теңге жұмсау керек. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын толығымен цифрландыруға 49 миллион теңге керек, – деді А.Естеков.

Баяндамаларды тыңдаған мәслихат депутаттары сұрақтарды қойып, ұсыныстарын айтты. Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен өзекті мәселелер бойынша басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button