Қоғам

Ауғаннан келгендер неге алаңдаулы?

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауғанстаннан 35 қандас елге жеткізілгені белгілі. Атамекенге табан тіреген сол қандастардан бір отбасы Ақмола облысының Көкшетау қаласына орналастырылса, қалғандары Атбасар, Бурабай, Сандықтау аудандарына қоныстандырылды. Сол кезде Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова «Ауғанстаннан көшірілген азаматтар түгелдей жұмыспен қамтылады. Балаларын жастарына қарай мектепке, балабақшаға орналастырамыз. Отбасының әрбір мүшесіне 204 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсету көзделген. 1 жылға дейін баспана жалдау, коммуналдық төлем үшін де 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай қолдау қарастырылған» деп мәлімдеген еді. Биліктің бұл қадамына біз де қуанып, «бәрекелді» айтқан едік.

[smartslider3 slider=1266]

Соңғы күндері Ақмола облысы Бурабай ауданы Ұрымқай ауылдық округіне қарайтын Кіндікқарағай ауылына қоныс­танған бір отбасының жағдайы нашар деген ақпарат тарады. Журналистерден сырт, тарихшы, ғалым ағамыз Жамбыл Артықбаев та өзінің Facebook-тегі парақшасында Кіндікқарағайдағы Ауғаннан келген отбасының халі тым шіркін-ай еместігін жазып, олардың ішер ас, киер киімнен тарығып отырғанын жеткізді. Бұл жағдайдан хабар тапқан астанадағы бір топ азамат өз еркімен ұйымдасып, азырақ қаржы жинап, Кіндікқарағайға келген отбасына ұн, май, күріш, ет, көкөніс сияқты азық-түлік апарып, ахуалын біліп қайтты. Ақшалай да көмек көрсетті.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдары большевиктік биліктің репрессиясы кезінде Иран асып кетіп, Ауғанстан айналып, атажұртқа оралған бұл отбасыда 8 жан бар. Іштерінде 80-нен асқан әжелері және алды 20-ға жетсе, арты 9-дан енді асқан бес бала бар. Парсыша білім алған, ауызекі тілдері де қазақшадан гөрі өзбекшеге жақын. Балалары өзбек, тәжік, хазар, парсы тілдеріне жетік. Мекеме басшылары басында үйіп-төгіп уәде бергенмен, соның көбі орындалмаған. «Үкімет қаржылай көмек көрсетеміз деген еді, әзір тиген жоқ. Қазір біреудің үйінде отырмыз. Ауылда істейік десек, жұмыс жоқ. Аш қалуға айналғанда ауыл тұрғындары көмектесті» дейді отағасы Пайзолла Жұмақанұлы.

Айтып-айтпай не керек, өзі шағын ауылда жұмыс болуы да мүмкін емес. Ауылдағы жалғыз мектеп те жабылудың алдында тұр, бар-жоғы 20 бала оқиды. Демек, біздің билік Пайзолла отбасын бұл ауылға бастысы бес баласы үшін, яғни мектепті жаптырмау үшін апарғаны белгілі болды. Жұмысқа жарайтын отағасы мен ұлдың үлкені Үміт (18 жаста) те жұмыссыз. Құжаттары бітпеген соң, мемлекет тарапынан көмек те берілмеген. Қара жұмыс болса да табылатын қалаға көшіп кетейін десе азаматтығы жоқ, не босқын мәртебесі де берілмеген. Оның үстіне, құжаты жоқ адамды ­Қазақстанда ешбір орын жұмысқа алмайтыны тағы бар. Былайша айтқанда, Үкіметтің келісімінсіз бұл отбасы ешқайда кете алмайды. Жамбыл Артықбаев ағамыз осы отбасының екі баласына Бурабай ауданынан жұмыс тауып беріп, бір жағынан оқып, бір жағынан ақша тауып жандарын бақсын дегенде, Кіндікқарағайдағы мектептің қоярда-қоймай шақырып кетуінің себебі де осында болса керек.

Біздің байқағанымыз, Ауғаннан келген ағайындардың отыр­ған үйлері де суық. Көмірлері де мардымсыз. Отқа көмір жағуды да жақсы білмейді. «Біз тұрған жерде қар жаумайды, қара қыс болатын, тым суық емес еді. Мына жердің қары өте қалың екен. Күні де суық» дейді балалар.

Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ екенін дәлелдеу керек. Әрине, біздің билік олардың қазақ екенін тіліне, түріне, тым құрыса руына қарап дәлелдемейді. Тек «мынау қазақ» деген құжат немесе бір жапырақ анықтама болғанда ғана қазақ екеніңе сенеді. Демек, Ауған қазақтары өзінің қазақ екенін дәлелдей алмаса, оларға азаматтық берілмейді. Өйткені заңда солай жазылған. Екінші тұрғыдан алғанда, өзі соғыстан көз ашпай, билік алмасып жатқан Ауғанстанда «мынау қазақ еді» деп кім анықтама береді? Демек, арнайы пәрмен болмаса, Ауғаннан алдырған ағайындардың азаматтық алып, ел қатарына ертерек қосылуы қиын. Тым құрыса, оларға босқын мәртебесін беріп, жан бағып, бала-шағасын асырауына жағдай жасау керек еді. Ол құжаттың да әзірге ауылы алыс секілді.

Жамбыл Артықбаев ағамыз Facebook-тегі жазбасында «Мемлекет тарапынан босқындарға, оралмандарға арналған бейімделу орталықтары неге жұмыс істемейді? Біз осы күнге дейін әлемдегі өз қандастарын қабылдап жатқан екі-үш елдің біріміз деп мақтанып келдік. Шын мәнінде бәрі стихиялық түрде, елдің қайырымдылығы, оралманның (бұл кісі қандас терминін қолданғысы келмейді) көнбістігі арқасында атқарылып жатыр. Оралман, әсіресе босқын қазақтар кемі бір жыл мемлекет қамқорлығында, яғни бейімделу орталықтарында болуы керек. Тілді, жазуды, заңды үйрету, денсаулықтарын бақылау осы орталықтарда іске асырылуы қажет қой. Мемлекет тарапынан оралманды, босқындарды қолдауға бөлінетін ақшаны ресми құжаттар дайын болғанша бермейміз деп сіресіп отыру – ол да қылмыс» депті. Бұл пікірмен біз де келісеміз. Айтып-айтпай не керек, сонау Ауғанстаннан арнаулы ұшақ жіберіп көшіріп алып, енді оларды айдаладағы ауылға апарып тастап аш-жалаңаш қалдырғанымыз ұят!

Біздің елдегі ат үстінде жүрген жергілікті азаматтардың бір кемшілігі – жоғарыдан бұйрық бермесе, құлшынып жұмыс істей қоймайды. «Артық қылам деп тыртық қылып, жылы орнымнан айырылып қалмайын» дей ме, әлде қабілеті жетпей ме, өздері біліп, шешім қабылдамайды. Әйтпесе арнаулы ұшақ жіберіп алдырған аз ғана қандасты елге жеткен соң дұрыстап орналастыру қаншалықты қиын?!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button