Жаңалықтар

Аула клубтарында 133 үйірме бар

Елордада 30-ға жуық спорт және шығармашылық аула клубтары бар. Олар тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларының бос уақытын тиімді өткізу. Аула клубтарындағы сабақтар балалар мен жасөспірімдердің белсенді әрі жан-жақты дамуына әсерін тигізеді. Мұнда келгендер жаңа достар тауып, өз қызығушылықтарымен айналысады.

[smartslider3 slider=2795]

Соңғы сегіз жыл ішінде бұл әлеуметтік жоба тұрақты түрде іске асып келеді. Бүгінгі таңда елорданың төрт ауданындағы 29 клубта 3100-ден астам адам тәрбиеленуде. 7-29 жас аралығындағы балалар мен жастар үшін 133 үйірме мен секциялар жұмыс істейді. Оның ішінде спорт секциясы – 76, шығармашылық бағыттағы үйірмелер саны – 57.

– Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 29 аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтары қаланың жас тұрғындары үшін мәдени-спорттық орталық саналады. Себебі осы жоба арқылы балалар мен жастарды бұқаралық спортқа, шығармашылық үйірмелерге, өмірлік қажетті дағдыларға үйреткіміз келеді. Аула клубтары жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаюына, балалардың денсаулығын жақсартуға және олардың өмірлік белсенділігін арттыруға тікелей әсері зор. Сондай-ақ қазақстандық патриотизмді дамытуға ықпал етеді. Аула клубтары демалыс кезінде өте көп сұранысқа ие. Осы ретте балалар мен жасөспірімдердің толыққанды бос уақытын ұйымдастыруға негіз бола алады, – деді «Астана жастары» КММ аула клубтарын дамыту бөлімінің маманы Әсел Болатқызы.

Клубтағы секциялар мен үйірмелерден балалар бірнеше бағытты таңдауға мүмкіндігі бар. Оның ішінде каратэ, бокс, еркін күрес, дзюдо, үстел теннисі, шахмат, дойбы, хореография, музыкалық аспаптарда ойнау, вокал және басқа да үйірмелер жұмыс істейді.

– Елордалық аула клубтарының қатысушылары жыл сайын түрлі жалпықалалық, республикалық және халықаралық жарыс­тарға қатысты. Әсіресе, спорт бағытында жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтқанда, клуб тәрбиеленушілері Болгария, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Италия, Қазақстан қалаларында өткен жарыстың жүлдегерлері атанды, – деп атап өтті «Астана жастары» КММ аула клубтарын дамыту бөлімінің маманы.

Балаңызды тегін үйірмеге немесе секцияға жазу үшін көрсетілген мекенжайға немесе Instagram әлеуметтік желісі арқылы Нұр-Сұлтан қаласы аула клубтары желісінің @ns_aula парақшасына хабарлама жаза алады. Әрі қарай үйірмелерді таңдауға болады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button