Жаңалықтар

Аула клубы – балалар қуанышы

Елордада тағы бір аула клубы ашылды. «Сайран» тұрғын үй кешенінің аумағында орналасқан «Сайран» аула клубының заманауи үлгіде жасанды газонмен және көрермендерге арналған орындармен жабдықталған футбол алаңы бар.

Клубты ашуға Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастамашыл болды. «Сайран» құрылыс компаниясының директоры Талғат Кожахметовтің айтуынша, тұрғын үй кешені аумағында аула клубы мен стадион салу жоспары 2009 жылы болған екен.

– Алаң шағын футбол ойнау­ға арналған. Оның ені 20 метр, ал ұзындығы 40 метрге жетеді. Көрермендерге арналған орынға 200 адам сыяды. Мұнда шағын футбол мен бірге қол добынан да турнирлер өткізуге болады. Спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмесі мен душ кабинасы да бар. Сондай-ақ клубта шахмат, дойбы ойнағысы келгендерге де жағдай жасалған. Балалардың ойыннан құмары қанбай, шапқылап жүретін шағында телефонға үңіліп, үйде жатқаны жанға батады. Бұл орайда жаңа стадион мен аула клубы оларды салауатты өмір салтына баулып, спорт айналысуына мол мүмкіндік сыйлайды, – дейді Т.Кожахметов.

Ашылу салтанаты кезінде балалар доппен түрлі әдіс-тәсілдер көрсетіп, өзара жолдастық кезу өткізді.

– Бұл Сарыарқа ауданындағы бесінші аула клубы. Клуб негізінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға арналған. Олар мұнда тегін жаттыға алады. Білікті жаттықтырушыларды тарту арқылы футбол үйірмесінің де жұмысы жолға қойылады. Сол арқылы аула клубтары арасында шағын футболдан біріншіліктер өткізіп тұрамыз. Жыл басында халық көп қоныстаған Сарыарқа ауданында 2 аула клуб ғана болатын. Жыл соңына дейін олардың санын 13-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр,– дейді «Астана жастары» КММ басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Осылайша Сарыарқа ауданының жеткіншектері мол шаттыққа кенеліп, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button