Қала мен Сала

АУЛА КЛУБЫ – ТӘРБИЕ МЕКЕНІ

2014-12-04 10-43-52

Ата-аналарды баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі жиі мазалайды. Әсіресе, үш айлық жазғы демалыс кезінде. Мұндайда таптырмас шешімнің бірі – аула клубтары. Бүгінде олардың саны 13-ке жеткен. Қала әкімдігіне қарасты «Астана жастары» ұйымы бәріне қызықты бағдарлама дайындаған. Әр клубтың өзіндік бағыты бар, дизайны бірінен-бірі өтеді. Ал, оқушылар қандай іске үйір? Қызығушылықтарын білмек ниетпен елордадағы ең үлкен аула клубы – «Жас қанатқа» жол тарттық.

«Жас қанат» жалықтырмайды

Абылай хан даңғылы 49/3-үйдің төменгі қабатында орналасқан аула клубы жастар мен жеткіншектерді қуана қарсы алады. Орталыққа 5-29 жас аралығындағы тұрғындар келеді. Иә, қате оқымадыңыз. Өйткені мұнда баласымен бірге демалуға әке-шеше де әуес екен. Мәселен, үлкендер кішкентайларымен үстел теннисін ойнайды, шахматта ой жарыстырады. Оған әкімшіліктің еш қарсылығы жоқ. Керісінше, балаға жақындары көбірек көңіл бөлсе, оның қарым-қабілеті де ашыла түседі дейді қызметкерлер.
Жалпы, жасқанаттықтарға йога, бейнелеу өнері, скаутинг, үстел теннисі, техникалық шығармашылық, футбол, шахмат секілді үйірмелер қарастырылған. Біз барған кезде орталықта «Модельдеу» сабағы өтіп жатты. Балалар бар зейінімен сызба-нұсқаларға қарап, танк, кеме, жүк көлігі секілді түрлі техниканың үлгісін жасап отыр екен. Сабақтардан босаған кішкентай техниктер демалыс уақытында үйірмеге аптасына төрт рет келеді. Олар ұсақ бөлшектерді жинап, әскери машиналардың модельдерін құрастырады. «Бұл үйірмеге баланы тоғыз жастан бастап қабылдаймыз. Пайдасы өте мол. Моторикасы дамиды, техникалық білім алады, аналитикалық ойлау қабілеті күшейеді. Сондай-ақ, халықаралық жарыстардан да қалмауға тырысамыз. Мәселен, былтыр Мәскеуде өткен «Танк Олимпі» көпсатылы жарысында үшінші орын алсақ, биыл сәуір айында тағы қатысып, бас жүлдені иеленіп қайттық» дейді «Модельдеу» үйірмесінің жетекшісі Еркін Мажидов.
«Жас қанат» аула клубының әкімшілігі берген мәліметке сәйкес, мұндағы үйірмелерге 200-ге жуық бала қатысады. Қуантарлығы, каникул уақы­тын­да да қызығушылық танытқандар қатары сиремепті.

20141213-_MG_0092

Балаларға бәрі тегін

Ал, «Армандастар» мен «Мирас» аула клубының жетекшісі Азамат Каримовтың айтуынша, бүгінде Астанадағы 13 аула клубындағы үйірмелерге 3 мыңға жуық бала жазылған. «Бұл орталықтар жас елордалықтар үшін көп функционалды мәдени-спорт орталықтарына айналып отыр. Орталықтарда бокс, күрес, каратэ секциялары, хореография, вокал, іс тігу, қолөнер сынды түрлі үйiрмелер жұмыс істейді. Алғашында аула клубтарының жұмысына жатырқай қараған қала тұр­ғындары бүгiнде белсендiлiк танытып, клуб жұмыстарын жақсартуға атсалысып жүр. Сабақтан тыс уақытта балалар мен жасөспiрiмдер сенделiп бос жүрмей, денсаулығына пайдалы iспен шұғылданады. Жасөспiрiмдермен тәжiрибелi мұғалiмдер, психолог мамандар жеке жұмыс iстейді. Тәрбиеленушілер әрдайым клуб әкiмшiлiгi мен оқытушылардың, психолог мамандардың қада­ғалауында. Қауіпсіздік мақ­сатында осы жылы әр орталыққа бейнебақылау камералары да орнатылды. Ең бастысы, балалар бұл қызметтің бәрін тегін пайдаланады» дейді Азамат Каримов.
Мұндағы жеткіншектер ау­дандық және қалалық деңгейдегі мәдени-рухани және спорттық шараларға белсене атсалысады. Клубтардың ең үздік топтары республикалық жарыстарға жіберіледі. Жалпы, аула клубтарының жасөспірімдердің бос уақытын тиімді үйлестіруге, оларды салауатты өмір салтына баулуға, шығармашылығын дамытуға зор ықпал етіп отыр­ған үлкен тәрбие мектебіне айналғаны қуантады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button