Қала мен Сала

Аулалар абаттандырылады

Биыл Сарыарқа ауданында «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында 23 аула абаттандырылады. Аталмыш жоба елордада алғаш рет 2019 жылы іске қосылған болатын. Ол Сарыарқа ауданынан бастау алды. Кейін Алматы және Есіл аудандары қосылып, былтыр­дан бері аталған жоба елордамыздың барлық ауданында жүзеге асырылды.

[smartslider3 slider=1899]

Жоба шарты бойынша тұрғындар өздері тұратын үйдің ауласы қандай болатынын өздері шешеді. Ол үшін кез келген азамат аудан әкімдігінің ресми сайтына аулаларды жөндеу, көшелерді көгалдандыру және жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы мен бордюрлерді ауыстыру қажеттігі жөнінде өз өтінімдерін тапсырып, жобаға қатыса алады.

Ұсыныс түскеннен кейін жергілікті атқарушы органның мамандары сараптама жүргізеді. Егер жаңа ойын алаңының қажеттігі расталса, бастама іске қосылып, оны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаражат бөлінеді.

Былтыр «Халықтың бюджетке қатысу» жобасы аясында аудан аумағындағы 10 аула абаттандырылды. Осылайша Сарыарқа даңғылындағы 3-үйдің, С.Сейфуллин көшесіндегі 13/1 үйдің, Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі 21-үйдің, №187 көшедегі 3-үйдің маңындағы балалар ойын алаңдары жаңартылды. Сонымен бірге Абай даңғылындағы 3, 5, 9-үйлер мен Жеңіс даңғылындағы 31-үй, Н.Тілендиев көшесіндегі 46, 48, 50-үйлер мен Желтоқсан көшесіндегі 2-үйдің ауласы тұрғындар өтініші бойынша абаттандырылды.

– Ағымдағы жылы абаттандыру бойынша бюджет кеңейтілді. Былтыр аудан аумағындағы 10 аулада орналасқан спорттық-жаттығу алаңдары, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, балалардың ойын алаңдары жаңарып, көшелер көріктенді. Жоба аясында биыл 23 аула абаттандырылады. Сондай-ақ аудан аумағындағы көшелердің, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен бордюрлерді жөндеу және жарықтандыру жұмыстары іске асырылады, – деді Сарыарқа ауданы абаттандыру бөлімінің басшысы Айдос Мұратбекұлы.

Қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін ауласының қазіргі заман талабына сай болғаны маңызды. Бұл ретте халықтың бюджетке қатысуы көптеген түйткілді мәселелердің түйінін шешуге мұрындық болып отырғаны анық. Аталған жоба қазірдің өзінде әлемнің 2000-нан астам қаласында қолданылып келеді екен.

Төртінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан жобаларға өтінімді қабылдау алдағы ақпан айының 10-ында басталып, наурыздың 10-ына дейін жалғасады. Тұрғындардан келіп түскен өтінімдерге немесе жобаларға техникалық байқау және талдау жүргізу 15 күнтізбелік күні ішінде, нақтырақ айтсақ, 11-25 наурыз аралығында жүзеге асырылады.

Жобаға дауыс беру және оның нәтижелері аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.

 Байқау туралы толық ақпаратты мына сілтемеден ала аласыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button