Қала мен СалаҚоғамҚұқық

Аулаңыз қауіпсіз бе?

KBB_8818

Сарыарқа аудандық әкімдігінде өткен жиында жергілікті полиция қызметінің алты айда атқарған жұмысы қорытындыланып, Төтенше жағдайлар басқармасының көп қабатты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігінің алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге байланысты мәселелер жан-жақты қаралды.

 Қылмыстық оқиғалар қысқарды

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Риза Акчурин төрағалық еткен жиынға Пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері түгел қатысты. Алдымен сөз кезегін алған Сарыарқа аудандық Жергілікті полиция қызметінің бастығы Азамат Садықов жарты жылда қол жеткізген жетістіктерін тізбелеп шықты. Одан соң орын алып отырған мәселелерге де жеке тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері 752 ұсақ бұзақылық есепке алынса, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген немесе спиртті ішімдіктер ішуге байланысты 2931 адамға айыппұл салыныпты. Қала тұрғындарының түнгі тыныштығын бұзуға байланысты 1269 оқиға тіркелген. Аудан көлемінде құқықтық тәртіпті қадағалауға қоғамдық ұйымдар да көмектеседі екен. Мәселен, жастардан құрылған арнайы жасақ оқу орындарында, жатақханаларда, студенттер арасындағы тәртіпті ғана қадағалап қоймай, қылмыстың алдын алу бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге де қол ұшын береді. Ал мектептегі жас инспекторлар ұйымы оқушылар арасында құқықтық-танымдық, патриоттық бағыттағы жұмыстарды өрге бастыруға көп септігін тигізеді. Осындай қоғамдық көмекші құрылымдар арқасында дер кезінде анықталып жатқан әкімшілік құқық бұзушылықтар да аз емес екен. «Өз учаскелік инспекторыңды танисың ба?» деген шаралар да жиі ұйымдастырылып, арнайы ақпараттық парақшалар таратылған. Учаскелік инспектордың аты-жөні, байланыс телефондары және басқа ақпараттар жазылған парақшалар көптеген үйлердің бұрышына ілінеді. Бұған қоса, тұрғындармен тығыз байланыс орнату мақсатында бірнеше рет кездесулер өткізілген, ондай жиындарға ПИК-нің өкілдері де тартылған. «Қауіпсіз аула» шарасы аясында көптеген орындарға бейнебақылау қондырғылары орнатылған, соның нәтижесінде қылмыстық оқиғалардың ашылуы жақсара түскен.

  Ойын алаңы – қауіп алаңы

Баяндама соңында ПИК өкілдері нақты сұрақтар қойып, көкейтесті мәселелерді көлденең тартты.

– Біз 187-ші көшеде тұрамыз. Сол жаққа екі үйдің арасына балалардың ойын алаңын салып еді. Сол қазір үлкен қауіптің көзіне айналды. Ойынға қатты берілген балалар жолға шығып кетіп, автокөліктің астына түсетін жағдайлар да орын алды. Осы уақытқа дейін сондай екі оқиға тіркелген. Оны кезінде өздеріңізге мәлімдегенбіз. Бұл 24/2 мен /4 үйдің арасындағы ойын алаңын екі аулаға бөліп орналастыруға болар еді. Соған қатысты арнайы шара қолдансаңыздар екен. Болмаса, балалар көп жиналатын аумақтағы жолға «Байқаңыз, балалар!» деген жол белгісін орнату керек. Кешкі уақытта өздеріңіз келіп қарасаңыздар, ол алаңға балалардың өте көп жиналатынын өз көздеріңізбен көрер едіңіздер. Екінші мәселе, сол аудандағы үйлердің айналасына автокөліктер бей-берекет қойылатыны сондай, кейде оңға да, солға да бұрылатын жер таба алмай қаламыз. Осы жағдайды да арнайы талап қойып, ретке келтірсеңіздер, – деген өтініш білдірді «Достық» Пәтер иелері кооперативінің өкілдері.

ПИК-тер полициядан неге қашады?

Жиынға Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев та қатысқан болатын. Ол жоғарыда айтылған мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Сондай-ақ, ол осы мүмкіндікті пайдаланып, ПИК өкілдерін полиция қызметкерлерімен тығыз байланыста болуға шақырды. Оның айтуынша, көптеген ПИК ауладағы өздеріне белгілі жайларды полицияға мәлімдей бермейді екен. Мәселен, бір ауладағы тұрғын ұзақ уақыт бойы есірткі саудасымен айналысып келген. Оны сол аумақтағылардың бәрі білген, соның ішінде ПИК қызметкерлеріне де белгілі болған. Бірақ ешқайсы полицияға алдын ала хабарламаған. Есірткі сатушыны бір нашақор өлтіріп кеткеннен кейін ғана бұл жайдың бәрі полицияға белгілі болса керек.

– Мысалға бір көршілер мазасыз болады, ерлі-зайыптылар үнемі ұрыс-керіс шығарады. Бірақ соны бірде-бір ПИК бізге мәлімдемейді. Сіздер білесіздер ме, осы алты айда отбасындағы жанжалдың салдарынан 15 кісі өлімі тіркелді. Мұның бәрі және қылмыстық оқиға. Сондай-ақ, алкогольды ішімдікке үйір адамды ауладағы тұрғындар, ПИК өкілдері де таниды. Әйтсе де, соны полицияға айтып жатпайды. Мас күйінде кісі өлтіру оқиғасы да аз тіркеліп жатқан жоқ. Мен ПИК өкілдеріне айтар өтінішім, өздеріңіз қызмет көрсететін аумақта қоғамдық тәртіп жоғары деңгейде сақталу үшін бізбен байланыста болудан қашпаңыздар, – деді Б.Малыбаев.

Бұдан кейін Сарыарқа аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Қуаныш Тоқсарин көп қабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігінің сақталу мәселелерін сөз етті. Оның айтуынша, аудан көлеміндегі бірқатар көп қабатты тұрғын үйде өрт дабылқаққышы, өртке қарсы сумен жабдықтау құралдары орнатылмаған. Тексеру кезінде бірер ПИК-не әкімшілік айыппұл салынғанымен, олар төлеуге асығатын емес. Егер ПИК-тер өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылуына байланысты салынған айыппұлдарды өтемесе, онда құзырлы органдар олардың есепшоттарын жабу сияқты қатаң шараларды қолданады. Мұны басқарма басшысы қатаң ескертті.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button