Әлеумет

Ауыл елдің қазынасына айналса…

Қалың елім, қазағымның ең басты байлығы – малы мен жері. Жер жеке меншікте болса, оны банктерге кепілдікке беріп, тиімді пайдалануға несие аламыз дедік. Міне, содан бері отыз жыл өтіпті. Жердің ырың-жырыңы кейде өршіп, кейде басылып, бітетін түрі жоқ. Себебі банктерге кепілдікке берген жерге шетел азаматтарының ие болу мүмкіндігі жеткілікті.

Бірен-саран ауылда қалған ағайынның малы бар да, жері жоқ, жері бардың малы жоқ. Жері мен малы болса, қаражаты жоқ. Шынын айтсақ, банктерден жерді кепілдікке беріп несие алу – рейдерліктің, жер мен жер үстіндегі жылжымайтын мүлікке айлакерлікпен біреулердің ие болуының бір тәсілі. Бұған бәсекелестікті қосыңыз. Қазіргі бәсекелестердің бар мақсаты – тек өз кәсібін ғана ұлғайту мен дамыту, сондай-ақ мүмкіндік болса бақталасының көзін құрту. Осындай олқылықтар мен кемшіліктердің бір-біріне жалғаса беріп, көбеюін тоқтатпасақ, күні ертең ауылдың да жоқ болуы ғажап емес. Ал малы мен жеріне қоса ауыл жоғалса. Онда ондай елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Менің ойымша, осыны ойлаған Президентіміз былтыр Көкшетауда ашуын жасыр­май-ақ, көзбояушылықты тоқтатыңдар да, латифундистер тегін алған және иесіз жатқан жерді адал ниетті еңбекқор азаматтарға беріңдер деді. Жерді тек қана конкурс арқылы беруді міндеттеген және ешқандай сын көтермейтін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы ауыл кәсіпкерлерінің көңілінен шықпады. Бұл – бір. Екіншіден, жерді ауыл кәсіпкерлеріне конкурспен беретін, ақылға сыймайтын айла-тәсілдің орнына оңай әрі көңілге қонымды, берушілер мен алушыларға бірдей тиімді жерге ие болудың жаңа ережелерін бекіту керек.
Осы орайда ауыл тұрғындарына және ауылға көшіп барушыларға олардың жеке қосалқы шаруашылығына 0,25 гектардан бастап 1,0 гектарға дейін жер беруді; орта мектеп мен кәсіби колледж оқушыларын оқу-өндіріс бригадалары және жоғары оқу орындарында студенттер отрядтары арқылы жасөспірімдер мен жастарымызды өнімді еңбек етуге мотивациялауды; ауылдарымыз­дың бәрінде адамдардың өмір сүру сапасын қала тұрғындарының тұрмыс жағдайы деңгейіне жеткізуді және алдағы уақытта қабылданатын заңдар, мемлекеттік бағдарламалар мен ұсыныстарды қабылдауда оны дайындағандардың жауапкершілігін арттырып және белгіленген нәтижеге қол жеткізуге міндетті шенеуніктерді атап айтуды ұсынамын.
Бір қарағанда, осы ұсыныстардың бәрі таңғажайып, қол жетпейтін қиял-арман болып көрінуі ғажап емес. Ал шынына келсек, тарихтың өткен кезеңдерін сараптап, өркениетті елдерінің бүгінгі тіршілігіне тоқтасақ, жоғарыда көрсетілген индикативті межеге жету соншалықты қиын болмайтыны анық.
Тағы бір қосарым, байқасақ ауылдағы кейбір жұртшылық жұмыс істемек түгіл, өз сиырлары мен биелерін де саумайды, аулалары қурайдың астында қалған. Ауыр еңбекке құлықсыз. Бұл – ащы да болса шындық. Ал еңбектен қашпайтындар күн сайын қаладан ауыл дүкендеріне сүт, жұмыртқа, тауық етін, картоп, жуа тасып жатады. Әйтеуір күнкөріс үшін аздаған өнімін аздаған ақшаға өткізуге мүдделі болады. Ал қаладағы үйлері мен пәтерлерінің қызығын көргендер ауылға айдасаң да бармайды.
Міне, осындай жағдайға байланысты жастарды еңбек етуге мотивациялап, олардың қатарынан өткен ғасырда бұрын-соңды болмаған, күріш пен тары өсіруде алдына жан салмаған әлемдік рекорд иелері Ыбырай Жақаев мен Шығанақ Берсиев ізбасарларын тәрбиелеу керек. Үйір-үйір жылқы мен отар-отар қой өсіріп, ет пен сүт, қымыз бен құрт-ірімшік, сары май мен қаймақты береке көзіне, кәсіпке айналдыратын жастарды тәрбиелейтін, қанаттандыратын, нақтылы іс-әрекетке бағытталған мемлекеттік бағдарлама дайындап, оның орындалуын қатаң қадағалай білуіміз керек. Сонда ғана ауылды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыра аламыз. Ауылдың тіршілігі қайнаса, мемлекеттің де, ұлттың да қазынасы артып, рухы көтерілер еді. Ол үшін мемлекеттің пәрмені күшті болу керек. Ауылды жерде жұмыс істеймін дегендерге заңдылық негізде қолдау көрсетілгені жөн болады демекпін. Әйтпесе құр сөзден аспай, ауылдың жағдайы құрдымға кете бермек.

Хамза ОСПАНОВ,
экономист, еңбек ардагері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button