Жаңалықтар

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ КЕРЕК

А.Куришбаев,-14.03

Кеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Кездесу барысында отандық аграрлық ғылымның жай-күйі, сондай-ақ оны одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. А.Күрішбаев университеттің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері және жоғары оқу орны базасында халықаралық аграрлық зерттеу университетін құру жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмасының іске асырылуы туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жеткілікті көлемде жер және адам ресурстары бар екеніне қарамастан, елімізде ауыл шаруашылығы саласы тиісті қарқында дамымай отырғанын айтты.

– Біз ауа-райы қолайлы, жауын-шашын қажетті мөлшерде болғанда ғана мол астық жинаймыз. Әрине, ауыл шаруашылығында өнімділік бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артты, бірақ әлі де бұл бағытта белсене жұмыс жүргізу міндеті тұр. Мемлекет осы міндеттің орындалуына едәуір ресурстар бөлуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде сыннан өткен әлемдік технологияларды пайдаланған жөн екенін, оларды Қазақстан жағдайын ескере отырып енгізу қажеттігін айтты.

– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында жұмысты көптеген ғылыми-зерттеу институттарымен бірге «ҚазАгроИнновация» жүргізуде және мемлекет оның жұмыс істеуі үшін жыл сайын айтарлықтай қаражат бөліп келеді. Алайда, осынау зерттеу құрылымдары мен фермерлер арасында тиісті деңгейдегі өзара іс-қимыл жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында А.Күрішбаев аграрлық зерттеу университетін құру тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс, басқару жүйесі мен білім беру үдерісін реформалаудың басталғаны туралы хабарлады. Бұған қоса, шет елдердің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнап, пилоттық халықаралық зерттеу бағдарламалары дайындалды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button