Басты ақпарат

Ауыр атлеттерімізден де айбын қашқаны ма?

Қазақ елінің атын айдай әлемге мейлінше кеңінен танытып келген спорттың екі түрі болса, соның біріншісі бокс, екіншісі ауыр атлетика еді. Былғары қолғап шеберлерінің соңғы жылдары сәтсіздікке көбірек ұшырап жүргені жайында бұдан бұрын жазғанбыз. Оған шаршы алаң шабандоздарының Жакартада өткен Азия ойындарындағы көрсеткіші негізгі себепші болған. Ал зілтеміршілеріміз қараша айының басында Ашхабадта мәреге жеткен әлем чемпионатында өздеріне артылған зор сенімнің үдесінен көріне алмады. Сөйтіп, олар да бұрынғы позициясын жоғалта бастағанын анық байқатты. Мұның түйіні сол, республика штангашылары осының негізінде өздерінің тыйым салынған дәрі-дәрмектерсіз жетістікке жете алмайтындарын расқа шығарған сияқты.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен соңғы Олимпиялық ойындарда Қазақстан қоржынына жүлдені бәрінен көп түсірген осы ауыр атлеттер болған. Олар мұнда 1 алтын (Ниджат Рагимов), 1 күміс (Жазира Жаппарқұл), 4 қола (Фархад Харки, Денис Уланов, Александр Зайчиков, Карина Горичева) медальдарға қол жеткізіп, командалық есепте Қытай, Таиланд, Иран және КХДР тарландарынан кейін бесінші сатыдан орын тепкен. Мұны және соның алдында допингке қатысты жанжал көтерілуіне байланысты Ойыннан тыс қалған таңдаулы атлеттеріміздің қатысуларынсыз жасады. Таяуда бұл медальдар жиынтығына допингтен қолға түскен румын спортшысынан алынған алтыншы медаль тағы келіп қосылды.
Ал өткен жылғы күзде Қытай, Түркия, Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь, Армения, Әзербайжан және Молдова секілді 9 елдің ауыр атлеттері допингпен ұсталды. Осыған орай олардың спортшылары түгел халықаралық жарыстардың бәрінен шеттетілді. Сол тыйымның негізінде республика ауыр атлеттері өз кезегінде 2017 жылғы әлем чемпионаты мен 2018 жылғы Азия ойындарына жіберілмеді. Бірақ түрікмен астанасында бәйге бәсін қыздырған биылғы әлем чемпионатына дейін дисквалификация толық мерзімі аяқталды да, аталған елдердің зілтеміршілері оған түгел қатыса алды.
Сондықтан Ашхабадтағы жаһандық жарыстан көп нәрсе күтілді. Біріншіден, мұның алдында қаһарға ұшыраған мемлекеттердің бәрі әлемдегі ауыр атлетика көшбасылары болғандықтан, олардың жаңа сайысқа қандай дайындықпен келгендерін көруге жұрттың ықыласы ауды. Екіншіден, бұл чемпионат 2020 жылы Токиода жалау желбірететін Олимпиаданың іріктеу циклын бастап беретін еді. Ол түбегейлі жаңарған іріктеу тәсілі бойынша жүргізілді. Егер бұрын олимпиялық жолдама құрамаға орындардың жалпы саны түрінде ғана беріліп келсе, осыдан бастап оны әрбір спортшы өзі жеңіп алуға тиісті болды. Үшіншіден, салмақ дәрежелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, енді ерлер де, әйелдер де 10 салмақ категориясы бойынша сайысқа түсіп, солардың 7-і ғана олимпиялық салмақ болып саналды. Демек, Ойындарда осы салмақтар бойынша ғана медальдар сарапқа салынады. Копетдагтың бау­райындағы ақшаңқан қалада осы жаңа ереженің тұсауы кесілді.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына өзінің қазіргі ең күшті дерлік құрамымен аттанды. Таңдаулы команда сапында бұл кездері арқасын емдеп жүрген Жазира Жаппарқұл мен тап біріншілік алдында ескі жарасы сыр берген Илья Ильин ғана болған жоқ. Соған қарамастан, аламан жарыстың алдында республика Ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында біріншілікке баратын құрамның сайысқа сақадай сай, барынша оңтайлы екенін айтып, қалың жанкүйер қауымды сендірді.
Расында команда сапы оншалықты сапасыз емес-тін. Оған алынған 19 атлеттің 5-і соңғы Олимпиадада жеңімпаз және жүлдегер атанғандар болса, бір саңлағымыз Олимпиялық ойындардың алтын медалінен айрылғанымен, әлемнің 3 дүркін чемпионы деген атағын сақтап қалған-ды. Бірақ «үйдегі нарықты базардағы бағаның бұзатыны» шындық екен, Ашхабадта қалайда жоғары орындардан көбірек көрінуді мақсат тұтып барған спортшыларымыз діттеген межеден көріне алған жоқ.
Сөйтіп, чемпионатта 1 күміс, 1 қола медаль алған Қазақстан терме жамағаты 2005 жылдан бері өзі қатысқан жаһандық жарыста бірінші рет алғашқы ондықтың шеңберіне кіре алмай, 13-орынмен шектелді. Осы жерде құраманың бұрынғы чемпионаттардағы жетістіктеріне қысқаша шолу жасап өтсек, 2005 жылы 2 алтын, 2 қола медальмен – бесінші, 2007 жылы 2 күміс медальмен – оныншы, 2009 жылы 4 алтын, 1 қола медальмен екінші орын алғанын айтар едік. Бұдан кейін, 2011 жылы 2 алтын, 2 қола медаль алған атлеттеріміз үшінші орыннан көрінсе, 2013 жылы 1 күміс, 1 қола медальмен алтыншы орынға шықты, ал 2015 жылы 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен үшінші тұғырға тұрақтады. Содан кейін бір чемпионатты жіберіп, бүгінгі күнге келдік.
Ашхабад тұғырында бізге күміс медальды 55 килоға дейінгі салмақта сайысқан Арли Чонтей әперсе, қола медальді 64 килоға дейінгі салмақтағы Надежда Лихачева сыйлады. Алайда екеуі де олимпиялық салмақтар болмай шықты. Былайша айтқанда, 2020 жылы Токиода аталған салмақтар бойынша сайыс өткізілмейді. Демек, олардың мәні аздау. Сондықтан бұларда жүлделі орындар үшін таласқан атлеттер де аз болды. Ал 13 қарсыласының арасында екінші болған Арли қоссайыста алтын медаль алған КХДР спортшысынан 24 кг кем салмақ көтерді. Бұл – жеңіл салмақтағылар үшін тым көп алшақтық. Олимпиялық салмақтар арасынан ең жоғары нәтижеге 5-орынға табан тіреген Зүлфия Чиншанло жетті.
Өкінішке қарай, Риода республикаға медаль алып берген атлеттер арасында бұл жолы биік тұғырдан көрінген ешкім болмады. Айталық, алтын жүлдегер Ниджат Рагимов бар болғаны 8-орынға аяқ арта алды. Бразилияда қола медаль алған Фархад Харки мен Александр Зайчиков – тоғызыншы, Денис Уланов он төртінші белестен бой көрсетті. Әйелдер арасындағы қола жүлдегер Карина Горичева сегізінші орыннан аспады. Бұған қоса, Зайчиков пен Улановтың салмақтары олимпиялық меже емес еді. Сондықтан бұл салмақтарда да бәсеке оншалықты күшті болмады. Ал біздің басты қарсыластарымыз негізгі күшті Олимпиадаға жолдама беретін салмақтарға салып, олардан лицензияға қажетті біраз ұпай жинап қайтты.
Осы ретте алдағы Олимпиадада жаңа ережеге сай, әрбір салмақ дәрежесінде 14 атлеттің медальдар үшін таласатынын айта кетейік. Бұлардың 8 лицензиясы Халықаралық Ауыр атлетика федерациясының 2020 жылғы сәуірдің соңында шығарылатын рейтингісі қорытындысында үздік атанған 8 спортшыға беріледі. Тағы 5 жолдама әр құрлыққа бір-біреуден таратылады. Оларды да әлемдік деңгейдегі жалпы рейтингіде алда тұрғандар иемденеді. Сөз болып отырған әлем чемпионатында тек 4 қазақстандық қана «сегіздік» құрамынан көріне алды. Бұлардың да бірі – жетінші, екіншісі сегізінші орын алып, «шекаралық» аймаққа орналасты. Демек, жағдайлары тым солқылдақ, аумалы-төкпелі болары белгісіз. Осы тұрғыдан келгенде, бізге қарағанда, Қытай, КХДР, Таиланд құрамалары, сондай-ақ өзбек, грузин атлеттері, индонезиялықтар мен колумбиялықтар сенімдірек көрінді.
Бізді алаңдатып отырған бұл да емес. Егер атлеттеріміз мықты болса, алдағы екі жылда аталған олқылықтардың есесін толтырар еді. Бірақ… Ашхабад нәтижесі республика құрамасындағы зілтеміршілердің дайындық деңгейлері шынында біраз төмен екеніне көзімізді жеткізді. Олар әлемнің үздік атлеттерінің деңгейлерін былай қойғанда, өздерінің бұған дейінгі екі-үш жыл бұрынғы көрсеткіштеріне де жете алмады. Мәселен, Фархад Харки (67 кг) бірінші орын алған атлеттен – 24 кг, үшінші орындағы әріптесінен 12 кг қалып қойып, өзінің басты көрсеткішінен 5 кг төмен көтерді. Ал Ниджат Рагимов (73 кг) бірінші орыннан – 23, үшінші орыннан 6 кг жеңіліп, бұрынғы көрсеткішінен 42 кг (!) олқы түсті. Сол сияқты 19-орынға тұрақтаған Айдар Қазов (81 кг) алтын жүлдегерге – 43 кг, қола жүлдегерге 41 кг жол беріп, бұрынғы межесінен 19 кг салмақ аз алды. Бұдан әрі Денис Уланов (89 кг) жүлдегерлерден 20 және 19 кг ұтылып, өзінің өресінен 38 кг қалық шықты. Турнирді 11-орынмен аяқтаған Рүстем Сыбай (96 кг) алдыңғылардан 40 және 15 кг кем түсіп, өзінен 15 килоға кері кетті. Келесі кезектегі Александр Зайчиковтің (102 кг) өз мөлшерінен кемдігі 61 килоға теңесіп, жүлделі орынға табан тірегендерге 36 және 33 кг есе жіберді. Сосын 14-орын алған Ибрагим Берсанов (109 кг) өзіне 34 кг жете алмай, тұғырға көтерілгендерден 47 және 15 кг артта қалды. Ал 109 килодан ауыр салмақтағы Ердос Сайлау 24-орынға табан тіреп, көшбасшылардан 128 және 101 кг салмақ кемшін көрінді.
Әйелдер арасынан Зүлфия Чиншанло (55 кг) өз көрсеткішінен – 19 кг, Карина Горичева (64 кг) – 23 кг, Александра Аборнева (+87 кг) 27 кг кем тартты. Сөйтіп, команда өзінің жауынгерлік қалпынан көп қалық екенін, чемпионатқа нашар әзірлікпен барғанын анық аңғартты. Енді бұған негізгі атлеттеріміздің бір жыл үлкен жарыстардан тыс қалғандарын уәж етіп алға тартқысы келетіндер табылар. Ендеше, оларға айтылар уәж де дайын: мұндай кепті жалғыз Қазақстан құрамасы ғана емес, ҚХР жасағы да, Ресей мен Армения да бастан кешірді. Соған қарамастан, Қытай құрамасы сапында чемпионатқа келген 20 спортшының 19-ы жүлделі орындардан көрінсе, олардың жетеуі әлем чемпионы болып оралды. Демек, бар кілтипан өзіміздің дайындық деңгейінде болып отыр.
Бұдан шығатын қорытынды қандай? Біздіңше, мұның бір ғана жауа­бы бар: Бұған дейін атлеттеріміздің табыстарға тыйым салынған препараттарды пайдалану жолымен жетіп келгендері шындыққа жанасатын сияқты. Олай болса, Халықаралық олимпиялық комитеттің олардан бұған дейін жеңіп алған медальдарын алып қойып, өздерін жарыстарға қатысудан шеттетіп жүргені бекер емес шығар…
Шынымен ауыр атлеттерімізден де айбын қашқаны ма?

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button