Сұхбат

Ауыт МҰҚИБЕК: БАЛАҒА ТЕК АҚЫННЫҢ АҚЫНЫ ҒАНА ЖАЗА АЛАДЫ

Ауыт Мұқибек

– Ауыт аға, «Дарабоз» бай­қауы­на қатысып, ат оздырып отырсыз. Құтты болсын дейміз. Сыршыл ақын Тұманбай Мол­да­ғалиевтың шекпенінен шық­қа­ныңызды білеміз. Ол кісі бір­талай жыл, өмірінің соңғы күн­деріне дейін «Балдырған» журналын басқарды. Сіз сол басылымның қызметкері бола жүріп, одан тәлім алдыңыз. Бала­лар тақырыбына осы кезде кел­ді­ңіз бе, әлде бұдан ертеректе ме?

– Рахмет! Осы Тұмағаның кезінде келдім. Тұмаға мені жұмысқа алған күні «Бұрын қыздарға өлең жазып келдің ғой. Енді бүгіннен бастап сол қыздардың баласына арнап жазасың» деді. Журналдың әрбір қызметкері әр сан сайын бір бет материал беруі керек екен. Жылына он екі номер шығады. Мен өлең жазуға бірден бата алмадым. Сосын «Ұяластар» деген шағын әңгіме жаздым. Жаңа туған ұялас үш күшік жайлы. Туа салғанда үшеуі де сондай сүйкімді, көзін ашпаған, енесін таласа емеді. Бір-біріне тығылып жатып ұйықтайды. Көзін ашып, бауырын көтерген соң, алдымен туғаны тез есейіп, ана екеуіне мінез көрсете бастайды. Араны ашылып, тамақтын көбін жейді. Кеудемсоқтық жасап, жылы жерге жатып алады. Ортаншысын кеудемен соға бастайды. Кішісіне тырнағын тіпті көбірек батырып жібереді. Ал, ана екеуі «ағасының» бұл қылығына қанша құсаланғанымен, «сыйлап», құр іштен тынумен шектеледі. Сөйтіп жүргенде қойға қасқыр шабады. Бірінші болып жеткен үлкенін екі қасқыр екі жаққа керіп әкетеді. Жанын көзіне көрсетеді. Бұтына жіберіп қоя жаздайды. Дәл осы сәтте екі «іні» келіп араласады майданға. «Ағасын» талап жатқан екі көкжалдың дал-дұлын шығарады. Жан таппай қашқан екі қасқырды алты қырдан асырып қуып тастайды. Сондағы қайтқандағы үшеуінің қуанышын көрсең?! Әсіресе, манағы үлкенінің. Екі бауырының мойнына қайта-қайта асылып, бетінен кезек-кезек сүюмен болады арсалаңдап. Содан бастап, озбырлығын қояды, тату-тәтті күндер басталады… Оқып, Тұмаға қатты риза болды. Бірден қол қойып, кезекті нөмерге салғызды. Тіпті, «Балам, әңгімең мені көп ойларға жетеледі, шешімін әдемі шығарғансың. Не қыласың жауластырып, пойдёт! Жаза бер…» деп талайға дейін айтып жүрді.

Келесі айға өлең жаздым. Бірақ, қатты қиналдым. Ескен аға Елубаев екеуміз бір бөлмеде отырдық. Ол кісі шылымды өте көп шегеді, бір сағатта далаға бірнеше мәрте жүгіреді. Бір қызығы, есік жаппай кететін әдеті бар екен шыққанда. Қайта-қайта өзім тұрып жабам. Сол есік әсер етіп:

«Көмектесем анама,
Тербетемін бесікті.
Кіріп-шықсам далаға,
Жауып жүрем есікті.

Кілемдерді қақпасам,
Шаң басады үнемі.
Жазда есікті жаппасам,
Үйге шыбын кіреді.

Босағадан аттасам,
Көрем әппақ даланы.
Қыста есікті жаппасам,
Атам тоңып қалады»

-деп, үш шумақтан тұратын «Есік» деген өлең жаздым… Сөйтіп, ақырындап балалар туралы жаза бастадым.

– Балалар тақы­ры­бы­на шығарма жазатын­дар бұл қиын тақырып дейді. Сіз үшін балалар әдебиетінің ерекшелігі неде? Оларға арнап бірдеңе жазамын деге­ні­ңіз­де нені ескересіз? Тұман­бай ағаның балалар шы­ғар­ма­сына қойған талап­та­рын айта аласыз ба?

– Жалпы өнердің оңайы жоқ. Ал, балалар әдебиетіне келсек, оны тек жазған адам ғана біледі. Үлкендерге арнап, қолына қалам ұстағанның бәрі жазады. Балаға тек ақынның ақыны ғана жаза алады. Бояуын қалыңдатып суреттеуге, ұзақ-сонар түсіндіруге келмейді. Өзің бала болып, күй кешуге тура келеді. Жүрегің, көңілің таза болу керек. Шеберлікті, тапқырлықты бек талап етеді. Сондықтан, оның қиындығы – дәлдігі мен шынайылығында.

Тұманбай аға – қазақ өлеңіне мол олжа салған ақын. Ән сөзін жазудың да асқан шебері. Қара сөзге де қаламы ерен жүйрік болатын, егілдіріп, төгілдіріп жазатын. Ал, ел көзіне көп түспеген қыры – осы балалар әдебиетіндегі орны. Мейірімді, кең адам ғой. Оның үстіне мен баласындай болып кеткен жанмын. Бірақ, балалар өлеңін жазғанда сілікпемді шығаратын. Безіп кеткің келетін бұл тақырыптан. Маған ғана емес, бәрімізге солай. Құл-Керім Елеместің жазғаны өтпей, қомпылдап отырғанын талай көрдім. Баланың көңілін бұзатын, тіліне ауыр дүниені жолатпайтын. Мысалы жылан жайлы жазылған керемет шығармаңды, «кәпірдің түсі суық, балалар осыдан өнеге алмай-ақ қойсыншы» деп, журналға бас­пайтын. Халтураға мүлде жол бермейтін. Соның арқасы болу керек, «Балдырғанның» таралымы қырық мыңға жетіп тұрды.

– Қазірде балалар әдебие­тіне атсалысып жүрген ақын-жазушылардан кім­дер­­дің есімдерін атай аласыз? Жалпы, ХХІ ғасырдағы балалар әдебиетінің даму үрдісіне көңі­лі­ңіз тола ма? Өзіңіз бала кезіңізде кімдердің, қан­дай шы­ғар­ма­ларды оқып өстіңіз?

– Жоғары да айттым ғой, балаға тек ақынның ақыны ғана жаза алады деп. Әдебиетке қызыққан бала ғылымның бар саласына қызығады. Әдебиетті жақсы білген бала, басқа пәндерден қиналмайды. Бұл салаға арыс Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытовтардан бастап ат салысқан. Қазіргі көзі тірі үлкендер – Қастек Баянбай, Сұлтан Қали, Ескен Елубайлар нағыз классиктер. Мұзағаң – балалар әдебиетінің атасы. Одан беріректердің ішінен мен нағыз шебері деп ара-тұра жазып жүрсе де Несіпбек Айтұлы мен Ақтөбеде тұратын ақын Ертай Ашықбаевты атар ем. Ал, менің құрдастарым, іні-қарындастарымның қатарында бұл салаға атбасын бұрғандар, бұрынғылармен салыстырғанда, тым аз. Көбінің жазып жүргені тақпақ. Балаларға жазудың сол баяғы қиындығынан болса керек.

Менің балалық шағым Шығыс Түркістанда өтті. Ол жақта да нағыз балалар ақыны көп болды. Жүнісхан Бақаев, Дутан Сәкеев, Сәли Сәдуақасұлы, Төлеубай Дошық қатарлы. Мен соларды оқып өстім. Мысалы, Ж.Бақаевтың «Жалқаубайдың жауаптары», «Қалақай», Т.Дошықтың «Қағаз қайық», «Кенгурудің баласы», «Езу мен құлақ», Сәлидің «Шыт», Дутанның «Үзеңгі» деген өлеңдерін әлі жатқа білемін…

– «Дарабоз» байқауына жыл сайын қатысатын сияқтысыз. Екі жыл бұрын «Әже әлдиі немесе бүгінгі күннің бесік жыры» атты шығармаңызбен ынталандыру сыйлығына ие бол­ға­­ныңыздан кейін солай пайымдап отырмыз. Бұл шығармадан бөлек «Бәйтерек» атты туындыңыз бар. Қор­жы­ны­ңызда осы сияқты өлең-әңгімелер жиналып қалған шығар. Балаларға арналған шығармаларыңызды топтас­тырып, кітап етіп шығару жоспарыңызда бар ма?

– Балалар әдебиеті үшін, «Дарабоз» байқауының орны бөлек. Жобаны жасап ұсынған – көрнекті балалар жазушысы Шәкен Күмісбаев. Қаржылай демеушісі – «Жер-Су» корпорациясы, оның басшысы Бауыржан Оспанов. Жүлде қоры да жаман емес. Биыл тоғызыншы рет өтті. Мен екі-ақ рет қатыстым. Алғашқы да 600 шығарманың ішінен ынталандыруға ие болсам, биыл 460 автордың арасынан «Алты Алаш» өлеңім үшін бірінші орынды жеңіп алдым.

«Балдырғанда» істеп жүргенде, кейін де жазғандарымды қосып, «Әткеншек» деген кітап дайындап қойдым. Басып шығарам деушілер болса, берем.

– Балаларға базарлық болсын, оларға арналған бір өлеңі­ңіз­ді оқып берсеңіз.

– Негізі маған балалар шығар­машы­лығымен шындап айналысу керек. Қолымнан келеді.

Жақында «Балалар шығарма­шы­лығын қолдау қорын» құрып, Әділет министрлігінен тіркеу куәлігін алдық. Алда Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен сол қор аясында балаларға арнап, бір кемелді интернет сайтын ашқалы жатырмыз. Қаржы болса, менің дайындығым, мүмкіндігім жетеді оған. Он жылдан бері жинаған мол материалым бар. Көркемдік жағын өзім қараймын. Ал, техникалық, заңдық жағына Мақсат Нұрыпбаев деген жігіт жауапты. Ол өзі білікті заңгер, жұрт көзіне түсіп жүрген аса белсенді азамат. «Қазақстан жастарының бірлестігі» деген қоғамдық ұйымның жетекшісі болған. Қазір осы порталға қатысты жұмысты бастап та кетті.

Ал, өз жоспарыма келсем, мұнда келгелі осы көркем Астананы асқақ­тата жырлап бақтым. Өткен жылы баспасөзде «Астана – арман қала» және «Астана – аңыз қала» деген екі сүйекті жыр топтамам шықты. Енді, бұйырса, сол Елордамызды балалар тілімен жан-жақтылы, әдемі етіп бір жырласам деймін. Міне, бастап та қойдым:

АСТАНА

Жайқалып желегі,
Кеңейіп көлемі,
Астанам күн санап,
Көркейіп келеді.
Шабытым тұр тасып,
Жүрмін ән шырқасып.
Ақордам алыстан,
Тұр, әне, нұр шашып.

Кетпейтін мүлде естен,
Менімен бірге өскен,
Бәйтерек тағы бар,
Аспанмен тілдескен.
Бабалар мүсіні,
Тартады кісіні.
Гүлдер де жайқалды,
Әр алуан пішіні…

Баламыз бағы бар,
Жоғымыз табылар,
Бәрінде Нұр атам,
Қолының табы бар.

Сұхбаттасқан
Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button