Білім

АВСТРИЯНЫҢ – БІЛІМІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДІЛІ МЫҚТЫ

максат аманжол2

Редакциямызға Австрияның оқу бағдарламасы бойынша Вена университетінде оқитын астаналық жас Мақсат Аманжолдың хаты келіп түсті. Жерлесіміздің шет елде жүргенде көңіл толғандырған ойлары жастардың білімі мен тәрбиесіне қатысты болғандықтан, бұл хатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қайырлы күн, туған қаламның бас газеті – «Астана ақшамының» ұжымы! Осыдан бір жыл бұрын құжаттарымды Вена университетіне тапсыруды ұйғарған едім. Неміс тілін меңгеруге жұмсалған бір жыл да өте шықты. Өзге елге аяқ басқан сәттен бастап, ондағы барлық құбылыстарға жіті назар аударып, шет қоғам бейнесін бақылап, соның бәрін өз еліңдегі жағдаймен салыстырады екенсің.

Анық түсінгенім: Австрияның – білімі, ал Қазақстанның – менталитеті мықты. Санамызда ес білгелі қалыптасқан «Ұят болмасын!» деген түсінік болса, Венада ондай жоқтың қасы. Табиғи ориентациясын өзгерткендерді жиі көзіміз шалады. Жыл сайын мұнда тақырып ауқымы өзгеріп тұратын «Life ball» өткізіледі. «Евровидениенің» жеңімпазы Кончита Вурстты естіген боларсыздар? Сол бастаған «жындылар» тобы үлкен алаңға жиналып, секіріп билеп, ойларына келгенін жасады. Өте жиіркенішті! Ең сорақысы, бұл оларда қалыпты жағдай саналады екен. Дәріс кезінде оқытушыға осыны психикалық ауруға теңеп, қоғамды емдеу керек дегенімде, «Әр адам жеке өмірін қалай сүремін десе, өз еркі емес пе? Бұл – таңдау құқы» деп, айтқаныма үзілді-кесілді қарсы болды. Бізде де ондайлар жоқ емес шығар. Бірақ онысын барынша жасырып, жария етуден тартынады.

Таңғалдырған екінші нәрсе – қасиетті жұма күні келсе, қала адамға лық толып, қоқыс шашылып, көшелер быт-шыт, астан-кестен болады.  Себебі – аптаның соңғы күндері, жұмыстан шаршап, демалмақшы болған жұрт ішімдік ішіп, аяқтарын баса алмай, тәлтіректеп, көрінген жерде сұлап жатады. Тәртіп сақшылары қайда қарап отыр дерсіз? Жауабы мынау – бұл үрдіс бұқараланып кеткен. Халық жаппай ішіп жүрсе, кімге қой дейсің? Бұзақылық жасайтындардың көбі – мектеп жасындағы оқушылар. Ал, студенттердің бар ойы – оқуда. Өзге дүниелерге көңіл бөлетін уақыт та тапшы. Өйткені…

Өз елімізде университетке апталап бармай қалсаң да, бағдарламаны оңайлықпен қуып жетуге болады. Ал Венада мүмкін емес. Оқу – қиын. Университет кітапханасында 1 миллионнан аса кітап қоры бар. Басым уақытымыз сол кітап кемірумен өтеді.

Айтпақшы, оқытушылар пара дегенді мүлде білмейді. Жемқорлық атымен жоқ. Бірде аудиторияда дәріс оқылып жатқан. Қоңырау соғылғанда, шет елден келген бір студент сыйластық ретінде ме, жоқ әлде бөтен оймен бе, білмеймін, әйтеуір, мұғалімге бір қорап кәмпит ұсынғаны сол еді, ескерту алды. Ақша берсе, тіпті, сотталып кететін еді. Мінезіңе, түр-түсіңе бөлмей, тек қана білімдарлықты талап етеді. «Сабаққа неге келмедің?» деп ұрысып, бағаны төмендетпейді. Оқысаң, өзің үшін оқисың. Тек сессия кезінде емтиханды тапсыруға үш-ақ мүмкіндік беріледі, тиісті балл жинамасаң, оқудан шығарады. Уақыт өткен сайын білімдегі қатаң талаптарға шыдамай, «ұшып кететіндер» көп. Жыл соңында кіл мықтылары ғана қалады. Соны түсінген біз оқуға жанымызды саламыз. Берілетін диплом құны бір жапырақ қағаз ғана емес, түлектің білімі мол дайын маман екендігін білдіреді.

Айтпақшы, Қазақстан оқу жүйесіндегі «Platonus» өте асығыс енгізілгенін айтқым келеді. Ол әлі де үлкен жетілдіруді қажет етеді. Мысалы, жеке кабинетте студенттің бүкіл құжаттары, сабақ кестесі, оған қажет мәліметтің бәрі де болуы тиіс қой. Вена университетінде бір мұғалім «Platonus»-қа кіріп, студенттерге хабарландыру жазса, мәтін бір мезетте бүкіл баланың телефонына келіп түседі.

Мінеки, олар біздің тәрбиеден, біз олардың білімінен үлгі алсақ деймін. Өзім қатарлы жастардың шетелде оқығанын құптаймын. Қазақстанда да ізденушілерге талап күшейсе, біраз кемшілік жөнделер ме еді?..

Дайындаған: Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button