Мәселе

Автоалаяқтарға алданып қалмаңыз!

Елімізде күн сайын әр сала дамып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда. Осы орайда, еліміздің әрбір азаматы тұрмыстық жағдайын жақсартып, заман ағымына ілесуді көздейді. Қазақстандық әрбір тұрғын жаңа автокөлік алып мінгісі келеді. Отбасылық өмірдің қызығына, рахатына пайдаланғанды жөн санайды.

[smartslider3 slider=3168]

 

Әрине, бұл – уақыт талабы. Қазіргі таңда елімізде жеңілдетілген 4 пайыздық несие бойынша автокөлік алу бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асуда. Жеңілдетілген автонесиеге үміткерлердің қарасы өте көп. Белгілі ережеге сәйкес, автонесиеге қол жеткізу алдын ала белгіленген заңдылық тұрғысында болуы шарт. Алайда орта жолдан қосылатын делдалдар пайда бола бастады. Олар автонесиеге қызығушылық танытқандардың алдын орап, көмектесуге, құжаттарды қысқа мерзім ішінде рәсімдеп беруге өз ұсынысын жасайды. Аталмыш бағдарлама басталғалы делдал алаяқтарға алданып қалғандардың да саны аз емес.

Адамнан айла артылған ба? Осы тұрғыда әлгі алаяқтар әртүрлі айла-тәсіл ойластыруда. Олар несие алушылардың көп екеніне көз жеткізіп, арам ниетін жүзеге асыруға белсенді түрде кіріскен сыңайлы. Атап айтқанда, үміткерлердің ұялы телефон нөмірін қолға түсіріп, өзін банк немесе автокөлік салонының қыз­меткері ретінде таныстырады. Сөйтіп жеңілдетілген несие арқылы автөкөлік алушы үміткердің сеніміне кіреді. Осылай біртін-біртін қылмыстық пиғылын жүзеге асырады.

Ең әуелі алаяқтар өз құрбанын моралды-психологиялық тұрғыдан жете зерттейді. Көздеген тұлға оң жамбасқа келетін болса, әңгіме-дүкен жүргізеді. Айрандай ұйытады, әне-міне дегенше жеңіл көліктің кілті қолыңызда тұрғандай сезінесіз. Бұл жағдайда сізге банк өкілі немесе көлік салонынан қоңырау шалғанда көзіңіз жетпей тұрып өзіңіз туралы ешқандай мәліметті бермеңіз. Автосалонның өзіне барып, сол жерде құжат рәсімдеуді өзіңіз атқарғаныңыз дұрыс. Әйтпесе алаяқтар сеніміңізге кіріп, автөкөлікті рәсімдеу құжатын өздері жүргізіп, соңында тақырға отыр­ғызып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан 4 пайыздық жеңілдікпен көлік алушылар өте сақ болуы қажет.

Аталған санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеміз.

 Дәурен ДАЙЫРОВ,

Сарыарқа ауданының прокуроры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button