«Автобус» айыптыны анықтайды

Астана полиция департаменті қаладағы қоғамдық көліктерге «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Автобустарының рейс алдындағы техникалық жағдайы, көлік жүргізушілерінің жұмысқа шықпас бұрын медициналық тексеруден өту тәртібі тексерілді.
Іс-шараның мақсаты – қоғамдық көліктің қауіпсіздігін нығайту, автокөлік жолдарында жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру, сондай-ақ олардың жұмысына бақылауды жақсарту. Іс-шара барысында желіге техникалық ақаулықтарымен жіберілген 7 автобус анықталды, оған жауапты автопарктер ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автобустарды пайдалануда жайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін көліктерде қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарды тасымалдауға арналған жабдықтардың болуы және жұмыс істеп тұрғаны да қаралды. Жүргізушілерге төтенше жағдай кезінде және қауіпсіздікке қатер төнгенде көлікті тоқтатып, «102» арнасы арқылы тәртіп сақшыларына хабарлау керектігі айтылды. Жол жүру ережелерін өрескел бұзу, оның ішінде жолаушылар мен габаритті емес жүктерді тасымалдау, сондай-ақ көлік құралының тиісті санатына жатпайтын жүктерді тасымалдауға қатысты мәселелерге назар аударылды.
Сонымен бірге автобус парктерінің және әкімдіктік құзырлы әкімшілік қызметтерінің басшыларымен қоғамдық және жол қауіпсіздігі бойынша жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Автобустарға қатысты болған жол-көлік оқиғаларының себептері талқыланып, ондай жағдайды енді болдырмау шаралары қабылданды. Жергілікті жерлерде жолаушыларды, соның ішінде заңсыз тасымалдаумен айналысатын таксилерді анықтау үшін, жұртшылық өкілдері, көліктік бақылау инспекциялары және мемлекеттік кірістер органдары арасынан бірлескен мобильді топтар құрылды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібі, сақтығы және жол жүрісі ережелерін сақтауы – көшедегі қауіпсіз қозғалыстың негізі.